Қоғам • 30 Қаңтар, 2024

«Биыл 200-ден аса кітап шығарамыз»

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Сан түрлі баспадан әр жылдары мың түрлі кітап басылып шығады. Оқта-текте өтетін жәрмеңкелерде болмаса, қай жерден қандай кітап шығып жатқанын білмейміз. Осы ретте «Фолиант» баспасынан биылғы жоспары мен өткен жылдың қорытындысын сұрап көрдік.

«Биыл 200-ден аса кітап шығарамыз»

Кітап дүкендеріне жиі бас сұға­тын оқырман бұл баспаны жақсы біледі. Баспа қазақ жазу­шы­ларының таңдаулы шығар­­м­аларын, әлем әдебиетінің озық туын­дыларын қазақ тілінде ұсы­на отырып, оқырмандардың үз­дік шығармаларды ана тілінде оқуы­на үлес қосып келеді. «Фо­лиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова 2023 жыл ұжым үшін табысты болғанын айтады.

«Баспамыздың кітап қор­жы­ны қазақ тіліндегі 150 кітап­пен толықты. Оның 60-қа жуы­ғы – көркем әдебиет, 70-і – бала­лар­ға арналған, 20-сы нон-фикшн жанрындағы кітаптар. Атап өтсек, Айн Рэндтің 3 кітап­тан тұратын «Атлант сілкінді» атты антиутопиялық романын ағылшын тілінен аударып шы­ғардық. Сонымен қатар Марио Пьюзоның «Өкіл әке», неміс ғалымы Роберт Киндлердің «Ста­линдік көшпенділер», Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам», Маргарет Митчеллдің «Жел өтін­дегі тағдырлар», Ремарктың «Салтанат қақпасы» сияқты әлем­ге танымал туындылар қа­зақ тілінде басылып шықты. Бала­ларға базарлық ретінде Баянғали Әлімжановтың «400 тәтті тақпағы» мен Кеңес Ораз­бекұлының «Тұран баһа­дүрле­рі немесе Ер, Би, Нардың ер­лік жорықтары» атты кітаптары да жас оқырманға ұсынылды», дей­ді бас редактор.

Мұндағы көркем әдебиеттің өзі «Сөз-маржан», «Әлемдік классика», «Үздік шетел әдебиеті», «Үздік бестселлер», «Нобель сый­лығының иегері», «Алтын тамыр», «Шытырман оқиғалар», «Әлемдік детектив шеберлері», «Бүгінгі проза» атты 9 сериямен шығады.

«Ал биылғы жоспарға келсек, осы жылы 200-ден аса кі­тап шығаруды көздеп отырмыз. Әсіресе балалар әдебиетіне үлкен мән беріп отырмыз. Сон­дықтан қазақ балалар жазушылары­ның шығармаларын көптеп шы­ғару мақсатында «Қазақ балалар әдебиеті» атты жаңа серияны қолға алдық. Бұл сериямен С.Бега­лин, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, С.Жү­нісов, Т.Рымжанов сынды жазушылардың шы­ғармаларын жаңа форматта, ерекше дизайнмен шығарамыз. Сондай-ақ жаңа автор Әмір Шың­ғысханның «Заман. Кентаврдың ба­сынан кешкендері» атты фан­тас­­тикалық хикаяты жақында оқыр­манға ұсынылады», деді Ф.Тобашалова.

Сондай-ақ ол былтыр жас жа­зу­шыларды қолдау мақса­тын­да «Бүгінгі проза» атты жаңа серия ашылып, Жадыра Ша­мұ­ратованың «Сандық», Әлішер Рахаттың «Махаббатым – Сon­stant. Параллель» романдары шық­қанын атап өтті. Биыл да осы серия жалғасып, Ұларбек Дәлей, Қанағат Әбілқайыр, Бақытгүл Сәр­мекова, Мира Шүйіншәлие­ва, Қойшыбек Мүбәрак, Есбол Нұрахмет, Аягүл Мантай, Ерболат Әбікен, басқа да жазушылар­дың кітаптары жарық көрмек.

«Қазақ әдебиетінің озық туын­дылары мен қазақ мәде­ниеті туралы кітаптарды басып­ шығаруға арналған тағы бір жаңа жобаны қолға алдық. Жоба аясында ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, танымы, тілі мен ділі жайында ақ­параттық-танымдық кітаптар мен қазақтың төл әдебиетінің проза-поэзиялық туындылары жарық көреді. Өз оқыр­ман­дарымыз бен шетелдіктерге де қазақ халқын «этнос» ретінде таныту мақсатында кітаптарды қазақ, орыс, ағылшын тілінде басып шығаруды жоспарлап отырмыз», дейді бас редактор.

Аталған жоба аясында шыға­тын «Қазақ қазынасы» сериясында қазақтың материалдық және рухани мәдениеті туралы кеңінен баяндайтын Болат Бопайұлы­ның «Қазақ кәдесі», «Киіз үй – ғалам моделі», «Қазақ мінезі» және басқа да құнды кітаптар басылып шығады. Белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбектің бірнеше кітабы, қазақ классик жазушыларының шығармаларын ағылшын тілінде шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар белгілі қа­лам­герлердің мерейтойы да елеу­сіз қалмайды. Биыл Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл, Сәбит Дөнентайұлына 130 жыл толады. Осыған орай бас­па­дан Ж.Аймауытұлының «Қарт­қожа», С.Дөнентайұлының «Көр­кемтай» шығармаларын басылып шықпақ.

Айта кетейік, «Фолиант» ­бас­­пасы жылда елорда төрінде «Eurasian Book Fair» Еуразия­лық халықаралық кітап көрме-жәр­меңкесін ұйымдастырады. Көрме алыс-жақын шетелдерден – Түркия, Қытай, Ресей, басқа да елдер мен отандық баспаларды және кітап дүкендерін бір алаң­ға біріктіруді, елдегі баспа ісі индустриясын дамытуды көздейді. Аталған көрме биыл 17-21 сәуір аралығында 6-рет өткелі отыр.