Қоғам • 01 Ақпан, 2024

«Құқы жоқ». Бельгиядағы бала асырап алу орталығы Жәнібекке қатысты ақпарат беруден бас тартты

810 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Бармысың, бауырым» хабарының тікелей эфирінде Бельгия азаматтары асырап алған Жәнібектің ісіне қатысты тың ақпарат айтылды. Радио-хабар жүргізушісі Қымбат Досжан сол елдің елшілігіне жолдаған сауалына жауап келгенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Құқы жоқ». Бельгиядағы бала асырап алу орталығы Жәнібекке қатысты ақпарат беруден бас тартты

Фото: 08info.kz

«Бармысың, бауырым» редакциясы Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне 2 сауалмен жүгінген.

1. «Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық келіншектің есебі неге түгел емес?».

2. «Жәнібек Жұмағұловты асырап алған шетел азаматы бірнеше рет медициналық емдеу мекемесіне жатқызылған. Сол жылдары Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі баланың жағдайынан хабардар болған ба? Егер мемлекеттік органдар хабардар болса, қандай шешім қабылданды?».

Журналистер жолдаған сұраққа Бельгиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан жауап берген.

«Жәнібек Жұмағұлов Бельгиядағы елшілікке көмек сұрап хабарласпаған. Сондай-ақ Эдди Жан Савельевті асырап алу процесі бала асырау агенттіктерінің қатысуынсыз жүзеге асырылған. Яғни, Жәнібекті асырап алу процесі жеке, тікелей болды. Сондай-ақ елші Бельгиядағы бала асырап алу орталығының өкілі бала кәмелет жасына толғандықтан қандай да бір есептерді, ақпаратты сұрауға немесе осыған байланысты одан әрі басқа қадамдар жасауға құқы жоқ деп жауап бергенін айтқан», деді Қымбат Досжан.

Қымбат Досжанның айтуынша, Жәнібектің Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне көмек сұрап хабарласпағанына оның 16 жасқа толғанда асырап алған анасынан бөлек тұрғаны себеп болған. Ал кәмелет жасына жеткенде Жәнібек Испанияға көшіп кеткен еді.