Медицина • 01 Ақпан, 2024

Дәрігердің деңгейі – ел дамуының көрсеткіші

182 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білікті дәрігерлер – ұлт саулығының ғана емес, ел дамуының көрсеткіші. Білімі терең, тәжірибесі  толысқан, ізденімпаз дәрігерлер көп болса, елдегі денсаулық сақтау саласы да өркендейді. Сондықтан да медицина саласына сапалы кадрлар  қажет.

Дәрігердің деңгейі – ел дамуының көрсеткіші

Фото: Ашық дереккөз

Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде өзгеріс көп.  Дәрігерлер шетелде білімін жетілдіріп, әлемге танымал үздік клиникаларда кәсіби шеберліктерін шыңдап жатыр. Ғылым мен білім өркендеп, ақпараттық технология дамып жатқан заманда жаңалықты жатсынбаған абзал. Қазақстандағы жоғары оқу орындары тек отандық қана емес, шет елдерге де медицина мамандарын даярлап жатыр.  С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Халықаралық факультет деканы Нұржамал Жәрдемалиевамен сұхбатта медицина мамандарын даярлаудағы жаңашылдықты сұрадық.

- Нұржамал Жеңісқызы, медицина мамандарын даярлау ісінде өзгерістер, жаңашылдықтар көп екен,  тарқата айтсаңыз.

- Өздеріңізге белгілі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ - бұл Қазақстанның медициналық университеттері арасында тамыры тереңге бойлаған оқу орны.  94 жылдың ішінде  еліміздің, сондай-ақ жақын және алыс елдердің медицинасының мақтанышы болып жүрген талай саңлақтарды дайындап шығарды. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, озық ойлаушы ел ретінде, тек алға қарай қарауға тиіспіз...», деді. Прогресс, өздеріңіз білетіндей, бір орында тұрмайды, оның ішінде медициналық білім-ғылым күн санап дамып келеді. Медицина тереңірек танылады, білім жетілдіріледі. Халықаралық факультетте  студенттер ағылшын тілінде екі мамандық – «Жалпы медицина» және «Педиатрия» бойынша оқиды. Осы екі мамандық бойынша екі жылда оқу процесі ҮИМБ (үздіксіз интеграцияланған медициналық білім) бағдарламасы арқылы оқытылады. Және үш білім деңгейін біріктіретін 6 жылдық бағдарлама бар: бакалавриат, интернатура және магистратура.

- Халықаралық  факультет саналғандықтан  шетелге қажетті медицина мамандарын да оқытасыздар.

– ҚазҰМУ халықаралық факультеті бертінде ашылды, биыл сегіз жыл толды.  Осы кезеңде 974 студент түлеп ұшты, оның ішінде 777 студент өзге мемлекеттерден келген. Түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын елдерде жемісті еңбек етіп жүр. Бүгінгі таңда біздің факультетте 3044 студент оқиды, оның ішінде 2700-і әлемнің 36 елінен келген шетелдіктер, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ең көп шетелдік студенттер біздің университетте оқиды.

2021 жылдан бастап біздің университет QS World University Ranking әлемдік университеттерінің ең элиталық рейтингінің құрамында болды, сол жылы үздік университеттердің 60% кіріп, бүкіл әлем бойынша топ 1000-ға кіретін 4 медициналық ЖОО-ның бірі саналды.   2023 жылы QS Stars ҚазҰМУ «Оқыту» және «Жұмысқа орналастыру» санаттары бойынша 5 жұлдыз және «Интернационалдандыру» санаты бойынша 4 жұлдыз берді. Бұл санаттар университет үшін ерекше маңызды, өйткені олар оның қызметінің негізгі мәні саналады.

Біздің студенттерді ағылшын тілді 400-ден астам оқытушы оқытады, олардың 27-сі Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ресей және т.б. шетелдік азаматтар. Сондай-ақ халықаралық факультет студенттері ҚазҰМУ үздік клиницистері мен әлемнің ең ұлы ғалымдары-визитинг-профессорларының дәрістері мен мастер-кластарына қатыса алады, соның арқасында біздің студенттер көптеген халықаралық пәндік және клиникалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралып жүр.  

Жыл сайын академиялық мобильділік бағдарламасы аясында факультетте негізінен Еуропа елдерінен (Румыния, Польша, Австралия, Түркия, Мысыр, Испания, Словакия, Германия) шетелдік студенттер оқиды. ҚазҰМУ білім алушылары үшін шетелде оқу академиялық жолдың кез келген кезеңінде қолжетімді. Сонымен, соңғы 4 жылда халықаралық факультеттің студенттері АҚШ жоғары оқу орындарында (Джонс Хопкинс Университеті, Вайоминг университеті, Оңтүстік Индиана университеті, Литва Денсаулық туралы ғылым университеті және т.б.) оқыды. KazMSA желісі бойынша халықаралық факультет студенттері Түркияға, Мысырға, Францияға, Германияға және Польшаға барды. 2023 жылы Қазақстанда алғаш рет ҚазҰМУ базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының отырысы өтті. Еуропаның ондаған елдерінен сарапшылар делегациясының қонақта болуы   біздің университетке деген қызығушылық әлемдік аренада айтарлықтай артуына серпін беріп, септігін тигізді.

- Сіз айтқан 36 елден келген студенттер біздің елде әуелі нені бағалайды? Жалпы бізде студенттердің білім алуына қандай жағдайлар жасалған?

- Елімізде медицина саласын дамыту - Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Мәселен, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлерді даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Медициналық жоғары оқу орындарында көпсалалы ауруханалар мен клиникалар ашылады... Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөзбен емес, іс жүзінде жақсартуға ықпал етеді» деген еді. Мен де бұл пікірді қолдаймын. Біздің шәкірттеріміз теория мен практиканы қатар алып жүреді.  Практикалық дағдыларды пысықтау арқылы теориялық білімді нығайтуға мүмкіндіктер мол. Бұл тұрғыда біз сапалы мамандар даярлап жүргендіктен өзге елдердің қызығушлығы өте жоғары. Оны жоғарыда нақты фактілермен  айттым.

Мемлекет қолдауының арқасында университетте шетелдік студенттер үшін қолайлы атмосфера, барлық жағдай жасалған. 420 орынға жуық жеке жатақхана бөлінген. Барлық білім алушылар ҚазҰМУ-дың 3 клиникасына және Алматы мен Алматы облысының 147 клиникалық базасына еркін қол жеткізе алады. Онда шәкірттерімізді еліміздің үздік клиницистері - ең танымал, ең білікті дәрігерлер оқытады.

Халықаралық факультет тәлімгерлері түрлі студенттік ұйымдардың құрамында университет өміріне белсенді қатысады. Университетте студенттік ұйымдардың жәрмеңкелері үнемі өткізіліп тұрады. ҚазҰМУ-дың ең көпұлтты факультетінің Мәдениет күндері атап өтіледі, онда студенттер өздерінің музыкалық және аспаздық шеберліктерін шыңдайды.

Жалпы бізде шетелдік студенттер өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап келді  де, алғашында орыс тілінде оқыды. Ағылшын тілінде шетелдік студенттер 2006 жылдан бастап дәріс ала бастады. Қазіргі уақытта біздің түлектер бүкіл әлемде жұмыс істейді, жоғары деңгейлі жетекші мамандар саналады. Арасында танымал клиникалардың бірінші басшылары да бар.

Қазақстанда медициналық білім берудің көшбасшысы ретінде біздің білім ордасы  шет елдердің жастары арасында өте танымал және үлкен сұранысқа ие.  Өйткені біздің оқу орнында алған білім деңгейі түлектердің 70% бірінші рет өз елінде біліктілік емтиханын тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл университетте маман даярлау сапасының жоғары екенінің бір дәлелі.

– Бүгінде қандай ғылыми мәселелер өзекті саналады? Университетте білім алумен­­ қатар, ғылыммен айналысып,­ медицинаның өркендеуіне үлес қоса­мын дей­­тін жастар шоғыры қалың ба?

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен  жүргізіліп  жатқан реформаларға сәйкес, ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған негізгі іс-шаралар белгіленді: жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне жыл сайын қосымша қаражат бөлу, қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерін қаржыландыру есебін  кезең-кезеңімен ұлғайту, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін, атап айтқанда, жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы жағдай жасау,  жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтарды, ғылыми-техникалық парктерді қалыптастыру және дамыту.

Жоғарыда аталған реформалар аясында 2023 жылы ҚазҰМУ «Asfen.forum, жаңа буын-2023» 1-ші Халықаралық форумы өткізілді. Форумға  күндізгі және қашықтан 1000-нан астам адам қатысты, пленарлық отырыс пен секцияларда 252 баяндама тыңдалды. Форум барысында жарқын талантты жас ғалымдар өздерін көрсетуге, жетістіктерімен бөлісуге және әлемдегі ең жақсы клиникалар мен ұлы ғалымдардың ұсынысы немесе кеңесін алуға тамаша мүмкіндік туды.

Қазіргі уақытта Үндістан клиникаларымен студенттеріміздің көшпелі практикасын ұйымдастыру тұрғысынан келіссөздер жүргізіліп жатыр, сондай-ақ ҚазҰМУ студенттері мен оқытушыларының академиялық мобильділік бағдарламасын іске асыру үшін Үндістандағы медицина университетімен ынтымақтастық туралы меморандум жасасу қарастырылып жатыр.

Жалпы, біз студенттерге ең жақсы медициналық білім беруді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. ҚазҰМУ көптеген елдердің талапкерлерінің біздің студент болуға ниет білдірген рекрутер компанияларына жүгінеді, сондықтан жақын арада біздің географиямыз кеңейеді. Бұл әрине бізді бәскеге қабілетті ете түседі.

Соңғы жаңалықтар

Нақты істің кезеңі

Үкімет • Кеше

Отан да, парыз да ортақ

Аймақтар • Кеше

Инфляция иірімі

Инфляция • Кеше

Шаруаның көңілі неге күпті?

Шаруашылық • Кеше