Спорт • 01 Ақпан, 2024

Париж Олимпиадасына ең алғашқы жолдаманың бірін жеңіп алған спортшы

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төртжылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Бұл спортшылар үшін ең жауапты және маңызды кезең басталғанын білдіреді. Өйткені алдағы жарты жылда олар Олимпиадаға жолдама жеңіп алуға тырысып, Париждегі дүбірлі додаға дайындалуы керек. Қазіргі уақытта ұлттық құрама қоржынында Олимпиаданың 19 жолдамасы бар. Ел спортшыларынан Париждегі дүбірлі додаға ең алғашқы жолдаманың бірін Ислам Сәтбаев жеңіп алған еді, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Париж Олимпиадасына ең алғашқы жолдаманың бірін жеңіп алған спортшы

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

2023 жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен нысана көздеуден 53-ші лицензиялық әлем чемпионатында отандасымыз ерлер арасында 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 206,5 ұпаймен 4-орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болған еді.

Ислам Сәтбаев 1998 жылдың 21 қыркүйегінде Алматы қаласында дүниеге келген. Нысана көздеу спортымен 7-сыныптан бері айналысып келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасы оған тир атып көруді ұсынған. Содан бастап оның оқ атуға деген қызығушылығы оянып, бірден нысана көздеу үйірмесіне жазылады. Алғашқы жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың тәлім-тәрбиесімен аталған спорттың қыр-сырына қаныға бастайды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы 5 жыл бойы оны балалар спорт мектебінде жаттықтырған.

Кейін Ислам Сәтбаев Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысып, күні бүгінге дейін еңбек сіңірген жаттықтырушы Геннадий Насоновтан жаттығып келеді.

Жерлесіміз 2023 жылғы Әлем кубогінде екі мәрте күміс жүлде жеңіп алса, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында қола медальді мойнында жарқыратты.

Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алғанан кейін ол алғашқы әсерін туған-туыстарымен бөліскен. Олар теледидар арқылы тамашалап, лицензия олжалағанын спортшының өзінен бұрын білген. Қазіргі уақытта Ислам Сәтбаев жеке жаттықтырушысымен бірге төртжылдықтың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр.

«Меніңше, Пьер Кубертеннің «Ең бастысы – жеңіс емес, ойындарға қатысу» деген ұраны ескірді. Олимпиадаға қатысатын кез келген спортшы медаль олжалағасы келеді. Мен де дәл солай ойлаймын. Бірақ Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін спортшы нағыз спорттық бабында болуы керек. Ол үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігіңді шыңдап отыруға тиіс», дейді Ислам Сәтбаев.