Тұлға • 01 Ақпан, 2024

Намысы – әдебиеттің қасиеті

161 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй» секілді тамаша романдар, «Заманай мен Аманай» повесін, «Сабалақ-Абылай», «Ажар мен ажал», «Қызым, саған айтам», «Өлара», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық» атты пьесалар жинағын дүниеге әкелген, мұнымен қоса публицистика және әдебиеттанумен шұғылданған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына – 90 жыл.

Намысы – әдебиеттің қасиеті

Іргелі суреткер, белгілі драматург ретінде ол қазақ әдебиетіне орасан зор үлес қосты. Ғабит Мүсіре­­­повтен бастап, өзімен қатар­лас-қанаттас аға-іні қалам­гер­лердің көпшілігі Сәкеңнің талан­тын мо­йындап, оның көркем туын­­дылары туралы жақсы, жылы пікірлерін айтты және жазды.

«Ақын Ғафу Қайырбеков Сәкен іні­сі­не:

Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл,

Бір өзің жеті сері, жеті батыр.

Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда,

Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр», деп тегін айтпаған.

Сәкен Жүнісовтің есімімен біз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан таныспыз. Онда мектеп оқушысымыз. Әдебиетші ұстазымыз Сейсек Жақып­жа­нов Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Сәкен Жүнісовтің «Жапан­­дағы жалғыз үй», «Ақан сері» дилогиясының мән-маз­мұ­нын нақыштап, мөлдірете айтқанда құла­ғымыз қалқайып, аузымыз ашыла үнсіз отырып тыңдағанбыз.

Ол кезде кітап дүкендерінде Алматы­дан шыққан су жаңа жинақ­тар­ толып тұрады. «Жапандағы жал­ғыз үй» романын сатып алған­да­ғы қуанышым ерекше болды. Ертеңгі сабаққа дайындалуды ысырып қойып, роман оқуға кірістім.

«Күн бесіндіге таяна таңер­тең­нен­ бері жапалақтап жауған қар­дың арты боран­ға айналды. Мана бір кезде қоп-қою қар­лы бұлт бүр­­кенген зеңгір аспан аз уақыт кө­г­­ілдір түске боянып ысқаяқтана ашыл­­­ғанда, ендігі кезекті Арқаның желі­­­нен күтіп тым-тырыс монтанси­ қалған.

Дәл осы мезетті аңдығандай кеше­ден бері демін ішіне тарт­қан ызғырық өткір жел де баяу көте­ріліп, ұртын томпайта қой­ды. Алғашқыда сұлық жатқан жал­­пақ өңірдің ақ көрпесін қай жағы­нан түрерін білмей, мың құбы­лып тұрды да, терістікке қарай біржолата жонын бере бұры­лып алған соң, ішін тартып, зор уіл­ге басты. Жаңа түскен ұлпа қар ен даланың бетінде жыланша ирелеңдеп, жер бауырлай тіміс­кі­леп кезіп жүр. Жел гулеген сайын­ қарлы жыландар бастарын қайта-қайта көтеріп алып, естері шыға ойнақ­шып мидай араласа жөнеледі. Көкке шапшып шаншылып, бір-біріне айбат шегіп ысылдап, арбасып тұрады да, жерге сылқ етіп құлап, мың бұратылып, ұмар-жұ­мар домаланған күйі қайта жо­ғары шиыршық атылады. Боран көтеріліп кетті...»

Не деген сурет! Не деген бейне­лер!­

Проза – тілменен, сөз өнерімен сурет салу. Онсыз кейіпкердің мінезі, заманның болмысы, уақыт­тың лебізі ашылмайды. Көз алдыңа елестейтін, кейіпкердің мінезін ашатын, оқушыны тамсандыратын нәрсе сурет қой.

Қалың романды бір аптада оқып шықтым. Сұлумұрт, Халел мен Жәлел, Райхан мен Күргерейдің тағдыр талайы, жүріп өткен жолдары елестеді. «Жапандағы жалғыз үй» қазақ даласына жасалған кеңес дәуіріндегі жағымсыз әрекеттерді әшкерелеу болатын.

Кеңес өкіметі орнап, қазақ дала­сы бодандық қамытын мой­нына ілгендегі кезең туралы ақиқатты мейлінше ашып көр­сеткен көркем шығармадағы тың және тыңайған жерлерді иге­ру деген сылтаумен қазақ дала­сы­ның астаң-кестең, апыр-топырын шығар­ғаны шын­дық. Қазақтың атам заманнан бері қалыптасқан тұр­мыс-тіршілігін тізеге баса оты­рып өзгертіп, отарлаушы елдің өз дегенін істеген жыл­дар. Өздерін осы елдің қожа­йы­ны сезінген басқыншылар. Олар­­­ға жарамсақтанған, аяр, екі­­­жүзді өз ішімізден шыққан шо­лақ­ белсенділердің қулық-сұм­ды­ғы­, қырық айлалы іс-әре­кет­тері жа­ғам­ды ұстатып, жүрек шан­шы­ған.

«Жапандағы жалғыз үй» романын көтеріп тұрған Қарасай бейнесі кезінде талай-талай әңгі­меге арқау болды, – дейді жазушы Рамазан Тоқтаров. – Өте күшті, жан-жақты шыққан бейне, кез келген қазақ шаруасы одан өзін көрді. Сол үшін де ғой авторға түртпектің көбейіп кеткені. Соңына көлеңкелі біреулер түсті. «Ол адам өмірде бар ма? Прототипі кім? Оның айтқан сөздерін кімнен естідің?» деген қитұрқы сұрақтар көбейіп кетті. Ол аздай, социалистік реализм әдісімен қаруланған біздің кейбір сыншыларымыз да Қарасайдың бейне­сінен елде-күнде жоқ құбы­жық­ көре бастады. Сол себепті де жарық көрісімен Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылған, талқылау тұ­сында барлық межеден өткен бұл роман: «Жағымсыз кейіпкерін бас­ты қаһарман еткен» деген желеу­мен­ сыйлыққа да ілінбей қалды...» («Сәкен сері – Ел жайында, Ел – Сәкен сері жайында», Алматы, «Жазушы тойы», 355-бет).

 

* * *

«Ақан сері» дилогиясы қазақ әдебие­тіне үлкен олжа салған, құнды дүние. Роман туралы кезінде талай сыншы, талай жазушы өз пікірін жеріне жеткізе айтып, баспасөз бетінде жариялағанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сәкен Жүнісов 50 жасқа толғанда сөз шебері, көрнекті суреткер Ғабит Мүсірепов:

«...Біздің Сәкен осы жасында біраз іргелі, атаулы туындылар берді. Ол – қазір отыз жылдық мерекесін атап өтке­лі отырған тың эпопеясына орай сонау кезде жазылған «Жапандағы жал­ғыз үй» романы және басқа әңгіме, повес­тері еді. Оған қоса Ақан жайлы екі томдық шығарма және жазылды. Әрине, творчествода әркімнің өзіндік көзі болуы қажет. Сол Ақанды мен де жаз­ғанмын. Айтарым, Сәкен өз кейіп­керін өзінше қадір-қасиетімен, ақын­дық, серілік жарқындығымен, халық­­тың сұлу тілінің қуатымен мінсіз сурет­теген. Ескі сүрлеуге де, дайын даң­ғыл жолға да түс­пеген, басқа­ның ізін қуып шиыр­ла­маған. Соны­сымен маған қадір­лі көрі­не­ті­нін, әдебиетіміздің асыл қоры­на қосыл­ға­нын айта аламын...» («Социа­лис­тік Қазақстан» газеті, 1984 жыл).

Қазақ халқының мәдениетінде айрық­ша­ орын алатын Ақан сері сынды тұлғаның әдебиеттегі, сахна­дағы, экрандағы жарқын бей­несі әлі де сан ұрпақ өкілдеріне тәрбиелік өнеге бермек.

С.Жүнісов прозамен қоса драматургия саласында да өнімді еңбек еткен. Оған оның өткен ғасыр­­дың жетпісінші, сексенінші жылдары жазған, сахналанған пьесалары айғақ.

2003 жылы Мәдениет министр­лігі өткізген «Астана-Бәйтерек» атты респуб­ли­калық конкурста драматург Сәкен Жүнісовтің екі бірдей пьесасы бірінші орынға ие болды.

«Сәкен Жүнісов есімі қазақ оқыр­ман­дарына кеңінен таныс. Төкпе тіл, ора­лым­ды өткір ойларды, тұтас та жүйелі проблемалық мәселелер мен қоғам қаже­т­іне ауа­дай керекті өміршең мате­риал­дар­ды түп етектен қалай ұстау­ды жақсы білетін драматург еңбегінің қай-қайсысы болсын оқырман, көрермен көңілін селт еткізбей қоймайды», деп жазады танымал театр сыншысы, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай.  Сәкен ұлттық сахнамыздың сәні боларлықтай талай бір тамаша пьесаларды өмірге келтірді. «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Әр үйдің еркесі», «Қызым, саған айтам», «Кроссворд», «Өліара», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деп аталатын көп­жанрлы дүниелер көптеген театры­­­­мыз­дың шығармашылық шырайын кіргізіп, бірнеше режис­сер, актерлеріміздің шеберлік мүмкіндіктерін көрермен қауым­ға әйгілеп берді. Автор­дың қала­мы­нан туған жоғарыдағы онға жуық сахналық шығармалардың көр­кемдік деңгейі жөнінде солғын шық­қандары кемде-кем десек, оның төрт туындысы бұрынғы одақтық және республикалық конкурстардың жүлдесін жеңіп алды, олар: «Ажар мен ажал», «Әр үйдің еркесі», «Өліара». Басқа дүние­лері де Қазақстанның профессионал театрларының сахналарын түгел аралап шыққан. Драматург шығармаларына рес­пуб­­ли­камыздың халық театр­­лары да үлкен ықылас қой­ғаны мә­лім...» (С.Жүнісов шығар­ма­лары, 5-том,­ «Сәкен сері драматургиясы хақында», Алматы: «Таймас» бас­па үйі, 2013 жыл).

 

* * *

Алланың қалауымен, дәм жазып Көкшетау облыстық телевизиясында бас редактор болып қызмет істеген жылдары Сәкен Жүнісовпен жақын танысып, араласқан жағдайым бар. 1994 жылы алпыс жасқа толарында Көкшетауға келген сапарында сұхбаттасып, телехабар дайындау барысында Бурабай кентіне, онда бірнеше жылдан бері салынып, сол кезде құрылысы тоқтап тұрған үш қабатты коттеджіне де барғанбыз («Өзі жоқтың көзі жоқ» демей ме? Сол коттедж «сақалды кұрылысқа» айналып, күні бүгінге дейін қаңырап бос тұр. Мен ол туралы кезінде «Ана тілі» апталығына және әлеуметтік желіге мақала жазғанмын. Өкініш­ке­ қарай, «Бұқпа» газетінің редакторы, белгілі қаламгер Төлеген Қажыбаев пен әдебиет жанашыры Мұрат Ыдырысовтан өзге ешкім пікір білдірмеді. Әсем Бурабай селосының шетінде, қалың орманға сұғына орналасқан үш қабатты, он екі бөлмелі коттедж осылай тұра берсе, енді жеті-сегіз жылда далада қалуы әбден мүмкін...).

Сәкен ағамен сұхбат барысында мен жазған шығармалардың ішінде қайсысы жүрегіңізге жақын деп сұраған едім.

– Қайсысы жақын деген сауалға кесімді жауап айту қиын, – деген еді Сәкең. – Мен прозамен қоса драматургиялық шығармалар да жазып жүрмін. Мәселе шығарма жанрында емес, жазылуында. Жұрт­­тың айтуына қарағанда «Ақан сері» белді шығармам ғой. Алғаш­қы­ романым «Жапандағы жалғыз үй» де өзіме ыстық. «Заманай мен Аманай» өзіме ұнай­тын секілді. Кезінде «Молодая гвар­дия» журна­лында басылып, жүлдегер атандым. «Новый мир» жур­налы бас­қалы жатқанда, 1986 жыл­ғы Желтоқсан көтерілісіне байланыс­ты жарық көрген жоқ. Ол кезде қазақ­тан безген уақыт болды ғой. Ол жеке әңгіме... Артынан «Новый мир» журналының бас редакторы Сергей Залыгин кешірім сұраған...

«Заманай мен Аманай» пове­сімді орысшаға аударған – белгілі жазушы Владимир Солоухин. «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Кемеңгерлер мен көлең­ке­лер» сынды пьесаларымды да кеміт­пеймін.

Ата-анаға он баласы да бір­дей. Ешқайсысын алаламайды. Біреуі ерке, екіншісі тентек дегендей... Ал оқырманға жазу­шы­ның бір шығармасы ұнаса, келесі біреуі ұнамайды. Өйткені оқушы талғамы әртүрлі. Жалпы, шығар­ма­ның тағдырын шешетін парасатты оқырман мен уақыт қой. Осы тұрғыдан келгенде менің шығармаларыма оқырманымның біразы риза секілді. Әлбетте, көңі­лің­ өседі. Халқыңның алдында ұятқа қалсаң, масқара сол емес пе? Ал оқырман «Әй, соны қойшы?» десе, онда жазбаған артық... Оқы­май қояды. Ал мақтап жатса, зорлап мақтатып жатқан жоқсың ғой... «Ақан серіні» Ақан қылған Сәкен, Сәкенді Сәкен қылған – Ақан» деген сөздерді талай естідім. Соған қарағанда халық «Ақан сері» романымды жақсы көрсе керек...

Одан соңғы әңгімеміз «Жапан­дағы жалғыз үй» туралы болды.

– Тың бізге бір тың дүние, сер­пі­ліс әкелді, – деп сабақтады жазушы жауабын. – Қалғыңқырап отыр­ған адамды түр­тіп жібер­ген­дей... Трактормен келіп: «Әй, тұр! Тұр­масаң, мынау үйіңнің қабыр­ға­­сын сөгіп алып кетемін...» дегендей...

Бәлкім біз техниканы кейіндеу меңгерер едік. Тың – тездетті. Біз өзі түртпесең, ұйықтап жүре беретін, бейберекеттеу елміз ғой. Міржақып Дулатұлының: «Оян, қазақ!» деп жүргені бекер емес. Бізді ояту керек! Көрпе­міз­ді жұл­­қып, жылы жерден суық­қа шыға­рып, сергітпесе бол­­майды. Себебі кең байтақ жеріміздің жерасты байлығына тоқмейілміз. Риза болу өз алдына, сол байлықты иемденіп, іске жарату керек. Жапондар жері аз болғандықтан, ауласына жүз түрлі гүлді егіп қойып, соны иіскеп отырады. Жер көле­мі шағын болған соң, тырбанып, еңбек етпей қайтсін? Ауызыңды ашып­ отыра берсең, үлкен жеріңнің күні ертең ұлтарақтай болуы оп-оңай...

Қытайлар да солай. Құрт-құмырсқаны жейтіні, күн көру үшін. Оған күлуге болмайды. Дұрыс істейді. Бір миллиардтан астам адам, осылайша тірлік етіп жатыр. Бізде бір кісіге 1,5-2 шаршы шақырым жерден келеді екен. Малымыз өзі жайылып келеді. Рақат! Жылқымыз қыс бойы тебін­де. Өз азығын өзі тауып жейді. Міне, осы жағынан келгенде тың бізге – Оян, қалғи берме! – деп ескертті. Тыңның сорақы жері – мал жайылымын қалдырмай жыртып тастады. «Жапандағы жалғыз үйде» ол жазылған. Маған сол үшін кезінде, партияның бағдар­ла­масына қарсымысың деп кінә тақты. Мен: «Жоқ, қарсы емеспін. Никита Хрущевтің қиғаштық жаса­ға­ны, қазақ мектеп­те­рін жауып тас­тағаны, ана тілі­міз­ді жоғалтып жібер­гені, бізді мен­сін­бегені, қазақ­­тар­дың арасынан мық­ты кадр­лар шық­пайды дегені, міне, осы­ларға қарсымын деп жауап қай­тардым.

Қазақ – дарынды халық. Мұ­ны­ мен қазақ болған соң айтып­ отыр­ғам жоқ. Өзге ұлттармен салыстырам ғой. Тек бізге әредік-әредік: «Ей, басыңды көтер! Оян! Қата­рыңнан қалма! Анау әдемі үй салып жатыр. Сен неге салмайсың? – деп түртіп отыру керек. Орыс, ше­шен, неміс, өзге де ұлттар үй са­лып жатса, «қолынан келеді ғой» дейміз, Ал қазақ салып жатса: «Әй, бұл ақшаны қайдан алды екен? Қайтіп салып жатыр?» ден күмән­данамыз.

Тың бізді қамшылады...

 

* * *

Сәкен Жүнісов жан-жақты, парасатты өнердің әрбір саласынан өзін танытқан тұлға екендігін қазақ оқырманы жақсы біледі. Асқан таланты үшін қазақ зиялылары оны Сәкен сері деп атаған. Ол карикатуралар салған, домбыра, пианино, мандолин аспаптарында ойнап, ән айтқан. Мұнымен қоса ол қазақша күрес сайыстарына қатысқан. 2014 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақ зиялыларының қолдауымен деректі фильм шыға­рыл­ды. Фильмнің тұсау­ке­се­рінде қарындасы Роза Жүні­­сова аға­сы­ның өмірі мен шығар­ма­шы­лығы туралы айта келіп, жазушы өмірін Ақан сері тағдырымен теңестірді.

«Сәкен сері» деген атты кезін­де көр­нек­ті жазушы Ғабит Мүсі­ре­пов берген көрі­неді. Ол туралы Ғабеңнің айтқан сөзі бар.

Сәкең 60 жасқа келгенде, белгілі ақын Өтежан Нұрғалиев «Сәкен» атты ұзақ өлеңін:

«...Жұлдыз көп әркімдердің жете­гін­де,

Біреулер хошеметке еті өлуде.

Ақ туын Абылайдың бірге қосып,

Сәкенді Ақан сері көтеруде!..», деп жазған екен.

Ән падишасы, қазақтың біртуар ақыны Ақан сері Қорамсаұлы айтылған жерде әйгілі жазушы, дарынды драматург Сәкен Жүнісов еріксіз еске түсері хақ. Қаламгердің ел мен руханиятты қорғаған, қолдаған намысы – әдебиеттің қасиетіндей еді.

 

Толымбек Әбдірайым,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты