Аймақтар • 31 Қаңтар, 2024

Мамандыққа баулитын сынып

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы шаһарда танымал тұлғалардың есімі берілген білім ордасы аз емес. Соның бірі Қ.Қайсенов атындағы №33 орта мектеп Жылыой ауданындағы Сарықамыс елді мекенінің тұрғындары облыс орталығына көшірілгенде салынған.

Мамандыққа баулитын сынып

Жақында аталған білім ордасы­ның 8-сынып оқушыларын құтқа­рушы кәсібінің қыр-сырына оқыту басталды. Құтқарушы формасын киген оқушылар ант беріп, арнайы куәлік алды. Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаевтың айтуынша, «Жас құтқарушы» сыныбы – оқушыларды құтқарушы кәсібіне баулудағы алғашқы қадам. Арнайы сынып бөлмесі құтқарушылар қолда­нылатын құрал-жабдықтармен қамтылған.

– Өңірдегі алғашқы сыныптың Екінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек батыры, әйгілі партизан, қазақтың қайталанбас даңқты перзенті Қасым Қайсенов атындағы мектепте ашылғаны көңіл қуантып отыр. «Жас құтқарушы» сыныбын ашу­дың бірнеше мақсаты бар. Бі­ріншіден, оқушылардың құтқарушы мамандығына қызығушылығын ояту. Екіншіден, құтқару ісінің негіздерін, төтенше жағдайларды жою мен зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетудің дағдылары оқытылады. Үшіншіден, оқушылар арасында саламатты және қауіпсіз өмір салты насихатталады, – дейді Ғабит Бабаев.

Төтеншеліктер жас құтқарушы­ларға «Алғашқы көмек көрсету» тақырыбында арнайы дәріс өткізді. «Жас құтқарушы» сыныбының оқушысы Ернар Смадияр болашағын аталған саламен байланыстыруды көздеп отыр.

– Күнделікті тірлікте түрлі жағ­дай кездеседі. Әсіресе, өрт, техно­гендік апат болса, алдымен құт­қарушылар қолұшын созады. Бұл кәсіп иелерінің жұмысы қиын екенін білемін. Бірақ тәжірибені шыңдау арқылы қиындықты еңсеруге болады. Осы мамандықты таңдауға көңілім ауып отыр. Сол себепті тө­тенше жағдайлар саласының формасын киіп, «Жас құтқарушы» куәлігін алдым. Үздік оқимын, бокс секциясына қатысып жүрмін. Бұл адамзатты тілсіз жаудан құтқаратын білікті маман болуыма ықпал етеді, – дейді «Жас құтқарушы» Ернар Смадияр.

Атырау қалалық төтенше жағ­дайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаевтың айтуына қарағанда, «Жас құтқарушы» сыныбының оқушыларына түрлі экскурсия ұйымдастырылады. Сондай-ақ арнайы сабақтар өткізу жоспарланған.

 

Атырау облысы