Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, Антикордың басты міндеті – бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу.
«Атырау облысында жемқорлық тәуекелі картасына 8 нысан енгізіліп отыр. Біріншіден, картаға Қызылқоға және Махамбет ауданындағы мәдениет үйлері енді. Бұл нысандардың құрылысы тоқтап қалған. Екіншіден, Исатай мен Мақат ауданындағы 60 пәтерлік, Индер ауданындағы 80 пәтерлік тұрғын үйлер де енгізіліп отыр. Үшіншіден, Атырау қаласына таяу орналасқан Талғайраң ауылындағы 9 қабатты 90 пәтерлік 7 тұрғын үйдің, кәріз және сумен жабдықтаудың инженерлік желілерін салу құрылысы да бар. Төртіншіден, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысын да аталған картаға енгізуді жөн көрдік. Бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу үшін аталған нысандарға ұдайы мониторинг жүргізіледі. Мониторингтік топқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер де, жұртшылық та қосылды», дейді Ерұлан Серікқалиев.
Оның айтуынша, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 2017 жылы басталып, оған 260 млн теңге бөлінген. Мәдениет үйі 200 орынға есептелген. Алайда нысан құрылысы мерзімінде аяқталмады.
«Мердігерге қатысты сот үдерісі басталды. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мердігер «Строй проект-2017» ЖШС-мен арадағы шарт бұзылды. Құрылыс компаниясынан тұрақсыздық айыппұлы өндіріп алынып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылды» деп мәлім етті Е.Серікқалиев.
Қазір Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын аяқтау үшін жаңа мердігер «Гранд Мастер» ЖШС-мен шарт жасалды. Енді жаңа мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта бастайды.
Ал Атырау қаласының маңындағы Талғайраң елді мекенінде 7 тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Мұнда Тұрғын үй құрылысы бір жыл бұрын тоқтап қалған. Оған екі жайт себеп болған.
«Оның біріншісі – мердігердің келісімшарттағы міндеттемелерін жүйелі, уақтылы орындамауы; екіншісі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Облыстық құрылыс басқармасының мамандарымен, мердігермен және еріктілермен бірге Талғайраң елді мекеніндегі құрылысы бір жыл бұрын тоқтатылған 9 қабатты 90 пәтерлік жеті тұрғын үйдің, сондай-ақ су құбыры мен кәріз желісінің құрылыс барысына мониторинг жүргізілді. Атырау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясымен 13,6 млрд теңгеге шарт жасаған. Әр үй үшін 1,9 млрд теңге бөлінген. Осы кезге дейін 3,6 млрд теңге игерілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жергілікті департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтің пікірінше, облыс әкімдігімен бірге құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесін оң шешуге талпыныс жасалып отыр. Облыс әкімімен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелі картасына енгізілген нысандарға байланысты анықталған бұзушылықтарды жою, құрылысын жыл соңына дейін аяқтау мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Жауапты мемлекеттік органдарға, қала мен аудандардың әкімдіктеріне тапсырмалар берілген.
Атырау облысы