Тарих • 01 Ақпан, 2024

«Қазақ» газетінің ізашар миссиясы

390 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Қазақ» газеті туралы сөз болғанда, біз алдымен ұлы Мұхтар Әуезовке жүгінеміз. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».

Бұл «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен, «Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққан», «саясат толқынына түсіп ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басқан» жас алашшылдың, оқиға ортасында жүрген куәгердің, замана жылнамашысының сөзі. Біз: «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедия» дейміз. Оның жоқшысы мен жаршысының бірі болғандықтан айтамыз.

«Қазақ» туралы жеріне жеткізіліп, толымды айтылмаған мәселенің бірі – ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының бас­тары бірігіп, саяси күрес алаңына шыққандағы «Алаш» партиясын құрудағы басылымның көзге көрінбес тарихи еңбегі. Аласапыранды, төңкерісті 1917– 1918 жылдары алып Ресейдің бұрыш-бұрышында, бұрыннан бұратана саналған өлкелерде ұлттық автономиялық құрылымдар дүниеге келіп жатқанда қазақтың да әлемдік тартыстан тыс қалмай, мемлекеттігін қайта қалпына келтіруге талпынғанын мақтанышпен еске алсақ, ол «Қазақ» газетінің жанқиярлық еңбегі мен жемісті ерлігі еді. Екі бірдей жалпықазақ сиезін өткізіп, «Алаш» партиясын құрып, Алашорда үкіметін жасақтаған, Алаш автономиясының кіндігін кес­кен «Қазақ газеті» (1913–1918) болатын.

«Қазақ» газетінің ізашар миссиясы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

2 ақпан күні Алаш жұрты 7–8 жыл көзі талып күткен «Қазақ» газетасының тұңғыш саны жарыққа шықты. Алғашқы нө­мір­дің алғашқы бетіндегі шы­ғару­шы-редакторы Ахмет Байтұр­сынұлының сүйіншілеген «Құр­метті оқушылар!» атты бас мақа­ласында басылымның мәні мен маңызы, міндеті мен мақ­саты қара халыққа жалпақ тілмен ұғындырылды. Жалпы, газет атаулының төрт керегі бар: біріншісі – халықтың көзі, құлағы һәм тілі; екіншісі – жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе; үшіншісі – халыққа білім таратушы және төртіншісі – халықтың даушысы. Осылайша, ол қара ха­лық­тың көзін ашып, ортақ мақ­сат-мүддеге жұмылдырып, ұлт ретінде ұйытпақ.

1907 жылғы санақ бойынша Ресейде 2 175 атаулы газет-журнал шықса, соның 867-сі орыс тілінен басқа тілдерде, ал 30 шамалысы татар қандастардың басылымдары. 6 –7 миллион қазақтың жалғыз журналы «Айқап» қана бар, оған да шүкір. «Сөз – қару... Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық татар қандастарымыз сөзін жұртты түзеуге жұмсай бас­тап еді, түзеліп ілгері зарығып бара жатыр. Орысша оқығаннан басқа, жастарыңды оқытып, көз­де­ріңді ашып отырған татар. Бұл – татардың бізден ілгері кеткендігі. Олар бізден емес, біз олардан үйреніп жатқанымыз білім дәре­же­сінде біздің төмендігімізді көр­сетті».

нг

«Қазақ» газетінің алғашқы үш нөмірі осылайша
шыққан болатын

Одан әрі «Алаш азаматтары!» деп заманына қарай амал жасауға үндейді. Әрине, «қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ», әйтсе де ұлтқа қызмет етуге ниет болса, кезегін күтіп тұрған жұмыс көп; оның ауыры да, жеңілі де, ұсағы да, ұсақтан ұлғаятын ұлы­ғы да жетіп артылатынын айтады. «Ұлт үшін деген ұраны­мыз­дың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенше істеп кетелік» деп жал­пақ жұртқа жар салған қырық жас­тағы болашақ Алаш көсемі: «Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла!» деп іске кіріселік!», деген батамен түйіндейді.

Екінші қадам, газеттің 2-саны тағы да сенбіде, 10 ақпанда жа­рық­қа шығады. Сол себепті де шы­ғарушы Ақаң бас мақаласына «Орынбор, 10 феурал» деп ат қояды. Бұл – саяси астарлы мақала, алыс мақсатты көздеген бағдарлы көсемсөз. «Іргеміз тұтас ыдырамай, бірыңғай жатқан халық едік. Енді, арамызға бөтендер келіп кірісейін деп тұр» деп басталатын уайым сөзді жілікше шағып, талдайын десең осыдан 111 жыл бұрын жазылғанды тұтастай қай­та қотарып қайталағың келеді. Мақалада жұрт талқысына тастал­ған әрбір сауал ұлттың ащы жарасына тұз сепкендей, соқыр көздің өзінен жас шығарғандай.

лл

«Бөтендер кіріскенде халіміз қандай болар?»... Адамзаттың қатпар-қатпар қария тарихынан оған мысал көп. Басқыншы, отарлаушы жұрт қашанда тұрғылықты халықтан күші зор, қару мол, «мәдениетті». Сондықтан жергі­лік­ті тұрғындар, аборигендер қашанда аяқасты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Замана өрмегі ауып, қамсыз қазақтың басына күн туды, кең-байтақ сахараға қара шыбынша мыңдап-мыңдап «қарашекпендер» қаптады. Ақаң жазады: «Егін шығатын жерге егіншілер келіп орнап жатыр; мал бағатын жерге мал өсірушілерді алып келіп орналастырмақшы; балығы бар жерге балықшыларды қондырмақшы. Қысқасы, ол жолмен, бұл жолмен болсын қазақ арасына бөтен жұрттар кірейін деп тұр».

«Арамызға һәр түрлі жұрт кіріс­кенде солармен қатар атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра алармыз ба?»... Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға де­йін­гі ұлан-ғайыр жерді жайлап, мал тұяғының ізіне ерген қалың қазақтың ендігі күні не болмақ? Отырықшы болып, егін сала ма? Аттан түсіп, қалалық бола ма? «Осы – бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқы­мызды бұзатын нәрсе» дейді Ақаң. Бұл жалғыз А.Байтұрсынұлының ғана емес, жаңа ғасыр басындағы ондаған, жүзде­ген қазақ оқығандарының, алашшыл ұлтшылдардың уайымы еді.

«Не істеу керек?»... Бұл тағ­дыр­лы тарихи сұрақ сол кезде өз халқынан отар ел-жұрты көп «озық ел» саналған білегі жуан империялардың алдынан да, бір сәтте басынан бағы ұшып, аяқ-қолға кісен, мойынға бұғау киіл­ген «артта қалған» өзгеге ба­ғы­нышты жұрттардың да алдынан сан мәрте шыққан, әлі шыға беретін мәңгілік сұрақ.

ддд

Газеттің кейінгі нөмірлері «киіз үймен» өрнектелді

«Басы бүтін өзгеге бағыныш­ты, отар елге айналмас үшін не істемекке керек?»... Не шара бар?.. Торға түскен торғайдай шырылдамастан басқа қандай амал бар? 1905 жылғы «жылымықтан» соң зарлап жүріп, алақандай газет шығаруға әрең-әрең қол жет­кі­зілді. Саптыаяқтың басында қарауылы, тоқпағы дайын тұр. Иә, «сөз – қару!». Артық айтса, бұра тартса сол қару өзіне қа­рай кезелмек. Қаламұшын зарлы сияға малып, запыранын толық төгуге де тосылады Ақаң. Ата жау, дұшпанның атын да тура атауға болмайды. Май шамның жарығымен қолжазбасындағы «патша», «хүкімет», «орыс» деген сөзді белінен сызып, «бөтен», «һәр түрлі жұрт», «қарашекпенге» ауыстыруға мәжбүр. Қарудың, қарсылықтың түр-түрін білсе де, тілін тістеп, «сөз-қаруға» сүйенеді. Әр нәрсе уақытымен, Алланың қалауымен. Өйткені өз халқының тұрмыс-тіршілігі мен қарым-қуаты өзіне аян. Бір кезде қалың ұйқыдағы қазағын «Маса» болып шағып, «Қырық мысалмен» әрең оятып, «Әліппеге» үйретіп алған соң, амалсыздан сол сөз-қаруын тағы да қылышша суаруға мәжбүр. Қазақтың жоғы көп. Түртіп қалсаң, алдыңнан самсап түйіні күрмелген күрделі мәселелер шығады. Қазақ арасына сыймай орысы ормандай Орынборға айдалып келіп отырғаны мынау... Бұл түрімен қалайша хүкіметке қарсы келсін...

Бір жұбанышы – қаншама жыл талаптанып, тартысып жүріп газета шығаруға рұқсат алғаны. Әзірше жалғыз, аз күнде ақылшы данагөй аға да, тыныс-демеуі болар от-жалынды інісі де қатарға қосылмақ... Ең қиыны бастау ғой, игі іс тоқталмас, жүйелі арна­сын табар. «Не істеу керек?!.» Оны көптің таразысына салып, сұрау­ды көлденеңінен қоя беру керек. Шола тұманның да айығатын, тұмша бұлттың да сейілетін кезі туар. «Не істеу керегін» қазағы өзі шешер, ол күн де туар.

Бар ғұмырын бағыштаған, оң жамбасына келетін өзінің жеке-дара «Не істеу керектері» де жетіп артылады. Оқу, білім, мектеп, оқулық, мұғалім... Бір адам емес, жүз ағартушы зарланса да бітпейтін тақырып; бір емес, он газета жазса да, түгесілмейтін сал­мағы батпандай күйіп тұрған мәселелер. Ең бастысы, көш ба­ғы­тын түзеп, бастау керек. Ақ қа­ғазға маржандай жазулар тізіліп түсе бастады.

«Ұлттың сақталуына да, жо­ға­луы­на да себеп болатын нәр­сенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміз, дін де сақталу қамын қатар ойлау керек». Қайран Ақаң, дана Ақаң осыдан 111 жыл бұрын осылай зарлап бастап, өмірінің соңына дейін ана тілі мен ата дінінің қамын жеумен өтті... Рухани дүнияңа батпандап кірген жыланқұрт мысқалдап шығатынын шыққыр көзіміз көріп отыр. Бір шүкірлігі – тіліміздің жоғалмасы анық, дініміздің діңін сақтау өз қолымызда.

Бас редактор бас мақаласында қазақты газет бетінде арнайылап талдап-таразыланатын, шешімін шұғыл табуды қажет ететін сұрақ­та­рын қоя береді: «Қазақ балалары қалай оқып жүр?», «Әдеби тіл де­геніміз қандай тіл?», «Бұлар­дың өз тілінен қорынып, жері­не­тін себебі не?», «Қазақ тілін сақтау керек пе?»... «Байқаушы» (Ақаңның бүркеншік есім­дерінің бірі) қазақ қалпының тамырын ұстап, дертін бағамдайды, алдымен көтерілер, айтылар соқталы-соқталы тақы­рып­тарды таңдайды. Өзі айтпақшы, жол – ұзақ, қазақ – жоқшы, бәрін тарқатып, жеріне жеткізе айтар кезі де келмек. Ең бастысы – қазақтың бағына туған «Қазақ» шыр етіп дүниеге келді, оның Алпамысша өсер, Алашын өсірер кезі алда.

Газеттің 3-саны араға апта са­лып, тағы да сенбіде жарыққа шық­ты. Ол Ақаңның «Орынбор. 18 феурал» деген мақаласымен ашылады. «Газетада сыртқы да, ішкі де хабар жазылып тұратын бол­ған соң, аз да болса алыстағы жұрт­тардың жайынан қазаққа мағ­лұмат бергеніміз теріс болмас», деп бастайды редактор. Болашақтан үміті бар, өз тізгінін өз қолына алам деген халық алты қырдың астындағы еларалық жағдайдан да хабардар болуы шарт. Бұл кез бауырлас Түркияның отқа оранған, анталаған жауға таланып жатқан кезі-тұғын. Еуро­па­да қырғиқабақтық өршіп, ұлы жаһандық соғыстың лебі анық сезіліп, халықаралық қазан бұрқ-сарқ қайнап жатты. Ше­тел­дік жаңалықтарды селт етпей қадағалап отырған «Қазақ­тың» кейінгі жылдарда тіптен тұтас нөмірді халықаралық сарап­та­маға арнаған кездері де болды. Редакция қашанда қандас, діндес Түркияға бүйрегі бұрып, тілек­тес­тік білдіруден айныған емес.

Алғашқы санның алғашқы бетін­дегі «Сыртқы хабарлар» атты ша­ғын бастау мақа­ла­­ның авторы кім деген са­­уал алды­­мыздан шығып, бірден «А.Бай­тұр­сынұлы» деп кесімді пікір айтуға күмәнданған тұста аталған «Орынбор. 18 феурал» мақаласы бізге көмекке келді. Әрине, «Қа­зақ» газетінің толық корпусы жа­­салып, жинақталып 7 том бо­лып жарияланған соң бұған дейін өзіміз күмәнданып жүрген көп­теген сауалдың жауабы табылды, бүркеншік есімдердің құпиясы ашыла бастады. Бір өкініштісі, «Қазақ» газеті редакциясының архиві жоқ, сақталмаған, нақты деректермен тұжырым жасарға дәрмен жоқ. Жауаптан гөрі сауал көп: редакция қалай жасақталды, штаты қандай болды, кімдер жұмыс істеді?.. Мәселен, 1915 жылы газет аптасына екі мәрте шығып тұрғанда басылымның қарбалас жұмысы қалайша атқа­рыл­ды? Оның үстіне ол кездегі техникалық мүмкіндік те шек­теулі: мақаланы жазу, аударма жасау, хат қорыту, корректура, бас­паханалық әріп теру, т.б. бәрі қолдап қана істелетін қыруар шаруа­­­­лар. Амалсыздан әзірге сол газет бетіндегі болмашы деректерді ғана місе тұтуға мәжбүрміз.

«Қазақты» «Қазақ» қылған, тамырына қан жүгіртіп, тоқтаусыз шығып тұруына бар күш-жігерін сал­ған, қалам қайраты мен білім-білігін сауған Алаштың үш кө­семі: шығарушы Ахмет Бай­тұр­сынұлы, оның оң қолы Міржақып Дулатұлы мен сол қолы Әлихан Бөкейхан болатын. Әлекең ол кездерде Самара қала­сында, мемлекеттік қызметте, ал Міржақып Семей түрме­сінде қамауда жатқан. Газет­тің 9-март күнгі 5-санында: «5-мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қа­зақ бауыр­ларына қосылды» деген ша­ғын хабар басылды. Іле-шала 6-нөмірде Міржақыптың «Айтыс» (Лермонтовтан) өлеңі, 7-нөмірде «Адрианопол» атты бас мақаласы (!) жарияланды. Ал 5–9-нөмірлерде жарық көрген атақты Г.Бичерстоудың «Том ағайдың күркесі» атты романы туралы Г. Петров дегеннің «Құлдар досы» мақаласын да аударған Жақаң. Газеттің сол 5–6-сандарынан бастап газет бетінде елдің ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты шағын-шағын хабар­ламалардың көбеюі (саны­ның артуы) да Ақаңның қолын ұзартқан Міржақыптың ерен еңбегі десе болады. Бір сөзбен айтқанда, Міржақып Дулатұлының түр­ме­ден шыға салып жан­ұшы­рып Орынборға жетуінің, келе сап газет­тің қара жұмысына же­гілуі­нің арқа­сында «Қазақтың» «екін­ші тынысы» ашылды.

1905 жылдан бастап Алаштың мұң-мұқтажын жоқтайтын арнайы бір газет ашу мақсатымен талай есіктерді тоздырған Әлихан Бөкейханның аты-жөні 7-санда (22 март) ғана көрінеді. Мақа­ла «Уақытта» жазған «Қазақ жігі­тіне» деп аталып, «Сағадат [Пе­тер­­борға] кабинет жері туралы барып, о да менің айтқанымды істеп қайтқан еді. Ғалихан Бөкей­ханов» деген ескертпемен аяқ­та­лады. Оның көпке мәшһүр «Қыр баласы» бүркеншік есімімен жазылған ізашар мақалалары: қазақтың саны мен жерінің мөл­шері тура­лы статистикалық де­рек­­тер­ді келтірген «Қазақ» (№8, 30.03.1913), «Үшінші Дума һәм қазақ» (№9,10), «Кабинет же­рін­дегі қазақтар» (№10), «Сай­лау» (№12), Шәкәрімнің «Тү­рік, қырғыз һәм хандар ше­жі­ресі» кітабына сын (№12), «Қазақтан солдат ала ма?» (№13), «Моңғол халі» (№13), «Сайлау» (№14) және т.б. Міне, көріп отырғанымыздай, Әлекең «Қазақ» газетіндегі ал­ғашқы мақалаларынан-ақ негі­зінен саяси мәселелерді басты назарда ұстады, астана Петер­бор мен әлемде болып жатқан өзгеріс­тер­ді оқырманға тез жеткізуге ұмтылды.

1913 жылы 44 саны шыққан «Қазақ» газетінің бас мақала­ла­ры­ның авторларына жіп тағудың өзі көп нәрсені аңғартады. Осы 44 санды бас мақаланың денін, яғни 27-сін бас редактор Ақаңның өзі, 10-ын – редактордың орынбасары Міржақып Дулатұлы жазса, ал 7-еуін – Самарадан Әлихан Бөкейхан жолдап тұрған.

Уақыты пісіп, толғағы жеткен «Қазақ» газетінің шығуы қазақ қауымы аспанын күнше күр­кі­ретіп, найзағайша жар­қыл­датқан ерекше уақиға болды. Құт­тық­тау­лар қарша жауып кетті. Троиц­кіде «Айқап» журналын шығарып жатқан Сұлтанмахмұт «Міне, алақай!» деп жүрегі жарыла қуанып, «Жиырмасыншы ғасыр басында,| Міне, Алланың панасы! Бір жағынан «Ай туып,| Бір жағынан күн туып,| Жарық көрді Алашы.| Бұл жарықтар барында,| Кім адасып қалады», деп құттықтауын жолдады. Алыс Семейден Шәкәрім: «Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,| Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл.| Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,| А, Құдай! Құтты өмірлі, бақытты қыл!» деп батамен бастап, «Бес-алты подписшикті тауып алдым,| Бір тамшы қарлығаштың суын­­дай ғып,| Алуға жылдық «Қа­зақ ақша салдым.| Үмітті жаңа туған жас баланы,| Ағайын қыр­ғыз-қазақ түгел қолдас!», деп ағынан жарылады.

Газеттің тұңғыш санында-ақ «Дін таласы» (Сурат кофеханасы) атты пәл­сапалық әпсана аудар­­масы, 2-нөмірден «Қазақтың тарихы» сериялы мақалалары бас­талып жазылып, тұрақты жал­­ға­сын табады. 5-санда Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер!» жыры, араға нөмір салып тү­рік­­шілікті, тұраншылықты ту көтерген атақты «Орал тауы» толғауы басылады. Батыстан дәрі­гер Халел Досмұхамедұлы қазақ арасына кең таралған аурулар туралы мақалаларын жібереді. Әр санда дерлік алғашқы оқыған қазақ дәрігерлерінің ақыл-ке­ңестері, малды асылдандыру ха­қындағы ветеринар мақалалары жарық көріп отырды. Сүт тартатын, жер жыртатын, тігін тігетін машина­лар­дың суретті жарнамасы туралы әңгіме тіптен бөлек.

Бесінші санда: «Орынборда «Қазақ» атты газета шықпақшы болды деген хабар құла­ғымызға тиіп, біз, Петербургтегі қазақтар, қуанышымыз қойнымызға сыймай, осы хат арқылы өзіміздің, жұрты­мыз­дың ғадеті бойынша «Қазақтың» қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектес­тігімізді білдіреміз», деген Мұстафа Шоқай баласы және Батырша Сұлтангерей баласы Есімханов, Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жанабек баласы, Мұқыш Боштаевтар қол қойған хат жарияланады.

Сол тұста қалың қазақ Ресей­дің Семей (Әлекеңнің есебі бойын­ша 485 мың), Торғай (422 мың), Орал (466 мың), Закаспий (71 мың), Сырдария (888 мың), Жетісу (844 мың), Ферған (375 мың), Самарқан (79 мың) қатарлы 9 облысы мен Астрахан губерния­сын (213 мың) жайлаушы еді. Газет мұның сыртында Қытай мен Түркия қазақтарына және 40-тан астам түрлі қалаларда оқып жатқан студенттерге таралды.

«Қазақ» 1914 жылдың ал­ғаш­қы санында (№45): «10 об­­лыс­­қа қараған кигіз туыр­лықты қазақ байдың баласынан 1913-жылдың ішінде алдырып тұр­ған­дардың есебі мынау», деп жа­зылушылардың барлығының саны 3007 болғанын нақ­ты­лап, қаламымен қызмет еткен Алашқа аты білінген білімді азаматтарға ерекше ризалығын білдіреді. Алдағы уақытта да пайдалы қыз­­­меттері үміт етілетін олар: Ахмет Байтұрсынұлы, Ғалихан Бөкей­хан, Міржақып Дулатұлы, доктор Әбубәкір Алдияров, доктор Арғынғазы Поштаев, доктор Халел Досмұхамедұлы, доктор Дәулетшаһ Күсепғалиев, доктор Венъкевич, присиаженни поверенни Райымжан Мәрсеков, инженер Мұхаметжан Тынышбаев, қазақшыл Хасан Али, студент Есенғали Қасаболатов, шежіре Шәкәрім Құдайберді, Әбділғазиз Мұса, Ғұмар Қарашев, Жұмағали Тілеулин һәм тағы басқалар. «Қазақ» газетасының мақсұты қазақ-қырғызға қызмет және бас­шылық ету» деп тағы да қай­талап еске салғандай басылым алғашқы шыққан 1913 жылы аяғынан тік тұрды, халқына сатусыз қыз­метін жасады. Ал Ала­шы­на басшылық жасау, жұрт жұмысына көсем жегіліп, ұлт шамшырағына айналу жолында алда талай-талай асулар тұрған еді.

Осылайша, 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрген «Қазақ» газетінің арқасында есте жоқ ескі замандарда һәм жаңа ХХ ғасыр басында барша Алаш жұрты алғаш рет ақпарат айдынында табысып, ұлттық деңгейде Құ­рылтай өткізгендей ұйысып, апта са­йын бір-бірімен тілдесіп отырды. Айналаға, сыртқы әлемге жаңа терезе ашылып, қазақтың өзінің ішкі дүниесіне, ұлттық уайым­­­да­­рына, дертті мәселелеріне үңілуі­не мүмкіндік туды.

Бас қосып, ұлттық партия құру­­дың алғашқы қадамы жасалды. Алаш «Алаш» болудың айнымас жолына түсті.

 

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымдарының докторы, профессор