Жастар • 01 Ақпан, 2024

Маман масыл болмайды

108 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жастардың ертерек белгілі бір кәсіпті игеріп, өз күндерін өздері көруге ұмтылуы әбден құптарлық. Әрі сүйіп істейтін мамандықты меңгереді.

Маман масыл болмайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірде 300-ден аса студент облыстық жұмыспен қам­ту орталығы арқылы әр қилы жұмысқа орналасып, табыс тауып жүр. Білім алуға да үлгеріп, ата-аналарына қарап қол жая бермей, қажетті қар­жыны өздері табуға дағ­ды­лану – жақсы қасиет. Орта­лықта бүгінде жұмыс істегісі келіп ынталанған жастарға арналған он бағыттан тұра­тын бағдарлама бар. Орта­лық мамандарының айтуы­на қарағанда, мектеп оқушы­ла­рына да қолынан келетін жұ­мыс тауып бере алады екен. Бұл талпыныс халықтың әлеу­­меттік-тұрмыстық жағ­дайын жақсартады. Әрі жас­тар­ға шарапаты тиетін шаруа. Жұмыс істеймін деген ынта да бар. Ең бастысы, осы. Мәселен, өткен жылы орта­лық арқылы 35 мыңнан аса адам тұрақты табысы бар жұмысқа орналасқан. Бұл – 35 мың отбасының дас­тар­қаны жүдемейді деген сөз. «Қуатты өңірлер – ел да­муы­ның драйвері» ұлттық жо­басы аясында 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Ақыл таразысына салып қарасаңыз, бұрын екі қол­ға бір күрек таба алмай жүрген осыншама адамның жұмысқа орналасуы – тәп-тәуір жетістік.

– Жұмыспен қамтуда негізгі төрт жоба бар, – дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламаларды үйлестіру бас­­қармасы басшысының мін­­детін атқарушы Ерлан Мұ­ха­медин. – Агроөнеркәсіп ке­шенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлт­тық жобасы аясында 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жоба Атбасар, Зеренді және Сандықтау аудандарында жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған тұрақты экономи­каның өсуі» ұлттық жобасы аясында 1 мыңнан аса жұмыс орны бар.

Осындай игілікті шаралар ел ішіндегі жұмыссыздық дейтін кеселді жоюға тиіс. Бұл арада жастарға жеткілікті көңіл бөлініп отырғанын айта кетуімізге болады. «Жас­тар­ға шағын несие беру» бағдар­ламасы бойынша өткен жылы 150-ден аса жас маман өз кәсібін ашу үшін 2,5 пайыз үстемемен жеңілдетілген несие алды. Ал биыл 200-ге жуық адамға несие беру жоспарланып отыр. Бір атап айта кетерлігі, өз ісін бастау үшін кәсібін ашамын деген жастарға 5 млн теңгеге дейін несие берілмек. Қызмет көрсету саласына – 35, азық-түлік және бөлшек саудаға – 17, өсімдік шаруашылығына – 4, жеңіл және ауыр өнеркә­сіпке 18 несие бөлініп отыр. Осы арада маңызды бір сала мал шаруашылығын дамыту да мықтап ескерілген. Төрт түлік малды өсірумен айна­лысса, ауылдағы жас­тар да қатардан қалмай өз қолда­ры өз ауыздарына жетіп қалар еді. Биыл мал шаруа­шылығын дамытуға несие алсам деп ниеттеніп отырған­дар саны – 111 адам несие алмақ.

Жастарға жанашырлық көрсетіп, қоғамдағы өз орнын табуға жәрдемдесу – мем­лекеттің басты ұстаны­мы. Осы орайда биыл «Ал­ғаш­қы жұ­мыс орны» және «Жас­тар тәжірибесі» бағдарлама­ла­рына басымдық беріледі.

Жастарға қолдау барын сезінген ауылдағы азаматтар өздері қалаған, келешегін барлап, көңілге түйген шаруаларымен айналысып жатыр. Біржан сал ауданында ауылдық жерлердегі биз­нес­ті дамытуға айрықша ба­сым­дық беріліп отыр. Түп­теп келгенде бұл ниеттің ауыл­дағы ағайынның әлеумет­тік тұрмысын жақсартып, елде тұрақтап қалуына кө­мек қолын созу деп түйсі­ну­ге бо­лады. Осы ауданда кә­сіпкерлікті дамыту аясын­дағы ұлттық жобаның 2021-2025 жылдарға арналған бағ­дарламасы бойынша өткен жылы алты грант беріліпті. Ел ішіндегі жақсылық хабар естілмей жата ма? Қамқорлық жайлы құлақтанған, бір кезде ірі қалаларға көшіп кеткен жастардың алдыңғы легі ата­ме­кенге ат басын бұрып қай­тып келіп жатыр. Бұл – өте қуа­нышты жағдай. Олардың кейбірі өз қара­жаттарын салып кәсіппен ай­налысып жатыр. Солардың бірі – Темірлан Хафизов. Жас кәсіпкер өткен жылы Степ­няк қаласында жартылай фаб­рикаттар шығаратын цех аш­қан. Дес бергенде ісі оңы­­нан оңғарыла бастағанға ұқсайды. Әрине, кез келген соны соқпақтың кедергісі болары даусыз. Әйтсе де екпі­ні үй жыққандай жастық жі­гермен өз шаруасын бастаған өрімдей жас қазір өнімнің 15 түрін шығарып, 22 дүкенде тұтынушыларға ұсынады. Сегіз адамды жұмыспен қам­та­масыз етіп отыр.

– Елге көшіп келіп, шағын шаруамен айналыстым, – дей­ді жас кәсіпкер Темірлан Хафизов. – Алдымен дүкен­дер­мен келістік те, өзіміз нан пісіріп жеткізіп беріп отырдық. Кейін бағдарлама арқылы несие алып, цех салып алдық. Көп көмек болды. Әйтпесе, қаржыны қайдан аларымызды білмей қиналып жүр едік. Алдағы уақытта көршілес облыстарға да өз өнімдерімізді жеткіземіз бе деп үміттеніп отырмыз.

Ұмтылған жанның жұмы­сы алға басары даусыз. Степ­няк қаласын «Ең­бек Астық» кәсіпорны нан өнім­дерімен халықты қамтамасыз етеді. Бұл да – кәсіпкердің өз қара­жа­тымен басталған шаруа. Кә­сіпорын болашақта нан өнім­дерінің түрлерін көбейт­пек.

– Бұрын Степняк қаласы­на нан өнімдерін өзге өңір­лер­ден тасымалданатын, – дей­ді «Еңбек Астық» серіктес­тігі­нің басшысы Күлзия Сауыр­баева. – Кейде қала тұр­ғын­дары нан өнімдері қашан жет­кі­зіледі екен деп алаңдап оты­ра­тын. Қазір нан өнімдері жер­гілікті жерде шығарылып, тұтынушыларға ұсынылып жатыр.

Дәл қазір жұмыс істеймін деген жанның алдынан сара жол ашылып тұр. Ендігісі тек әркімнің өзіне, талпынысына байланысты.

 

Ақмола облысы