Өнер • 01 Ақпан, 2024

«25 келіге жетпейтін шынашақтай қыз еді»: Алтынбек Қоразбаев Мақпал Жүнісованы ұнатқанын жасырмады

9432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Танымал композитор Алтынбек Қоразбаев жастық шағын еске алып, Мақпал Жүнісоваға ғашық болғанын да жасырмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«25 келіге жетпейтін шынашақтай қыз еді»: Алтынбек Қоразбаев Мақпал Жүнісованы ұнатқанын жасырмады

«Ұйқым келмейді» бағдарламасына қонақ болған композитор халық әртісіне арнап, «Мәңгілік махаббатым» деген ән шығарғанын да мәлімдеді.

«Мен шын ғашық болсам, ұрып-жығатын қасиетім бар. Әзіл-шыны аралас, Мақпалға ғашық болғаным рас. Қуыршақтай қыз еді. Осыдан 33 жыл бұрын «Мәңгілік махаббатым» деген әнді Әбдірахман Асылбекке жаздырдым. 21 жастағы Мақпал сол әнді орындаған. Қыз күнінде салмағы 25 келіге де жетпейтін. Алақанға салып, көтеріп тұруға келетін, шынашақтай қыз еді. Бірақ жүрегі кең, өнерге тазалығы көрініп тұратын. «Гүлдерде»дүркіреп тұрған кезінде ұнатқаным бар. Бірақ жүректі ғашық болдым деп бөле алмайсың. Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шыққан соң, жеңге дедім. Қазір ағамыздың көзі кеткен соң, ол мені «аға» деп жүр», деп әзілдеді композитор.

Сондай-ақ халық әртісі де бұл сөзді растап, жастық шағын еске алған еді.

«Ертеректе, 20 жасар кезімізде Алтынбек ағам ән ұсынған еді. «Мен саған ғашықпын» деп сол кезде айтатын. Бірақ жеңгемізден қорықты ма, жақындай алған жоқ. Сырттай ғашықпын деп жүретін. Сол кезде «Мәңгілік махаббатым» деген әнді саған арнадым деп алып келгені есімде. Қазір жеңгеміз қызғанбайтын шығар деп ойлаймын. Мен 60-қа келдім, ол кісі 75-ке келді», деп күлді Мақпал Жүнісова.