Спорт • 31 Қаңтар, 2024

«Жалған атақ дәрежемізді түсірмесе, жақсартпайды». Танымал спортшы сәтсіздіктің себебін айтты

782 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жүзуден Токио паралимпиадасының қола жүлдегері, жазғы  Азия пара ойындарының чемпионы Нұрдәулет Жұмағали  Парижде өтетін додада медаль олжалайды деп үміт күтер спортшының бірі. Оқу-жаттығу жиынында жүрген жампозбен тілдесіп, әзірлік барысын сұрадық.

«Жалған атақ дәрежемізді түсірмесе, жақсартпайды». Танымал спортшы сәтсіздіктің себебін айтты

Фото: Ашық дереккөз

– Дайындық қалай жүріп жатыр?

− 12 қаңтардан бері оқу-жаттығу жиынын Қырғызстанның Бозтері базасында өткізіп жатырмыз. Наурыз айына дейін осы елде боламыз.

– Париж паралимпиадасынан алтын алады деп сенген саңлақтың бірі өзің.

– Үмітті ақтауға барымды саламын. Екі қашықтықта сынға түсіп, еліме Паралимпиаданың  алтын медалін тарту еткім келеді. Әрі сол межеге жету үшін барымызды салып, алаңсыз жаттығу жасап жүрміз.

– Токио паралимпиадасында сырқат кедергі болғанын айтып едің. Десе де Жапония жерінен қола медальмен оралдың.

– «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дейді ғой.  Токио  паралимпиадасы қарсаңында бізді тым кеш оқшаулап қойды ма деп пайымдаймын. Себебі Токио төріндегі төрт жылдық доданың басталуына бір ай уақыт қалғанда ғана бізді оқшаулады. Бірақ мен оған дейін-ақ ковид кеселін жұқтырып алған екем. Команданы түгел оқшаулап ұстағанға дейін мен ғана емес, жеке бапкерім де коронавирус кеселіне шалдығыпты. Одан кейін оқшауланып қорғанудың аса пайдасы болған жоқ. Апта сайын екі мәрте сынама тапсырамыз – оң нәтиже көрсетеді. Жаттығудың да мәні кетті, Токиоға бармай қалуымыз мүмкін еді. Басты уайым сынама қорытындысы болды. Тек ұшуға үш күн қалғанда ғана сынама теріс нәтиже көрсетіп, сапарға аттандық. Расын айту керек, Токио паралимпиадасына тыңғылықты әзірлік жүргізіп бардым демеймін. Карантин кезінде ковид жұқтырып алғанымыз орасан кедергісін келтірді. О баста  коронавирус жұқтырғаным анықталған соң алаң көңілмен жүріп жаттығуды емес, сырқаттан сақайып құлан-таза айығуды ойладық. Бапкеріміз Саттар Ерғалиұлы дәрігерлерге қаратып, біліктілігінің арқасында дәрі-дәрмек беріп, ем-домын жасап жазылдым. Осылай алаң көңілмен жүріп, жаттығудың да мәні кетіп барғанда бұйырғаны қола медаль болды.     

арасына 

– Азия құрлығындағы қарсыластарыңның әлеуетін былтыр күзде Ханчжоуда өткен пара Азия ойындарында көрдің. Париж паралимпиадасында әлемнің тегеурінді жүзгіштерімен бәйгеге түсесің.

– Пара Азия ойындарынан алтын медаль алдым деп қарсыластарға мұрын шүйіруге болмайды. Мынау осал, анау әлсіз деп де бағалау әділетті емес спортта. Кеше көптің көзіне түсе қоймаған споршы ертең айтулы додаларда топ жарады.  Десе де әлемдік рейтингте көш бастап неміс жүзгіші тұр. Одан кейін мен екінші сатыдамын. Жеңістің кілті – еңбекте. Ерінбей жаттығып, елдің намысы сыналатын сайыста еңсемізді еңкейтпеу үшін барымызды салуымыз керек.

– Бала күніңде аяғың сыныпты, көзіңнің көру қабілеті қай кезден төмендеді?

– Көздің кеселі біздің тұқымда бар. Бала күнімнен көру қабілетім төмен болды. Есейгенде тіпті  күшейді. Спортпен  кәсіби шұғылданған кезеңде ауыр жаттығу жасайсың, суға жүзесің, мұның барлығы да көздің көру қабілетіне кері әсер етті.  Ал енді аяғымды бала кезімде аулада ойнап жүріп, сырғанақтан құлап сындырып алдым.

– Судағы спорт түрлері  біздің елде  жалпыхалықтық сипат алмауына не себеп деп пайымдайсың?

– Менталитет қабылдай алмайтын шығар. Қазақтың қанына белдесу, жұдырықтасу жақын деп күрес, боксқа үйірміз. Футбол үйірмесіне  бергіміз келеді  баламызды. Ал сіз айтқандай су спорты оның ішінде жүзудің пайдасы ұшан-теңіз екенін жете түйсіне алмай тұрмыз. Спортшы жастайынан суда өссе, жүзуді білсе, есейген соң  кез-келген спортқа ауысқанда кең тыныстауына мүмкіндігі зор болады. Себебі жүзу – адамның тыныс жүйесін ширатады. Тағы бір ерекшелігі жүзуден бір спортшы бірнеше қашықтықта сайысқа түсіп жүлдеге таласа алады. Мысалы әйгілі америкалық жүзгіш Майкл Фелпс. Жазғы Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысып, бір өзі 22 алтын медаль  иеленді. Фелпс додаға түскен сәттен-ақ АҚШ айбаттанып шыға келетін. Өйткені бір өзі бірнеше алтын медаль олжалайды. Жүгіру спортында да сондай. Жеңіл атлет  бірнеше қашықтықта  сынға түсе алады. Саннан гөрі сапаға жұмыс істейміз десек спорттың осындай түрлерін  түлетуге күш салғанымыз жөн. Осы ұғым-түсінікті мұқым ел зердесіне тоқығанда ғана жүзу спорты кең таралатын шығар.

соңына

Фото: paralympic.kz

– Дұрыс-ақ, десе де дәл күрес не болмаса бокс секілді жүзуді жаппай үйретуге біздің инфрақұрылым көтере ме? Жетіспейді ғой.

– Әрине ол жағы да бар, ел болып көңіл бөлеміз десек  жүзу кешендерін де көптеп салу қолға алынады деп ойлаймын. Жаңа сапа дегенді бекер айтқам жоқ. Жалпы Олимпиада ойындарында елдердің көрсеткіші спортшылардың жеңіп алған алтын медалімен құнды, соған қарай сараланады. Мысалы соңғы өткен Токио жазғы Олимпиадасының қорытындысын қараңыз.  27 спорт түрінен 96 спортшы қатысып,  8 қола медальді місе тұттық. Біздің алдымызды орап,  1 алтын медаль иеленген Бермуд, Фиджи, Эстония, Пуэрто-Рико елдері жоғары шығып кетті. Тіпті Түркменстанның спортшылары мінез танытып, 1 күміс, 1 қола медальмен басым тұрды. Фелпс сынды саңлақты өсірген АҚШ елінің спортшылары Токио төрінен 39 алтын медаль еншілесе, соның көпшілігін жүзу спортынан алды. Жалпыкомандалық есепте 8 қола медальмен біз 82-орынды місе тұттық. 8 қола жүлде дегеннен еске түседі, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында  америкалық жүзгіш әйгілі Майкл Фелпс бір өзі 8 алтын медаль олжалады. Спорттың жылнамасына атын қашап кеткен  саңлақтың биігіне жақын-жуықта  екінің бірі шыға алмайтын шығар. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Жалған атақ, даурықпа даңқ дәрежемізді түсірмесе  жақсартпайды. Жалпыхалықтық сипат алған, көпшіліктің көңілі құлайтын спорт түрлерін дамытуға қарсы емеспін, бірақ  нәтижеге жету үшін  салмақтай білген жөн дер едім. 180 спорт түрін дамытамыз деп жалаң  кеудемізді соғып жүре берсек  көрсеткіш те құлдырайды.

Жүзу спортына қатысты  мына жайтты еске салғым келеді. Бала жеткіншек шағында жүзуді білсе, кез-келген спортқа тез бейімделіп кетеді.  Әйгілі боксшы ағайынды Кличколар да боксқа ауыспас бұрын жүзумен шұғылданып, спорт шебері нормативін орындаған. Кейін кәсіпқой бокста жарқырап көрініп, чемпиондық белбеуді иеленді. Мұндай мысалды көптеп тізе беруге болады.

– Токио паралимпиадасында сырқатың себеп болды. Алда Париждің додасы тұр.

– Қырғызстандағы оқу-жаттығу жиынынан кейін бірнеше халықаралық турнир бар. Наурыз айында Италияда, маусымда Францияда додаға қатысуымыз мүмкін, дайындықты бағамдау үшін.  Одан кейін Париж паралимпиадасы. Елімді алтын медальмен қуантқым келеді, көлденең кедергі килігіп кетпесе екен деп тілеп жүрмін. Өзімнің қолайыма дөп келетін 100 метрге брасс әдісімен жүзуден Париж паралимпиадасының алтын медалін алуға барымды саламын. Үш жыл бұрынғы сайыста коронавирусты сылтау еттік. Енді аянатын ештеңе жоқ.