Қазақстан • 02 Ақпан, 2024

Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы Меморандумға қол қойылды

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтыншы жыл сайынғы «Digital Almaty 2024: Х Индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» халықаралық форумының алаңында Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) атқарушы дирекциясы мен Freedom Holding Corp. арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы Меморандумға қол қойылды

ХХ ғасырдың 60-жылдарының басынан бастап Арал теңізі суының азаюы оның Әмудария мен Сырдария өзендерін қоректендіретін су ресурстарын ұтымсыз пайдаланудан туындады. Теңіз суы деңгейінің төмендеуі және теңіз түбінің құрғауы бірқатар экологиялық проблемаларды тудырды. Арал теңізінің құрғап кеткен түбінен көтерілген шаң, құм, сондай-ақ ауыл шаруашылығы химикаттарының қалдықтары елді мекендер аумағында желмен тасымалданады, бұл халықтың өмір сүру жағдайларына теріс әсер етеді.

ХАҚҚ-тың және Freedom Holding Corp. бірлескен жобасы USAID, World Bank және Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі басқа да халықаралық донорлардың қолдауымен құрғап кеткен теңіз түбіне қара сексеуіл мен төзімді өсімдіктердің басқа түрлерін отырғызуға бағытталған.

Қорғаныш орман екпелері қоршаған ортаның экологиялық жағдайына оң әсер етеді: олар құмдардың қозғалысын тежейді, Арал теңізінің құрғап кеткен түбінен тұз бен шаңның үрленуін азайтады. Қара сексеуіл жергілікті жердің микроклиматын жақсартады және парниктік газдардың деңгейін төмендетуге ықпал етеді. (анықтама үшін: 13 жастағы сексеуілшілердің 1 га-сы 4,95 тонна көміртекті сіңіреді және бұл ретте 3,78 тонна оттегін бөледі).

2023 жылы Freedom Holding Corp. және USAID 150 га жерге қара сексеуілді пилоттық түсіру жөнінде ХАҚҚ-ты қолдады. 2024 жылы “Freedom Шапағат” арнайы қайырымдылық қоры және халықаралық донорлар арқылы қосымша 1336 гектар жерге қара сексеуіл түсіруге жәрдемдесу жоспарлануда.

Freedom Holding Corp. үшін Аралдың экожүйесін қалпына келтіру жобасы БҰҰ Жаһандық шартына қол қоюшы ретінде енгізілетін ESG-қағидаттары мен қабылданған міндеттемелерді іс жүзінде іске асыру болып табылады.

«Бүгін біз ХАҚҚ-пен серіктестігімізді жалғастыру және қара сексеуіл, сондай-ақ Арал теңізінің құрғап кеткен түбінің қосымша гектар жерінде басқа да тұрақты өсімдіктерді отырғызуға көмектесу үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Мұндай «көк» оазистерді құру Аралдағы экологиялық апаттың жағымсыз салдарын азайтып қана қоймай, сондай-ақ жергілікті халықтың денсаулығына оң әсер етеді. Freedom Holding Corp бизнесті жүргізуге жауапкершілікпен қарауға бағытталған және соңғы бірнеше жылда елеулі ESG-трансформациядан өтті. Біз БҰҰ-ның жаһандық шартының жақтаушылары ретінде корпоративтік басқарудың ішкі тәжірибелерін дамытуды жалғастырамыз және әлеуметтік және экологиялық мәселелерге көп көңіл бөлеміз», деді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.