Теннис • 05 Ақпан, 2024

Бублик – финалда

74 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияның Монпелье қаласында өтіп жатқан АТР турнирінде соқыр жеребе Қазақстанның қос теннис­шісі Александр Бублик пен Александр Шевченконы ширек финалда жо­лықтырды.

Бублик – финалда

Фото: tengrinews.kz

Әлемдік рейтингте 27-орында тұрған Буб­лик бірінші кезеңде бос болып, екіншісінде канадалық Дениса Шаповаловты (№137) шаң қаптырған еді. Үздіктер тізімінде 59-сатыға жайғасқан Шевченко чехиялық Далибор Сврчина (№194) мен франциялық Грегуар Баррерден (№104) басым түсті. Қазақстанның қос теннисшісі арасындағы бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылып, 4:6, 6:3, 6:4 есебімен еліміздің бірінші ракеткасының пайдасына шешілді. Жартылай финалда Бублик АТР рейтингінде 30-орынға тұрақтаған Канаданың ойыншысы Феликс Оже-Альяссиммен күш сынасты. Алғашқы сетте 4:6 есебімен есе жіберген отандасымыз ақырында жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 6:4, 6:4. Финалда ол хорватиялық Борна Чоричпен кездеседі.

Ал Таиландтың Хуахинінде қытайлық Ван Синьюйнен жеңілген Юлия Путинцева (№70) келесі күні-ақ Әбу-Дабиге аттанды. Бірақ ол жақта да оның жолы болмады. БАӘ-нің астанасында жерлесіміз испаниялық Ребека Машаровадан (№86) ұтылды – 7:6, 4:6, 2:6.