Аймақтар • 01 Ақпан, 2024

Салтанаты бәсең саябақ

97 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы маңдайымызға біткен жалғыз саябақты жөндеуге кіріскелі сегіз жыл өтті. Төрт мәрте жобалау-сметалық құжаттары қайта жасалды. Жөндеуге бөлінген ақша жетімсіз деген желеумен қыруар қаржы еселей көбейтілді. Әйтсе де қала тұрғындары тағатсыздана күткен ақжарылқап сәт туатын емес.

Салтанаты бәсең саябақ

Фото: mail.kz

Алдымен саябақтың тарихы туралы айта кетелік. Ертеректе бұл төңірек «Коттедждер қалашығы» немесе «Хасенов қалашығы» деп аталатын. Қаланың оңтүстік күншығыс беткейіндегі мәдени-демалыс саябағы заманында дүйім елге аты шыққан орын еді деп айтсаң, бүгінгі сұрқына қарап ешкім сенбес еді. Кейінгі жылдары саябақтың кіреберісінде желдің өтінен тозған қақпаның маңдайында «Мәдени-демалыс паркі» деген жазу көненің көзіндей болып көлбеңдеп тұратын. Заманында бал күлкілі балалардың алаңсыз ойнайтын, ересектердің көкірегін кере еркін демалатын саябағы ішімдіктің босаған бөтелкесіне, әртүрлі қоқысқа толып кетті. Басынан бағы таймай тұрғанда аялаған алақанның ыстық табымен көктеген, көктем шыға күн нұрымен жадырап, жапырақ жайған сан алуан нәсілді ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Көк торғын шымылдық ысырылып, жайнап жаз келгенде бір-бірімен қанаттаса, қап­талдаса өскен мың сан гүлдің хош иісі төңіректі шарлап кетер еді. Бозарып таң атқанда бұлбұл Көкшеге ән таратып, қызылды-жасылды дүниенің көңіл арбайтын титімдей бір ұлағат үлгісі ретінде көрінуші еді. Салақтықтың салдарынан салтанатты саябақтың құр сүлдері, азып-тозған қаңқасы ғана қалды.

Сонау 1969-1970 жылдары №2 Көкшетау селолық құрылыс тресінің иелігінде болыпты. Трест басшылары саябақтың ішін абаттандырып, жаяу жүргіншілер жүретін соқпақ жол салып, гүл­зарларға гүл еккен. Көшеттер кү­тімге алынып, уақтылы суарылып, тыңайтылып отырған. Осындай ыждаһатты еңбектің арқасында саябақ аз ғана уақыттың ішінде қала тұрғындарының демалып, серуендейтін сүйікті орындарына айналған. Бағы жанған кез, жоғарыда біз айтқан «Хасеновтер қалашығы» деген атауға ие болу себебі селолық треске көкшетаулық азамат Асқар Хасеновтың басшылық жасаған тұсы. Ол тұста көп адамға таңсық 64  коттедж салынған. Сәнді саябақ коттедждер қалашығының құ­рамдас бөлігіне айналған. Осы уақытта торкөзді сыммен то­қылған, әдемі қаңылтырлармен өрнектелген қоршау орнатылыпты. Аса қымбат, біздің өңірде сирек кездесетін ағаш көшеттері отыр­ғызылған. Бұрынғы ат сауырындай жерді алып жатқан гүлзарлар кеңейтіліп, қайтадан ажарланған. Футбол, волейбол, теннис алаңдары салынған.

–80-жылдардың басы болуы керек, барлық технологиялық ережелер мұқият сақтала отырып, саябақтың ішінде айналма шеңбер пішіндес балалар теміржолы тартылды. Ортада перронның бір­неше есе кішірейтілген үлгісі тұрды. Те­міржол мен кішкентай вагондарды тіркеген паровоз жү­ріп тұрған. Балалық шақтың бақытын тиеп алға сүйреген ва­гондардың жолаушылары кіш­кентай балалар болды, – дейді қаланың байырғы тұрғыны Есен­тай Қаппасов. – Бағ­дар­шамдар, жол белгілері, жол жүру ережесі жазылған тақтай­шалар, жолаушыларды шақыратын қоңырау, билет кассасы, анықтама бөлі­мі, барлығы нақ бір кәдімгі темір­жолдағыдан айнымайтын.

Індете іздегенде ел ұмытқан кейбір деректерді де таптық. Ба­лалар теміржолының ұзын­дығы 1,9 шақырым болыпты. Жылдамдығы сағатына 15 ша­қырым, состав төрт вагоннан тұрған екен. Саябақтың ортасында революция жауынгерлеріне арналған ескерткіш орнатылған. Жалпақ кірпіштен қаланған ес­керткіштің биіктігі шамамен 12 метрге жуық. 1993 жылы ел игілігіне айналған саябақтың құлдырау кезеңі бас­талды. Әуелі теміржолдың шпалдары сөгіліп алынды. Пайда табуды көксеген пысықайлар шашылып жатқан рельстерді металл сынықтарын қабылдайтын орынға өткізді. Несін айтасыз, заты темірден жасалған заттың бәрі тып-типыл болды. Кейін саябақты ішіндегі ақ балтыр қайыңдар шабылып, іргедегі базарда кәуап пісіретіндердің  отыны болды. 

Қала тұрғындары осы саябақты ретке келтіру туралы сан мәрте мәселе көтерді. Бұрынғы атауы өзгеріп, «Алаш арыстары» деген мәнді де мағыналы, ажарлы да айбынды атау берілді. Жөндейміз дегелі аттай сегіз жыл өтті. Жоба төрт рет түзетуден өткізілді. Әуел баста жергілікті билік сағы сынған саябақты салтанатты пішінге кел­тірген кезде сегіз аттракцион, өрмелеу алаңы, шығыс саябағы, аквапарк және өзге де толып жатқан ойын-сауық алаңдары орналастырылады деген аузыңның суы құритын әдемі уәделерді тоғытқан болатын. Сегіз жылдан кейін спорт және ойын алаңдары, бірнеше орындық, шаңғы роллер жолы және қызметтік-тұрмыстық ғимарат пайдалануға берілді. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса есеп беру жиынында сағыздай созылған сақалды құрылыс аяқталып, қаланың 200 жылдығына орай тапсырылады деп уәде берген болатын. Сәл ше­гініс жасайық, саябақты жөн­деу 2013 жылы басталды. Сол кез­де барлық жоба құны 1 миллиард 204 миллион теңге бо­ла­тын. Қаржы тапшылығына бай­ла­­нысты құрылыс жұмысы ке­шеуілдеді. 2015 жылы 1 миллиард  672 миллион теңге қажет деген түзету енгізілді. Бұл қаржы шағын қаланың тапшылау бюджеті үшін бес батпан жүк болатын. Жоба қымбат болған соң қала әкімшілігі тағы бір түзету жасады.

– 2018 жылы дизайн өзгертіліп, жаңа инвестициялық жобалар қарастырылды. Құрылыс жұ­мыстары 905 миллион теңгеге арзандады. 2021 жылы құрылыс материалдардың қымбаттап ке­туіне байланысты тағы бір тү­зету жүргізілді. Бұл жолы амфитеатр, стелла, аквапарк, тоған алынып тасталды, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов.

Қала әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, ашық аспан астындағы асхана және театр салынуы туралы шешім қабылданған. Барлық түзетулерден кейін шаруаны атқару үшін 2 миллиард теңге қажет болған. Әйтсе де қалада бұдан өзге де проблема шашетектен болатын. Бүгінде сақалды құрылысқа 819 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бірақ атқарылған жұмысқа көңіл тоймайды. Енді қалғаны небәрі 20 миллион теңге.

– Қалған қаражатқа біз кө­галдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүргізбекпіз, – дейді қала әкімінің орынбасары. – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалым­да­рымен хабарласып, қандай ағаш пен өсімдіктер әлемін егуге болатындығын келісудеміз. Саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жолы мен тұтастай жарықтандыруды ретке келтіреміз.

Қала әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, сақалды құрылыстың мәселесін шешуге бизнес өкілдері де атсалыспақ. Негізінде бұл жерде хайуанаттар бағын, спорт кешенін салу, дәмхана орналастыру идеясы бар. Ол үшін жеке бизнесті тартуға болады. Түптің түбінде қаржы тапшылығына байланыс­ты саябақтың бағын жандыратын жекеменшік иелері болуы әбден мүмкін. Енді тұрғындар арасында біршама келіспеушілік тудырып отырған бір мәнді мәселе туралы айта кетелік. Ол – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осы саябақтың ішінде қызыл большевиктердің жерленуі себепті орнатылған ескерткіштің жайы. Бүгінде күтімсіздіктен, жел мен жаңбырдың әсерінен көне ескерт­кіштің әбден тозығы жеткен. Әрі идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткішті алып, оның орнына Алаш қайраткерлеріне көрікті монумент орнату идеясы да айтылып жүр. Біздің тараптан бұл мәселенің әбден орынды екенін айтсақ, ағаттығы болмас. Бірақ кейбір орынсыз пікірлерге алаңдаған жергілікті басшылық әлі де баяу қозғалып отыр. Уәжі – жаңа монументтің тым қымбатқа түсетіндігі. Екін­шіден, қылышынан қан там­ған большевиктердің мүр­­десі сая­бақтың қай жерінде жер­ленгендігін тап басып ешкім айта алмайды. Алдымен ол жерді анық­тау қажет екен. Әрі Алаш қайраткерлері монументін басқа жерге орнатсақ па деген ой да айты­лады. Саябаққа осы киелі атау берілген соң кері шегінетін несі бар?

Көрікті саябақ қала тұрғын­дарының сүйікті орнына айналған кезде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін осы жерде жиналмай ма? Сол сәтте Алаш үшін жан қиған есіл ерлердің мәңгі өлмес рухы әр көкірекке құйылып, алпыс екі та­мы­рындағы ел мен жерге деген мөл­дір махаббаттың отын тұтатып тұр­са, тұғырымыз беки түспес пе еді?

 

Көкшетау қаласы