Қоғам • 01 Ақпан, 2024

Такси бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

563 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан бастап мемлекеттен таксопарктерге жалға берілетін көліктер үшін субсидия тоқтатылады деген ақпарат шықты. Осыған байланысты такси бағасы өседі деген әңгіме айтыла бастады.

Такси бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

Әсіресе Алматы жұрты үйден такси шақырту қызметі қымбат болып бара жатқанын айтып, шағымданып отыр. Алайда такси жүргізушілерінің де өз уәжі бар. Күн сайын көлікті жалға алу құны, бензин-суы және оған автобөлшектердің шығынын қосыңыз. Ал олардың күндік табысы 10 мың теңгеден аспайтын көрінеді. Енді мемлекеттен берілетін субсидия тоқтатылса, жолаушылар тасымалдау қызметінің қымбаттауына әкелетіні сөзсіз. Осыған қатысты Алматыда өткен баспасөз жиынында жүргізушілер ода­ғының атқарушы директоры Нұркен Тәжібай әріптестерінің атынан біраз мәселе көтерді.

«Біз онсыз да көп табыс таппаймыз. Күнделікті шамамен 20-25 клиент тасымалдаймыз. Барлық шығынды алып тастағанда, күніне небәрі 7 мың теңге шамасында табыс табамыз. Енді Үкімет таксопарктерге субсидия беруді тоқтатуы мүмкін деген сөз шықты. Онда жалға алу құны өседі. Соған сай такси бағасы да шарықтауы мүмкін», деді ол.

шщ

Қазір жүргізушілер жалға алған көлік­тер үшін күніне 12 мың теңгеден бастап 20 мыңнан аса ақы төлейді екен. Деректерге сүйенсек, таксопарк көліктерін тізгіндейтіндердің саны ірі қалаларда 60 пайыздан асып жығылады. Ал бейресми деректер бойынша, елімізде 1 млн-ға жуық адам такси жүргізу арқылы табыс табатыны айтылады.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­меті бойынша, такси қызметі биз­несінің кірісі 2022 жылмен салыс­тырғанда 2023 жылы айтарлықтай өскен. 2023 жылдың қаңтар-қазан кезеңінде 4,7 млрд теңге болған. Жолаушыларды тасымалдаудан түскен кірістердің өсуі елдегі барлық кірістің 2,7 пайызын құрайды екен. Сол себепті бір жыл ішінде такси қызметі 11,3 пайызға қымбаттаған. Мысалы, былтыр баға 9,7 пайыз қымбаттаған. Әсіресе Алматыдағы такси тарифтері 40,5 пайыз өскен. Одан төменірек Ақтөбе (22,1 па­йыз) және Абай (13,3 пайыз) облыстары тұр. Жалпы, бағаның өсуі еліміздігі 20 қаланың 18-іне әсер еткені айтылады. Баға қалыпты Батыс Қазақстан облысы мен Астанада такси ақысы 1,8 пайызға ғана көтеріліпті. Қарағанды облысында баға өзгермеген, ал Шығыс Қазақстан облысында, керісінше 6 пайыз арзандаған. Шығыстағы такси қызметінің бағасына отандық Aparu такси қызметінің оң ықпалы болуы мүмкін дейді мамандар.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап мобильді төлем жүргізуге байланысты да өзгерістер еңгізілді. Бұған қатысты Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева жауап берді.

– Жеке тасымалдаушы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны e-Salyq Business, Egov Mobile және екінші деңгейлі банктер – Halyq bank, Kaspi bank, BankCenterCredit және тағы басқасының мобильді қосымшасы арқылы іске асырады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдау үшін онлайн режімде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Бұған тек смартфон керек. Кассалық аппарат немесе POS-терминалды алып жүрудің қажеті жоқ, – деді ол.

Күнделікті таксимен жүретіндер жақсы біледі: такси жүргізушілердің көбі қазір төлемді бұрынғыдай мобильді аударым арқылы қабылдап жүр. Ол 100-ден асқан соң салық төлеуге міндетті болады. Алайда тасымалдау қызметін заң талаптарына сай жасап жүргендер де жетерлік. Соның бірі – Астана қаласында такси жүргізіп нәпақасын тауып жүрген Құттыбек Қошқарбаев. Оның айтуынша, шетелдік такси платформаларының ұстайтын үстеме пайызы өте қымбат.

«Таксидің жалға алу құны – бір күнге 12 мың теңге. Бензинге 8-9 мың теңге жұмсаймыз. Аз есептегенде түскі ас пен күнделікті жеңіл-желпі сусынға 10 мың теңге кетеді. Автобөлшектердің шығыны бар, арасында «Сергек» бір сыпырады. Мысалы, мен «ЯндексGo» қосымшасы арқылы жүремін. Олар табысымыздың 17 пайызын алып қалады. Оның ішінде «Береке» ЖШС (серіктес комания) тағы 6 пайыз ұстап қалады. Барлығы – 23 пайыз. Оның сыртында Үкіметке салық төлейміз және QR қызметіне тағы да комиссия ұстайды. Табысымыз осылай таусылады. Осыған байланысты аталған комиссия мөлшерін арзандатуды сұрап хат жазған едік, бірақ шетелдік компаниялар құлағына да қыстырған жоқ. Біздің мемлекеттен сұрайтынымыз – осы: қосымшалардың алатын комиссиясын арзандатып берсе, яки отандық қосымша ашылса дейміз. Әйтпесе біздің күні-түні тірнектеп тапқанымыз айдалаға кетіп жатыр», дейді ол.

Қазір елімізде тасымалдау саласы бойынша Яндекс, InDrive бастаған шетелдік ірі рейдшеринг компаниялар монополиялап алғаны рас. Депутаттар бұған қатысты мәселе көтергенімен, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин платформа дайындау үшін қыруар қаржы керек екенін, әзірге мұндай қосымша жасала қоймайтынын айтқан еді. Бірақ елімізде отандық платформалар да бар. Соның бірі – Aparu такси қызметі. Өкініштісі, бұл қосымша шығыс өңірінде ғана танымал. Компанияның басшысы Ерлан Шаяхметовтің айтуынша, отандық қосымшалардың аздығына қаржы тапшылығы себеп болып тұр.

«2011 жылы тамызда Aparu такси қызметін іске қостық. Бірақ қосымша кейінірек, 2015 жылы қолданысқа енді. Ол кезде компания бір тапсырыстан 5 теңге, кейін 10 теңге алатын. Қазір 12 жылдан кейін 50 теңге болды. Біздің басқа аймақтардың нарығына шыға алмай жүрген себебіміз – компанияның қаражаты көп емес. Сонымен қатар бізде венчурлық қорлармен жұмыс істеу жағы заңмен реттелмеген. Ин­вес­торлар тарту қиын. Ал отандық плат­форманың танымал болмау себебі, «Яндекс» әрбір аймақ кіргенде бағасын төмендетіп тастайды. Яғни жолаушыға да, жүргізушіге де жеңілдік жасайды. Жолаушылар осыған алданып қалады. Ал бұл сияқты нарықтағы бәсекені отандық платформалар жасай алмай отыр», дейді кәсіпкер.

Мамандардың пікірінше, елімізде такси бизнесі әлі дамымаған. Мысалы, Скандинавия елдеріне такси агрегаторлар олардың нақты қалыптасқан жүйелі бизнестеріне бағытталыпты. Сөйтіп, мемлекеттер ол компанияларға та­лаптар қойған. Мысалы, мемлекетке төлейтін салығы, техниканың қауіпсіздігі деген тәрізді. Бұл тех­нологиялық дамумен бірге біздің на­рық­қа да ондай компаниялар келді. Олар­дың пайыздық үстемесінің көп екені де үнемі айтылып келеді. Бәсеке­лестікті қорғау агенттігі оны зерт­теп жатыр деген әңгіме айтылған, бірақ оған қатысты әлі нақты шешім бел­гіленген жоқ. Өйткені монополиямен күрес кейінгі жылдарда күшіне ене бастады.

Таксопарктерге берілетін субси­дияға қатысты нақты ақпаратты білу мақса­тында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарластық. «Әзірге «Даму» қо­рында қаржыландырулар болып жат­қан жоқ. Биыл субсидия беру бойынша біршама өзгерістер болатыны рас. Яғни экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторынан (ОКЭД) алынып тасталған салалар бар. Оған көлік саласы да жатады», дейді қордың ресми өкілі Азамат Қанаев.