Тағзым • 02 Ақпан, 2024

Халық геологы Қосым Пішенбаев туралы кітап жарық көрді

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екібастұз қаласында әйгілі халық геологы, кен білгірі Қосым Пішенбаевтың 180 жылдығына арналған «Қосымның тағдыры» кітабының тұсауы кесілді. Повесть авторы – баянауылдық өлкетанушы Александр Черкашин.

Халық геологы Қосым Пішенбаев туралы кітап жарық көрді

Кітаптың қолжазбасы 1972 жылы Баянауыл кентінде баспа машинкасына түсірілген екен.

Бұл кітаптың жазылуына академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев түрткі болған. Қолжазба күйінде ҚазКСР Жазушылар одағының көркемдік кеңесіне жіберіліп, белгілі себептермен кейін қайтарылған. Повесть араға жарты ғасырдан астам уақыт салып оқырманға алғаш рет жол тартып отыр.

Туынды Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйытқы болуымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп отыр. Редакциялық алқа мүшелері – Ербол Қайыров, Мұрат Аяғанов, Жанболат Абайхан.

Қосым Пішенбаев ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жеріндегі 20-дан астам кен орнын алғаш ашқан қазақ. Екібастұз секілді алып өндірістік аумақтың негізін салып берген кентанушының қай еңбегі болсын атауға тұрарлық. Қ.Пішенбаев іздеп тапқан кен орындары ішінде «Екібастұз», «Александровка», «Берікқара», «Қазанауыз», «Майкөбе», «Майқайың», «Жосалы», «Көктас», «Желтау», «Жартас», «Үшқатын», «Найзатас», «Үшқара», «Қарақұра», «Шөптікөл», «Алтынды» сияқты нысандар бар.

Кітап Қосым Пішенбаевтың кен барлаушылық өмірінің маңызды кезеңдерін суреттейді. Қосымның балалық шағы, ата-анасының бай ауылынан көрген қорлығы, алғашқы табылған кен орындары мен орыс көпестерінің қазақ жеріндегі өнеркәсіптері туралы, Екібастұз көмірі мен Майқайың алтын кенішіндегі алғашқы өнеркәсіптер, тағысын-тағы деректі мағлұматтар кеңінен қамтылған. «Кедейдің қолы қысқа», «Қосымның балалық шағы», «Алғашқы олжа», «Алғашқы махаббат», «Алғашқы ақша», «Алғашқы сауда», «Қарсылас пайда болды», «Тау бөктеріндегі зауыт», «Қосым байдан кек алды», «Қосым өндірістік артель ұйымдастырды», «Күтпеген қонақ», «Екібастұз», «Майқайың», «Өткен күндер мен бүгінгі заманның тоғысы» бөлімдерінен тұрады.

М.Қапанұлы

Повесть Торайғыров университетінің және Баянауылдағы «Әнет» шаруа қожалығының демеушілігімен, қазақ және орыс тілдерінде «Парасат» баспаханасында басылып шықты.

Тұсаукесер іс-шарасында Қ.Пішенбаевтың аталас туысы Амантай Есімбаев пен өлкетанушы А.Черкашинның ұрпағы Галина Баёк естеліктер айтты. А.Черкашин «Баянаул», «Дочь Баянаула», «Қосымның тағдыры» кітаптарын жазған, Баянауыл өңірінің арғы-бергі тарихы туралы мол мағлұматтар қалдырған.

Іс-шарада сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың 135, Сәбит Дөнентаевтың 130, Қаныш Сәтбаевтың 125, Әлкей Марғұланның 120, Шәкен Аймановтың 110, Рүстембек Омаровтың 105, Мүбәрак Жаманбалиновтың 100, Қимадиден Нығмановтың 100 жылдық мерейтойларына арналған көрме ұйымдастырылды.

Павлодар облысы

Екібастұз қаласы