Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде онкологиялық аурулармен күресіп жүрген медициналық орталықтардың дәрігерлері түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ғылыми конференциялардан бөлек, ауруды жеңіп шыққан пациенттер мен дәрігерлердің ерлігі туралы айтылады. Көбіне-көп халықты ақпараттандыру жұмыстарына көңіл бөлінеді. Өйткені дәрігерлер, соның ішінде онкологтер қатерлі ісікті мейлінше ерте сатыда анықтаса, ем қонатынын айтады. Бұл пікірді Астана медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург маман Абай Мақышев та қоштады.
– Әлем елдері қатерлі ісікке қарсы өзінің мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырып, түрлі қадамға барып жатқанымен өлім-жітім азаймай тұр. Аурудың пайда болып, дамуына бір емес, бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, пациенттер көбіне-көп қатерлі ісік метастаз бергенде, яғни басқа ағзаларға тарағанда, аурудың соңғы сатысында медициналық көмекке жүгініп жатады. Бұл кезеңде емшаралар күрделі, қиын болады. Екіншіден, қатерлі ісік көбіне темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің аздығы, радиация, қоршаған ортаның ластануы және генетикалық бейімділік сияқты мінез-құлықтан немесе экологиялық қауіп факторлары бар өлкелерде тұратын адамдарда дамиды. Үшінші, қатерлі ісік, оның себеп-салдары, белгілері және алдын алу әдістері туралы білім беру, халықты ақпараттандыру онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және емдеуге көмектесетін шешуші фактор саналады. Жалпы алғанда, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту үшін профилактиканы жақсартып, білім беруді жетілдіріп, салада сапаны жоғарылату арқылы азайтуға болады,– дейді доктор.
Ғылым-білім, медицинаның бір орында тұралап қалмай, жылдан-жылға дамудың үстіне дамып жатқанынан хабардармыз. Жыл сайын ғылымдар небір аурулардың емін ойлап табады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қатерлі ісіктің қалай пайда болатыны, ошағы, нақты себеп-салдары белгісіз. Бірақ қатерлі ісікке алып баратын бірнеше қауіп факторы көпке мәлім деп ойлаймыз. Мысалы, темекі шегу – өкпе, ауыз қуысының, жұтқыншақтың және басқа да көптеген ағзаның қатерлі ісігінің дамуына әсер ететін қауіпті фактор. Генетикалық бейімділік деген бар. Яғни кейбір гендік мутациялар қатерлі ісік ықтималдығын арттыруы мүмкін. Жұқпалы ауруларды айтар болсақ, адам папилломавирусы (HPV), В және С гепатиті сияқты кейбір инфекциялар қатерлі ісіктің дамуымен байланысты болуы ықтимал. Сондай-ақ ультракүлгін сәулелер тері ісігінің дамуына әкелуі мүмкін екен. Жоғары дозалы сәулелену, осының ішінде рентген сәулелері немесе сәулелік терапия сияқты ұзақмерзімді сәулелену қатерлі ісік ауруының даму қаупін арттыруы ықтимал. Осының барлығын елеп-ескеріп отырған күннің өзінде бастапқы кезеңдерінде нақты симптомдарсыз дамитын қатерлі ісік ауруларын анықтау – тіпті оңай емес.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, онкологиялық аурулардың 250-ден аса түрі бар деседі. Ал елде қатерлі ісіктің өкпе обыры, асқазан обыры, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры секілді түрлері жиі кездеседі. Осының ішінде өкпенің қатерлі ісігі онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің басты себептерінің біріне айналып барады. Бұл темекі шегумен, қоршаған ортаның ластануымен байланысты. Асқазанның қатерлі ісігі елде, әсіресе ер адамдар арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі болып қала береді. Мұның себеп-салдары тұқымқуалаушылыққа, сондай-ақ тұзды және ысталған тағамдарды жиі тұтынумен байланысты болуы мүмкін. Сүт безінің қатерлі ісігі әйелдер арасында жиі кездеседі. Кейінгі жылдары аурудың осы түрінен болатын өлім-жітімді азайтудың оң үрдісі байқалғанымен, оның алдын алу және ерте анықтау еліміздің медицина жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.
Әлемде қатерлі ісік ауруларының түріне қарай терапиялық емшаралар дамып жатыр. Қуантарлық жай, құптарлық шешім. Бірақ осы күнге дейін қатерлі ісікке қарсы нақты дәрі-дәрмек табылмады. Бұл – енді медицина қауымдастығын толғандыратын сұрақ.
– Қатерлі ісік ауруының емі туралы мәселе ондаған жылдар бойы қойылып, ғылыми ортада және жалпы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Хирургия, сәулелі ем және химиотерапия сияқты қатерлі ісіктерді емдеудегі елеулі жетістіктерге қарамастан, әлі де шынайы әмбебап ем жоқ. Мұның себебі қатерлі ісік клеткаларының күрделі болуынан және ісіктің қалыптасуы мен дамуына әсер ететін көптеген факторға байланысты болып тұр. Қатерлі ісік – ағзадағы жасушалардың дұрыс бөлінбеуімен және өсуімен сипатталатын күрделі ауру. Мұнда атипті жасушалар өсіп, айналадағы тіндер мен ағзаларға еніп, қан мен лимфаға тарап, дененің басқа бөліктерінде жаңа ісіктер тудыруы мүмкін. Бұл – метастаз деп аталады. Қатерлі ісік жасушалары тек орналасқан жері бойынша ғана емес, генетикалық материалының түрі мен өзгерістері бойынша да әртүрлі болуы мүмкін. Бұл онкологиялық ауруларды емдеуді одан да күрделендіреді, – деп түсіндірді А.Мақышев.
Онкологтің айтуынша, қатерлі ісіктердің көбі адам ағзасында ұзақ дамиды. Тіпті ісіктің бастапқы кезеңін толық медициналық тексеру барысында да бірден анықтау қиын екені жоғарыда айтылды. Қатерлі ісікке қарсы емнің әлі табылмауының тағы бір себебі – салада клиникалық зерттеу жүргізудің қиындығы. Мұнда ғалымдарға қойылатын талап қатаң. Бүгінде онкологиялық ауруларға шалдыққандардың арасында 30-40 жас аралығындағы азаматтардың көбейгені байқалады. Емі күрделі ауру жылдан-жылға «жасарып» барады. Ісіктің кейбір түрлері тұқым қуалаушылықпен байланысты болуы мүмкін. Егер жас азаматтың отбасында бұрын қатерлі ісікке шалдыққандар болса, онда сол тұлғаның қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары болуы мүмкін. Жастар арасында онкологиялық аурулардың көбейіп бара жатқанына қарамастан, қатерлі ісік негізінен егде жастағы адамдарға әсер ететін ауру болып қала береді. Сол себепті де дәрігерлер қатерлі ісіктің алдын алудың кілті – медициналық тексеруден уақтылы өтіп, саламатты өмір салтын ұстануда дейді.
Профессор-ғалымдар қатерлі ісік ауруларымен қоғам болып күресуге шақырады. Бұл – тек медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласындағы мамандардың мәселесі емес. Ел-жұрт қатерлі ісік ауруларының алдын алу шаралары мен емдеудің заманауи тәсілдері туралы терең біле бермейді. Салдарынан пациенттер ерте диагностиканың маңызын, аурудың алдын алу мүмкіндіктерін түсінбейді. Көптеген азамат өздері немесе жақын адамдары осы аурумен бетпе-бет келмейінше, қатерлі ісік туралы ақпаратты байыппен қабылдамайтыны тағы бар.
Қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау үшін тұрғындарды медициналық профилактикалық тексеруден өтуге ынталандырудың бірнеше жолы бар екен. Бірінші кезекте дәрігерлер пациенттерге обырды ерте анықтау емді ерте бастауға мүмкіндік беретінін түсіндіруі керек. Қатерлі ісік болатын өлім-жітім көбейгенін және ісікті тек жіті тексерулер арқылы анықтауға болатынын ескерткен жөн. Әрі медициналық тексерулер ақысыз екенін хабарлаған ләзім. Иә, қазір онкологиялық ауруларды зерттеу және диагностикалау деңгейі айтарлықтай жақсарған. Медициналық технологиялардың әлеуеті қатерлі ісік ауруын ерте кезеңдерде анықтауға әлеуетті. Соған қарамастан адамзаттың өмір салты мен қоршаған ортаның өзгеруі де қатерлі ісік ауруының өршуіне әсер етеді. Қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім әр ел, аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, кейбір дамыған елдерде жүйелі ақпараттандырудың, сапалы диагностикалық бағдарламалардың нәтижесінде онкологиялық аурулар төмендеген. Біз де сол көштен қалмай, салаға жаңа технологияларды енгізіп отырсақ, одан еш ұтылмаспыз. Мұны жақсы білетін дәрігерлер мен Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдасып, ұтымды шешім қабылдаудан айнымауы керек.