Парламент • 02 Ақпан, 2024

Мәжілісте Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Мәжілісінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті. Тағылымды кездесуге елімізге еңбегі сіңген қайраткер-тұлғалар, Қаратай Тұрысұлымен үзеңгілес, әріптес болған азаматтар, аяулы жары мен жақындары, Сенат пен Мәжіліс депутаттары және Үкімет мүшелері қатысты.

Мәжілісте Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті

Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі

Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева мерейтойға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын оқып берді.

«Қаратай Тұрысов Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, егемен елдің билік институттарын қалыптастыруға, Қазақстан парламентаризмінің негізін қалауға, кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосты. Әр жылдарда жоғары деңгейдегі бірқатар жауапты қызметті абыроймен атқарды. Қаратай Тұрысов – қарапайымдылық пен қайраткерліктің, адамгершілік пен адалдықтың, отаншылдық пен ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен біртуар азамат», делінген Президенттің хатында.

Қаратай Тұрысов қазақ геологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі. Бүкілодақтық кәсподақтардың орталық кеңесінде де абыройлы қызмет атқарды. 

1987 жылы тұңғыш рет Кеңес одағы депутаттары мен АҚШ конгресмендері арасында телекөпірге қатысып, негізгі спикерлердің қатарында болғанын замандастары мақтанышпен айтты.

– Қаратай Тұрысов тәуелсіздікке дейін пісіп-жетілген тарлан тұлға болатын. Кеңес заманы тұсында сонау Мәскеуде Бүкілодақтық кәсподақтардың орталық кеңесінің хатшысы болды. Қаратай ағамыз – БҰҰ Бас ассамблеясына Қазақстан делегациясын бастап барған бірінші қазақ және Төлеген Тәжібаевтан кейін жоғары мінбеден сөйлеген екінші қазақ, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев.

Жиынға қатысушылар Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік қасиеттері мен адами болмысын еске алды. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов оның  өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

– Қаратай Тұрысов халықтың сүйікті перзенті болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» деген тұжырымдамасы бар ғой. Сол үлгі алатын нағыз адал азаматтың бірі – осы біздің Қайрекең. Мұндай тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын жастар арасында насихаттауымыз керек, – деді О.Әбдікәрімов.

Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік болмысы егемендік жылдары жарқырай көрінді. Ол 90-жылдардағы алмағайып кезеңде Министрлер кабинетінің төраға орынбасары бола жүріп, ең қиын да күрделі салаларды абыроймен басқарды. Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болды.

Бірінші және екінші сайланымдағы Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Мәжіліс

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20