Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
- Алаш қайраткері, ұлт зиялысы, оқу-ағарту саласында аянбай еңбек еткен, орыс тілі мен әдебиетінің қазақтан шыққан алғашқы мамандарының бірі, Қазақстандағы ұлттық мұғалім кадрларын даярлайтын алғашқы оқу орны – Семейдің Қазақ педагогикалық техникумының тұңғыш директоры Әбікей Сәтбаев 1926 жылы 22 мамырда өз қолымен жазған өмірбаянында Павлодардағы екі кластық ауылшаруашылық мектебін бітіргеннен кейін, өзінің теориялық білімінің жеткіліксіз екенін сезініп, Семейдің мұғалімдер семинариясына 1904 жылы түсіп, оны 1908 жылы бітіргенін, 1905 жылы Семейде жүргенінде қаланың ер балалар және қыздар гимназиясы оқушыларының, семинария тәрбиеленушілерінің шәкіртақыны 10 сомға дейін өсіруді талап еткен петициясына қатысып, айлық стипендиясының 2/1-і алынып, жазаланғанын жазады. Қолымыздағы тағы бір мұрағат дерегі – «Сведения об административного персоне за 1925-26 уч, г.г.» деген құжатта да Ә.Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясын тәмамдағаны көрсетіледі. Абайтанушы-мұхтартанушы ғалым Қ.Мұхамедханов «Тамаша тарихы бар техникум» атты мақаласында: «Ә.Сәтбаев мұғалімдер семинариясын Семей қаласында бітіріп шыққан соң, үздіксіз оқу-ағарту жолында қызмет еткен», деп айта келе, Әбікей Зейінұлының тұңғыш қазақ техникумын ұйымдастырудағы жұмысын, жан аямай атқарған өлшеусіз еңбегін айрықша маңыз бере баяндайды.
Бұл мәліметтерді жаңғыртудағы мақсатымыз – біріншіден, оқу орны тарихының Сәтбаевтар тағдырымен байланысын көрсету болса, екіншіден, Әбікей Сәтбаевтың Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқуы туралы кезінде жаңсақ пікірлердің болғанын да көрсете кету. Қазақ кеңес энциклопедиясының 10-томының 79-бетінде «Ә.З.Сәтбаев Омбы семинариясында білім алған», деп көрсетілген. Мұндай қайшылық Әбікей Сәтбаевтың шәкірті әрі күйеу баласы Әлкей Марғұланның естеліктерінде де, «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясында» да кездеседі. Мұндайда өз зерттеулерінде мұрағат материалдарын қатаң басшылыққа алған Қайым Мұхамедхановқа жүгінуге тура келеді. Оның «Мұхтар – семинарист» атты мақаласы 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мақалада автор мұрағат құжаттарына сүйене отырып, Әбікей Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясында оқығанын атап көрсетеді: «Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түскен қазақ азаматтары тегінде аз болмаған. Мысалы, 1904 жылы семинарияға оқуға түскен қазақ азаматтары: Барлыбаев Ахметолла, Зеинов Әбікей, Нүркинов Тәуекел, Хасенов Әбіш. Бұлардың ішінде Зеинов Әбікей – Қаныш Сәтбаевтың немере ағасы. Қазақ Совет энциклопедиясында Әбікейді «1905 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген» деп жазыпты. Ал архив документтерінде Әбікейдің және онымен бірге 1904 жылы оқуға түскен жоғарыда аталған үш жігіттің 1906-1907 оқу жылында Семей семинариясының екінші класында оқып жүргенін көреміз».
Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивіне арнайы іс-сапарымен барып, архив қорымен жұмыс істеп, оқу орнының тарихына қатысты құнды деректер таптық. Әбікей Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясында оқығанын 228 беттен тұратын архив қорындағы 1904-1908 оқу жылдары аралығындағы жүргізілген іс-құжаттар, Ә.Сәтбаевтың семинария директоры М.Н.Березниковке жазған хаты, Семей мұғалімдер семинариясының директоры М.Н.Березниковтің 1908 жылы 10 маусымда Батыс Сібір оқу округінің құрылтайшысына жазған ұсыныс хаты нақты дәлелдейді.
Сонымен әртүрлі мағлұмат пен мұрағаттық құжатты салғастыра келе, түйгеніміз – Әбікей Сәтбаевтың Омбы семинариясында емес, нақты Семей мұғалімдер семинариясында оқығанының анықтала түсетіндігі. Әбікей Зейінұлы семинарияда оқыған уақытта сабақ төрт сатыдан, яғни бір – дайындық, үш негізгі класс құрылымында оқытылған. Ә.Сәтбаев оқуды бітіргеннен кейін, араға уақыт салып, 1922 жылы осы семинария негізінде ашылған Қазақ педагогикалық техникумында 1927 жылдың жазына дейін директорлық қызмет атқарады. 1927 жылдың маусым айында жаламен түрмеге қамалады. 1928-1931 жылдары Омбы қаласындағы жұмысшылар факультетінде, кейіннен Қырғызстанның Фрунзе қаласындағы педагогикалық институтта оқытушылық қызмет атқарып жүріп, 1937 жылы Алаш қайраткері ретінде ұсталып, атылған.
Әуелде, семинарияны бітірген Әбікей Зейінұлы Баянауыл өңіріндегі ауыл мектебінде, Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде және жоғарғы бастауыш училищесінде мұғалімдік қызмет атқарған. Земство басқармасының оқу бөлімінің, губерниялық оқу бөліміндегі қазақ мектептері бөлімін басқарып, Алашорданың Семей облыстық кеңесінің және облыстық Земство басқармасының мүшесі болған. 1921-1922 жылдары Семейдің Халыққа білім беру институтында физикадан, 1922 жылы Семейдің қазақ педагогикалық техникумының директорлығы қызметімен бірге 9 айлық педагогикалық курста да сабақ берген.
- Әбікей Сәтбаев – немере інісі Қаныштың Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түсуіне себепкер болуымен қатар, ғылым жолына бағытталуына да ықпал жасаған жолбастаушы. Семейдің мұғалімдер семинариясы тарихында айрықша орын алатын Сәтбаевтар әулетінің келесі өкілі – Қаныш Сәтбаев. Әбікей Зейінұлы кезінде өзі оқыған мұғалімдер семинариясына бауыры Қанышты да оқуға шақырып: «...ашылғанына біраз жыл болған, оқытушыларын жақсы білемін, өте білікті жандар», деп кеңес береді. Деректерге сүйенсек, аға ақылын құп көрген Қаныш 1914 жылы Семейге, мұғалімдер семинариясына оқуға аттанады. Қаныш бозбалалық, жас жігіттік шағынан Семейде өсті, білім-тәрбие алып, шыңдалды. Мұрағат қорын мұқият зерттеп, кешегі арыстардың ұрпақ жадында сақталуына аянбай тер төккен ғалым Қайым Мұхамедханов «Мұхтар – семинарист» мақаласында (1983 жылы жарияланған) Қаныштың семинарияда оқыған уақытына қатысты төмендегідей дерек береді: «К 1 января 1916 г. земскими стипендиатами Семипалатинской области при вверенной мне семинарии состояли: Губарев Григорий, Мауытов Жакыпбек, Сатпаев Габдул-Ганий, Нурмухаметов Казы, Сейсембаев Ахметбек, все эти воспитанники, как о том мною сообщено Семипалатинскому областному Правлению в отношении от 14 июня за № 628, в 1915/16 учебном году обучались при отличном поведении вполне успешно и по своим успехам переведены в следующие классы: а именно: Нурмухамедов, Новиков, Сейсембаев в І-ый, Зубков, Ошкин, Сатпаев ІІ-й...» (тізімдегі Мауытов Жақыпбек – Жүсіпбек Аймауытұлы). Бұл – семинария директоры М.Н.Березниковтің 1916 жылы 23 тамызда Семей губернаторына жазған хатынан үзінді.
Оқу орнының тарихынан білетініміз, 1914 жылдан бастап, семинарияда білім беру бес кластық жүйеге көшірілген, яғни бір – даярлық, төрт негізгі кластан тұрған. Семинарияда оқу мерзімі – бес жыл. Қаныш Сәтбаевқа қатысты естеліктер оның семинариядағы оқуы 1914 жылдан басталғанын көрсетеді, бірақ мұрағат құжаттарына мұқият Қайым аға: «Қаныш семинарияға Мұхтардан үш жыл кейін, яғни 1915 жылы түскен. Оны архив мағлұматы дәлелдеп береді», деп жоғарыдағы дәйекті ұсынады. Мұндағы бір жаңсақтық, архив құжаттарымен мұқият жұмыс істеу барысында анықтағанымыздай, Мұхтар Әуезовтің ағасы Қасымбек Әуезов (әкесі Омарханның бауыры) Семейдің 5 кластық қалалық училищесін 1912 жылы бітіріп, сол жылы Семей мұғалімдер семинариясының 1-класына емтихансыз қабылданған. Оқуға қабылданған тәрбиеленушілердің ведомостында Қасымбектің аты жазылмай, тек Әуезов деп фамилиясы көрсетілген 1913-1914 оқу жылының 2-класының ведомостында Әуезов Қасымбек деп толық көрсетілген. Бұл жылдар Мұхтар Әуезовтің Семейдің 1-ші ер балаларға арналған жоғары бастауыш училищесінде оқып жатқан уақыты. Училищені 1915 жылғы 22 мамырда аяқтап, сол жылы мұғалімдер семинариясының даярлық класына қабылданған. Осылайша есептегенде, Қаныш Сәтбаев семинарияға Мұхтардан үш жыл кейін емес, керісінше, бір жыл бұрын 1914 жылы 15 жасында оқуға түсіп, семинарияны 1919 жылы бітірген болып шығады.
Осы кезеңде Жүсіпбек Аймауытұлы да семинарияда оқыған. Қаныш Сәтбаев пен Жүсіпбек Аймауытұлы екеуі семинарияға бір жылы қабылданған. Кластағы 26 тәрбиеленушінің ішінде екі қазақ – Жүсіпбек Аймауытұлы мен Қаныш Сәтбаев бірге оқыған. Екеуінің семинарияда бір класта оқығаны – бұрын-соңды нақтыланбаған дерек. Қолымызда Ж.Аймауытұлының семинарияны бітіргені жөніндегі куәлік көшірмесі бар. Онда Ж.Аймауытұлының семинарияға 1914 жылы оқуға қабылданып, бес жыл оқып, 1919 жылы аяқтағанын көреміз. Куәлік 1919 жылы 5 маусымда толтырылып, семинария директоры К.Моргайликтің қолы қойылып, мөрмен расталған. Қаныш Сәтбаев туралы еңбектерде оның оқуды 1918 жылы аяқтағаны көрсетіледі. Демек Қаныштың семинариядағы оқу кезеңін әлі де нақтылай түсу керек. Біз бұл мәселеге мақала барысында тағы бір тоқталамыз.
Әлкей Марғұлан семинарист Қаныштың оқумен қатар география қоғамына үздіксіз барып, онда қазақ тарихы, Абай, Шоқан, Ф.Достоевский туралы оқылған әр лекцияны қалт жібермегенін айтады. Қаныш Семейде оқыған тұста тек семинарияның оқу бағдарламасымен шектеліп қалмай, ғылымның әр саласына да жастайынан ден қойғанын көреміз. Қ.Сәтбаевтың соншалықты айрықша интеллектуалдылығы мен энциклопедиялық білімпаздығы жылдар өте келе, өзінің халық ауыз әдебиетін зерттеуге, әдеби-мәдени-тарихи тақырыптардағы тың ізденістері мен құнды еңбектеріне ұласады.
Ол өзге де талапты жастармен бірге қаладағы қазақтың мәдени өмірін жандандыруға көп үлес қосқан. Сол уақыттарда Семейде «Шығыс кеші» деген атпен ойын-сауық кештері ұйымдастырылып тұрған. Бұл кештерді өткізуде мұғалімдер семинариясы оқытушылары мен оқушылары аса белсенділік танытқан. Мұндай тағылымды кештерді ұйымдастырушылардың қатарында шәкірттерін өнерге баулыған ерлі-зайыпты зиялылар Нұрғали-Нәзипа Құлжановтарды атар едік. Сондай кештердің бірі – 1915 жылдың 13 ақпанында Семейдің приказчиктер клубында өткен мәдени-этнографиялық қайырымдылық кеші. Кештен түскен қаржы Петроградтағы мұсылман-соғыс ауруханасы мен тұрмысы нашар қазақ шәкірттерінің мұқтажын өтеуге пайдаланылған. Кешке талапты да талантты қазақ жастары және семинария шәкірттері Жүсіпбек Аймауытұлы мен Қаныш Сәтбаев, ер балаларға арналған училище оқушысы Мұхтар Әуезов те белсене қатысады. Сол уақыттың «Айқап», «Қазақ», «Семипалатинский телеграф», «Сибирская жизнь» сынды белгілі басылымдарында аталған кеш туралы мақалалар жарияланған. Әлгі кеште семинарист Қаныш И.Крыловтың Абай аудармасындағы «Бұлбұл мен есек» мысалын мәнеріне келтіріп оқып беруімен қатар, мандолина аспабында да шебер ойнап, кеш салтанатына өнерімен сән үстеп, жұртшылықты талантымен тәнті еткен. Кейін ел ішінде қызметте жүргенде де үнемі мәдени-көпшілік іс-шаралардың басы-қасында болып, ұдайы белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленгені және белгілі. Осыған орай нақтылай кететін бір жайт бар. Әлкей Марғұлан өзінің Қаныш туралы естелігінде: «Қаныштың айтуынша, Мұхтар, Жекей деген бала үшеуі бір пәтерде тұрып, бір кезде бітіріп шығады» (Семей мұғалімдер семинариясын) дейді-дағы, 1915 жылғы 13 ақпанда өткен кеш туралы баяндай келе: «Бұл кеште Қаныш аз роль ойнамаған. Ол сайыста, біріншіден, Қобыланды батыр болып шықса, қалған екі бөліміндегі әннің көбін орындап шығады, оның ішінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні «Топай-көк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», т.б. Жекей Біржан сал болып шықса, Назипа Сараның ролін атқарады», дейді.
Бұдан «осындағы Жекей деген кім?» деген сұрақ туады. Ол – Жүсіпбек Аймауытұлы. Оның «Жекей» аталуының үш түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, осы естелік жазылған уақыт – Жүсіпбек Аймауытұлының әлі ақталмаған кезі. Сондықтан оны Әлкей Хақанұлы «Жекей» деп жасырын атап отыр деп ойлау жөнге келеді. Екіншісі, қазақи ғұрып бойынша, ардақты адамды еркелете атау дағдысына сәйкес болса керек. Мысалы, Қаныштың шын аты – Ғабдул-Ғани, ағасы Бөкештің шын аты – Ғабдул-Ғазиз. Үшіншісі – әдеби псевдоним. Қалай десек те, естелік бойынша, «Мұхтар мен Қаныш екеуімен бір пәтерде тұрып, оқуды бір жылы бірге бітірген азаматтың» Жүсіпбек Аймауытұлы екені шүбә келтірмейді. Әлгінде айтылған кештің мұрағатта сақталған бағдарламасы бойынша Біржан сал рөлін Жүсіпбек Аймауытұлы ойнаған. Яғни Әлкей Марғұлан естелігінде аталған «Біржан сал болып ойнаған Жекей» – Жүсіпбек Аймауытұлы. Бірақ Нәзипа ол кеште Сара ролін ойнамаған, оны ойнаған – Тұрар Қозыбағарова (Алаш қайраткері Алаш Қозыбағаровтың жары).
Бұл естелік негізінде түйінделетін басты ой, ол – Қаныштың мұғалімдер семинариясын Жүсіпбекпен бірге 1919 жылы аяқтайтыны. Қаныш Семейдегі бес жылдық мұғалімдер семинариясына оқуға 1914 жылы түсіп, 1914-1915 жылдары даярлық класын бітірген. Негізгі кластарда төрт жыл оқып, 1919 жылы семинарияны аяқтауға тиіс. Бұл ойымызды Орталық мемлекеттік архивтен табылған құжаттар айқындайды. Архив құжаттары негізінде Қаныш Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясында Жүсіпбек Аймауытұлымен бір класта оқығанын дәлелдедік. Екеуінің семинарияда бір класта оқығаны бұрын-соңды нақтыланбаған дерек еді. 1917-1918, 1918-1919 оқу жылдарындағы ведомостарда Ж.Аймауытұлының аты кездескенімен Қ.Сәтбаевтың аты жоқ. Қ.Сәтбаевтың өмірін ұзақ жыл зерттеген қаныштанушы, жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш елі» атты еңбегінде: «1950-52 жылдардағы науқан кезінде тарихшы Т.Шойынбаевтың «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 9 қараша күнгі санында жарияланған бір мақаладан «Қ.Сәтбаевтың «Алашорданың» жас қайрат үгітшілерінің санатында аталғанын» жария еткен ақпарына байланысты ғалымның өзі: «Тілші айтып отырған уақытта кеуде дертіне ұшырап, ауруханада жатқанмын, артынша емделу үшін ауылға кеткенмін...», деген жауабын келтіреді. Қаныш Сәтбаевтың осы жылдары ауырып, емделгенін, курстан курсқа емтихансыз көшірілгенін дәлелдейтін архивтік құжаттар кездестірмедік. Бірақ ғалым өмірінің осы кезеңіне қатысты жазылған еңбектерде оның 1917 жылы науқасқа шалдығып, оқудан қол үзіп, емделуіне тура келгенде, семинарияның педагогикалық шешімімен оның келесі класқа емтихансыз көшірілгені айтылады. Бұл деректі зерделеу алдағы уақыттың еншісінде.
Семей мұғалімдер семинариясының тәрбиеленушісі Қаныштың өміріне қатысты тағы бір тарихи құжат – Семей облысы Павлодар уезі Ақкелін болысының қазағы Имантай Сәтбаевтың 1915 жылғы 24 шілдеде семинария директорының атына жазған өтініші. Өтініште әкесі семинария тәрбиеленушісі Ғабдул-Ғани Сәтбаевты анасының ауруына байланысты 1 қыркүйекке дейін оқудан босатуды сұрайды. Қ.Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясын аяқтағаны туралы куәлігін бірде-бір архивтен кездестірмедік. Көңілімізге медеу болатын бір жайт – академиктің бұл құжаты Семей мұғалімдер семинариясынан кейін түскен оқуы – Ресейдің Том технологиялық институты болғандықтан, сол қаланың архивінде сақталуы мүмкін.
Белгілі тарихшы-ғалым Ерлан Сыдықов Семейде ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалап, іргетасын нығайтуға белсене атсалысқан қазақ зиялылары – Алаш мұғалімдері қатарында Қаныш Сәтбаевтың да есімін атайды. Жас Қаныш Алашорданың білім саласындағы істеріне білек сыбана кірісіп, Семей уездік Земство басқармасының қолдауымен құрылған қазақ мұғалімдер одағының мүшесі болған. 1918-1919 жылдары Семейде қазақ мектептеріне сабақ беруге мұғалімдер даярлауға арналған екі жылдық курс-мектеп Ертістің сол жағалауындағы Алаш қаласында ұйымдасады. Курсқа сабақ беруге таңдалған қаладағы 4 мұғалімнің бірі Қаныш Сәтбаев еді. Мұғалімдер курсында орыс тілінен сабақ беретін мұғалім табылмағандықтан, бұл жұмысты да Қ.Сәтбаевқа жүктеген. 1920-1921 жылдары Қаныш денсаулығына байланысты Семейден еліне қайтады.
- Семей мұғалімдер семинариясы дегенде, осы оқу орнының негізінде 1922 жылы ашылған Қазақ педагогикалық техникумының тарихына қатысты Сәтбаевтар әулетінің үшінші бір адамы, Қаныштың жұбайы – Таисия Алексеевна Кошкинаны ескермей кетуге болмайды. Оқу орнының 1925 жылғы тұңғыш түлектерінің фото-суретіндегі оқытушылар қатарынан Т.Кошкина бейнесін де көреміз. Бұл суретке түсініктеме берген Қ.Мұхамедханов «Т.А.Кошкина Алматыда тұрады (Қаныш Сәтбаев марқұмның әйелі)» деп таныстырады. Қазақ педагогикалық техникумында 1923-1928 жылдары оқыған Төлеужан Мусин өзінің «Өмір баспалдақтары» деген естелік кітабында Т.А.Кошкинаның оқу орнында геология, минералогия пәндерінен сабақ бергенін айтады. Оқу орнының сол кезеңдегі педагогикалық кеңесінің хаттамаларында оқытушы Т.А.Кошкинаның есімі ұшырасып отырады. Абай облысының мемлекеттік архивінен табылған 1924 жылдың 15 қазанындағы Семей және Алаш қалалары оқу орындары оқытушыларының (108 адам) тізімінен де Т.А.Кошкинаның есімін кездестіреміз.
120 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж бен Сәтбаевтар әулетінің байланысы туралы дерек – осы. Ағалы-інілі Сәтбаевтар білім алған Алаштың тұңғыш білім ордасы – ел тәуелсіздігі тарихында айрықша орны бар, ұлтымыздың білімі мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан қара шаңырақ. Қазіргі күні оқу орнында Әбікей мен Қаныш Сәтбаевтардың өнегелі ғұмырын насихаттайтын салтанатты іс-шаралар жиі болып тұрады. Колледжде ашылған Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев атындағы атаулы кабинеттер – тәуелсіз еліміздің болашақ мұғалімдерінің азаматтығы мен патриоттығын қалыптастырудағы өнеге, тәрбие ортасы. 2010 жылы оқу орнының 110 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу ғимаратының қабырғасына ғалымның барельеф-бейнетақтасы орнатылды. Сондай-ақ білім ордасының тарихымен таныстыратын мұражайдың тұтас бір бөлімін ғұлама ғалымның өмірі мен еңбегіне арнадық. Тағдыры қилы, тағылымы мол ғалымның бай мұрасын бүкіл ұжым болып терең меңгеруді әрдайым мақсат тұтып келеміз. Тарихи ескерткіш санатындағы колледждің бас ғимаратының қабырғасына 2021 жылғы 21 шілдеде Сенат депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нұхұлы Қаныш Сәтбаевтың немере ағасы, Алаш қайраткері Әбікей Зейінұлының 140 жылдық мерейтойы қарсаңында мемориалдық тақта орнатты. Тарихи ғимаратқа еніп, Алаштың ардагер ұлдарының ізі қалған баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп, музейге кіргеніңізде төрден Қаныш Сәтбаевтың ойлы да асқақ кейіптегі бюст-мүсіні қарсы алады.
Шағангүл ЖАНАЕВА,
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты