Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ал әскерде қызмет ету – абырой. Әскер – батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшеміне айналған осындай рухы мықты әскер ғана еліміздегі тұрақтылықтың кепіліне айнала алады. Өйткені тәуелсіздіктің түпқазығы – қуатты армия.
Бұл туралы Мемлекет басшысы да үнемі айтып келеді. Қарулы күштер өкілдерімен кездесуінде ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек екенін ерекше атап өтіп: «Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни дамыған ел боламыз десек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс», деді.
600 әскери қызметкер декретте отыр
Әскери өмірге деген жұрттың көзқарасына байланысты жүргізілген кейінгі зерттеулердің басым көпшілігі әскери саланы әдемі етіп бейнелемейді. Сол себепті Қазақстан армиясының әлеуеті мен әскерилердің бойындағы отаншылдық рухқа қатысты көңілді күпті ететін сәттер көп. Шындығы сол, бүгінгі әскердің сипаты жігіттер құлшынып баратындай деңгейге жете алған жоқ. Ал осы салаға өмірін арнағандардың өзі Отанды қорғаудың емес, отбасының қамын жасаудың қарекетіне көбірек көңіл аударатын күнге жетті. Әскер – қоғамның кішігірім моделі болғандықтан, әскери саладағы кез келген келеңсіздік жалпы қоғамнан енетінін ұмытуға әсте болмайды. Әлгінде айтқандай, қоғамның ауруына айналған жемқорлық та, мемлекет беретін әлеуметтік мүмкіндікті иеленіп қалудың түрлі жолы армиямызға да келеді. Себебі әскер мәселесін қоғамнан ажырату мүмкін емес. Бұл да сол, мемлекет беретін тегін үй мен жәрдемақыға қол жеткізу үшін тапқан табысын жекжат-жұраттың атына аударатын жалпы қоғамның бір амал-айласы. Айталық, жақында әскери қызметте жүрген ер адамдардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы қалыпты дүниеге айналып бара жатқаны қоғамда қызу талқыланды. Екі жағдайды алсақ та, заңға қайшы ештеңе бұзылған жоқ.
Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы әскерилердің бала күтіміне байланысты демалысқа шығуында заңға қарсы келетін тұсы жоқ екенін жеткізді. Бұл жердегі басты мәселе экономикалық жағдайға келіп тіреледі. Оның айтуынша, жалақысы сақталып, қосымша төлемақы алатын болса, бұл әскерилердің отбасына және өзіне экономикалық тұрғыдан тиімді. Сондықтан қазіргідей заманда қаржы жағынан қосымша табыс болса, мұндай мүмкіндікті кез келгені пайдалануға асығады. «Бұған жол бермеу үшін заңдағы норманы алып тастау керек. Басқа амалын көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, жалпы армияның беделі әскерилердің отаншылдық рухына байланысты. Егер офицер, сержант немесе келісімшарт бойынша қызмет істейтіндер әскери саланы жән-тәнімен беріліп атқаруға келсе, мұндай мәселе болмас еді. Әскер ол үшін тек экономикалық тұрғыдан әл-ауқатын жақсартудың ғана көзі болса, онда әскери адам жағдайын жақсартудың бар амалын пайдаланады. Өз туысының үйіне тұрып жатып та пәтерақы алуы мүмкін. Отан үшін деген әскерилер мұндай пайдакүнемдікке бара қоймайды. Себебі олар әу баста ел мен жерді қорғауды мақсат тұтқан адал азаматтар деп білемін», дейді әлеуметтанушы.
Қамсыздандыру көзі қайда?
Конституцияға сәйкес елімізді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы және міндеті. Сондай-ақ әскери қызметтің тәртібі мен түрлері белгіленген «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» арнайы заң бар. Заң бойынша қазір әскери қызметтің екі түрі бар: әскерге шақыру және келісімшарт қызметі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанның айтуынша, әскерилердің арасындағы әлгіндегідей мәселенің туындауына себеп көп. Бүгінде комитет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін көтеріп келеді. Өйткені әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруда түйіні тарқатылмаған сұрақ көп. Осылай деген ол: «Әскерилерді әлеуметтік қамсыздандырудағы жүйелі проблемалар 30 жыл ішіндегі салаға енгізген өзгерістердің салдарынан туындады. Қолданыстағы заңды 1993 жылғы заңмен салыстырсаң, арасы жер мен көктей. Бұрын құжат «Әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы туралы» деп аталды. Сол кездегі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері пайдаланған бірқатар артықшылық қазір жоқ», дейді.
Біріншіден, бұрын әскери қызметшілер далалық жаттығуларға барса, тәуліктік жәрдемақының 60% мөлшерінде үстемеақы төленген. Екіншіден, медициналық қызметтердің барлығы әскерилер мен олардың отбасыларына қолжетімді болды. Оның ішінде зейнеткерлер де әскери медициналық мекемелерден көмек алуға кепілдік берілді. Қазір бұл мүмкін емес. Үшіншіден, 1998 жылға дейін әскери қызметшілер 20 жыл қызмет еткеннен кейін зейнетке шыға алды. Оларға еңбек сіңірген жылдарында алған бүкіл қаражаттың 60–80%-ы зейнетақы ретінде тағайындалды. Егер ол 100 мың теңге алса, онда 85 мың теңге зейнетақы алатын. Ал 20 жылдан астам қызмет еткен болса, оған жыл сайын 3 пайыз есептелді. Қазір 25 жылдан кейін зейнетке шығуға құқылы, алатын зейнетақысы тек ақшалай жалақысының 50-ден 65%-ы ғана. Төртіншіден, 2016 жылы әскерилердің мемлекеттік базалық зейнетақысы жойылды. Бесіншіден, бұрын әскерилерге 50% коммуналдық қызметақы төленетін. Егер олар пәтерде тұрса, коммуналдық қызметтер он мың теңгеге шыққан жағдайда Қорғаныс министрлігі 5 мың теңгесін төледі. Қазір бар болғаны 3739 теңге ғана беріледі. Және бұл сома 10 жылдан бері өзгермеген. Алтыншыдан, әскери қызметшілерге азық-түлік төлемі тоқтатылды. Жетіншіден, бұрын әскерилер қоғамдық көліктерде тегін жүруге құқылы болды, демалыс кезінде еліне баратын болса, әрі-бері жол шығынын мемлекет төлейтін. Оған қоса жылына бір рет шипажайға тегін бара алатын.
«Әскери атақтар бойынша жалақыны индекстеу мәселесінде артта қалдық. Соңғы рет сегіз жыл бұрын индекстелген. Елдегі атаулы орташа жалақы былтыр 350 542 теңге құрады. Атқыштардың айлығы – 89 211 теңге. Бұл орташа жалақыдан төрт есе аз. Жұмысшы операторы 139 520 теңге алады. Бұл орташа жалақыдан екі жарым есе аз. Қатардағы сержанттың жалақысы – 207 355 теңге. Бұл да орташа жалақыдан 1,6 есе аз. Офицерлер – 231 159, рота командирі – 275 675, батальон командирі 319 692 теңге алады. Елдегі орташа жалақыға да жетпейді. Тиісінше, осындай айлықтан кейін адамдар әскери мамандықты таңдағысы келмейді», дейді депутат. Ал әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандырудың 6 компонентінің барлығында шикілік бар. Мысалы, азық-түлікпен қамтамасыз ету рационы 2 860 теңгені құрайды екен. Бұл ақша әскерилердің бір күнгі тамақтануына төленеді. Оның сыртында мердігерлердің ақшаны үнемдейтіні тағы бар.
Ең өзектісі – әскери бөлімдерде жұмыс істейтін жалдамалы аспаздар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», кенеттен төтенше жағдай болса, жеке компаниялар бөлімді тастап кете алады. Олар мұндай жағдайда жұмыс істеуге міндетті емес. Ондай кезде сарбаздарды кім тамақтандырады? Тағы бір мәселе – өткір стоматологиялық аурулары бар сарбазды емдету үшін әскерилер өз қалтасынан ақша шығарады. Сондай-ақ әскери қызметшілерге қарастырылған тұрғын үй төлемдері әр аймақта әртүрлі беріледі. Осындай мәселені тізбектей келе депутат Айгүл Құспан: «Осының барлығы әскери қызметкерлерді декретке шығуға итермелейді. Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясына сәйкес ерлер де, әйелдер де бала күтіміне тең құқылы. Осы ереже қолданысқа енген алғашқы жылдары 3–4-еуі ғана шықса, қазір Қазақстанда 600-ге жуық әскери қызметкер бала күтімі бойынша демалыста жүр. Өйткені олардың қызметі жүріп жатыр, шені өсе береді. Бірақ баласына бәрібір әйелдері қарайды. Одан қалса әжесі, бала күтушілер бар. Ал өзі басқа жұмыс істеп жүреді», деді.
Депутаттың айтуынша, әскери қызметкерлерден білікті маман шығару үшін мемлекет көп қаржы жұмсайды. Мысалы, сигналист, радио операторы, танкист, ұшқыштар үш жыл ішінде дисквалификацияланады. Өркениетті елдерде бұл жүйе басқаша жұмыс істейді. АҚШ, Ұлыбритания, Германияда әскери қызметкер үш жыл декретте отырмайды. Оның орнына бала күтушісін жалдауға қосымша өтемақы төлеу қарастырылуы мүмкін. «Бізге әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандырудан бөлек, кәсіби әскери қызметкерлерді ынталандыру керек. Қазір комитет «Әскери патриоттық тәрбие туралы» заң жобасын қарастырып жатыр. Құжат армияға келетін жігіттердің жігерін оятып, патриоттық рухын арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сонымен бірге әскери қызметшілердің балалары азаматтық қызметкерлермен салыстырғанда қандай да бір жеңілдіктерге ие болуы керек», дейді Айгүл Құспан.
Кадрдың қадірі
Көп жылын Ұлттық қауіпсіздік пен әскери салаға арнаған мемлекет қайраткері Нұржан Нұрсипатов заман сұранысына сай саны көп әскерден гөрі қажет кезде сапқа тұруға қабілетті, өзгерістерге тез бейімделетін, техникасы дамыған қуатты армия әрі мобильді әскер құру қажет екенін айтады. Сондықтан келісімшартпен сержант пен офицерлік лауазымға алынатын құрамды әскери саланы жан-тәнімен қалайтын рухы мықты азаматтардан іріктеп алу маңызды екенін айтқан ол: «Әскер болуды бала кезінен армандаған адам қызметін де адал атқарады. Ал азаматтық ЖОО-ны бітіріп, біреулердің үгіттеуімен немесе басқа да әлеуметтік жағдайды көздеп әскерге бара салғандар бар. Олардың көбі жүрек қалауы болмаған соң, тез суып кетеді. Дегенмен декретке кеткен және уақыты жетпей қызметтен кетіп жатқандардың мәселесі жіті тексерілуге тиіс. Егер денсаулығы бойынша қызметтен кетіп жатса, оларды бірден әскерден босата беруге болмайды. Оларды қайта дайындықтан өткізіп, компьютерде отыратын, күш-қуатты аса қажет етпейтін жеңіл жұмыстарға ауыстыру керек. Мысалы, қазіргі заманда отырып ататын дрондар шығып жатыр. Осындай ұшатын аппараттармен жұмыс істейтін мамандар қажет. Мерзімі бітпей кетіп жатқан азаматтарды басқа мамандыққа даярлау маңызды. Осы арқылы біз уақыт пен қаржыны үнемдеп, бар кадрға жағдай жасай алатын едік», дейді Нұржан Нұрсипатов.
Сондықтан министрлік үш жылда бір өткізетін аттестаттаудан кейін әскерилердің қабілет-қарымына талдау жасап, әрбір маманның бейіміне қарай бағытын қарастыруды алдын ала қолға алғаны дұрыс. Сарапшының айтуынша, Бауыржан Момышұлының әскери тактикасын қолдану артық етпейді. Тіпті Израиль әскері сол тактиканы оқулық қылып шығарған. Соның арқасында қазір әскері шағын болғанымен, ел басына күн туғанда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолына қару алып, Отанын қорғауға дайын. Бізге де дәл қазір «әрбір сарбазым – жалғызым» деп жағдай жасап, сарбаз рухын оятуға жұмыс істеген абзал.
Антқа адалдық пен тұрмыс тауқыметі
Сан ғасырдан бері жадымызда ел қорғайтын батырлар қауіп келсе, қасқайып қарсы тұра білетін қайсар, ержүрек тұлға ретінде елестейді. «Ер – елінің қорғаны» дейтін дана халқымыз ғұмырын Отанын қорғауға арнап, бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырды. Өкінішке қарай, ана сүтімен, бесік жырымен, әкенің ақыл-өсиетімен даритын Отанға деген антқа адалдық түсінігін тұрмыстың тауқыметі басып бара жатқаны жасырын емес. Осы салаға көп жылын арнаған ардагерлердің өзі жақсыны іздеп жүріп, жұмыссыз қалғанда қорғаныс саласына қайтып келетіндердің барын да жасырмайды.
Қорғаныс министрлігінен сөзімізге тұздық болу үшін кейінгі екі жылда қанша әскери қызметкер жұмыстан кеткенін, оның ішінде денсаулығы бойынша мерзімі бітпей кеткен әскерилердің санын сұратқан едік. Өкінішке қарай, министрлік берген жауаптан нақты статистикалық деректі көрмедік. Есесіне кейбір дереккөздерден білгеніміз, кейінгі 4 жылда әскери қызметтен 17 065 әскери қызметші босатылыпты. Оның ішінде денсаулық жағдайы бойынша – 5289, қалған 11 776-сы келісімшарттың аяқталуы немесе теріс себептермен, зейнет жасына толуына байланысты әскер сапынан кеткен.
Күні кеше Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов әскери қызметшілердің әскерден жаппай кетіп жатқанын өзі мойындады. Мәселен, 2020–2023 жылдары Қарулы Күштерден 17 065 әскери қызметші кеткен. Оның ішінде 4 301 офицер және келісімшарт бойынша 12 764 әскери қызметші бар.
Қалай дегенде де, сапқа тұрар алдында сайдың тасындай іріктелетін мығым жігіттердің уақыты аяқталмай денсаулығы сыр беруі жақсы үрдіс емес.