Сенат • 01 Ақпан, 2024

Құрылысқа мемлекеттік бақылауды күшейту қажет – сенатор

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрылыс саласындағы заңсыздық күш алып барады. Соңғы  3 жылда 45 қылмыстық іс қозғалған және 4700-ден астам үлескер зардап шегіп отыр. Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында құрылыс ұйымдарымен жасалған шарттардың орындалмауы мен шағымдар туралы деректерді  ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Құрылысқа мемлекеттік бақылауды күшейту қажет – сенатор

Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаты талапты өрескел бұзып,  жосықсыз құрылыс салушылардан зардап шеккендердің басым бөлігі Астанада – 1 282 адам, Қарағандыда – 961 адам, Ақтөбеде – 657, Атырауда – 631 және Алматыда – 360 адам екенін жеткізді.

2019-2022 жылдар аралығында елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге және республикалық, жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен елордада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Алайда бүгінде елімізде 7 мыңға жуық алданған салымшы бар, оның 4 мыңнан астамы - Астана қаласының тұрғыны.

«Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 млн теңгеге айыппұл салыпты. Яғни, орта есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыппұл салынған. Бұл дегеніңіз бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Ал келтірілген залал 30 млрд теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион, залал 30 миллиард. Бұл парадокс емес пе? Үлескерлерге келтірілген шығындар күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндіріліп жатыр. Осы мәселені ескере отырып, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол компанияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет», деп жазды Г.Шиповских Премьер-министрге жолдаған сауалында.