Аймақтар • 04 Ақпан, 2024

Жүргізуші желіксе...

474 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында өткен жылы 344 жол-көлік оқи­ғасы тіркелді. Жол апаты салдарынан 434 адам түрлі дене жарақатын алды. Ал 94 жолаушы діттеген жеріне жете алмай, қара жолдың үстінде жантәсілім етті.

Жүргізуші желіксе...

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл – алаңдатарлықтай дерек. Әрине, полиция қызметкерлері көлік руліндегі шопырларға қауіп­­сіздік ережесін сақтауды ұдайы ескертіп келеді. Бірақ тәр­­тіп сақшыларының кеңесіне құ­лақ аспай, жүре тыңдаған жүр­гізушілер жол апатына ұшырап жатыр. Сөйтіп, өздері де, көліктегі өзге жолаушылардың қаза табуына себепкер болғанына бірнеше дерек бар.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Әлекесовтің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі рес­публикалық маңызы бар тасжолда болатыны анықталып отыр. Мұн­дай жолда адам өлімінің 61,8 пайызы тіркеледі екен. Статис­тикалық талдауға сәйкес өңірдегі республикалық санаттағы жолда тіркелген көлік апатынан 55 адам қаза болған.

Сондай-ақ жасөспірімдер зардап шеккен жол-көлік оқиғасының саны едәуір өскен. Сол себептен жол апатының алдын алу үшін 14 мәрте жедел алдын алу іс-шарасы мен рейдтік акция өткі­зіліпті. Алай­да жол-көлік оқиға­сы азаяр емес. Жол апатының жиіле­гені­не алаңдаған оқушылар көлік жүр­гізушілерге арналған хат жолдады.

«Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күн­делікті пайдаланамыз. Автобуспен үлкендер жұмысқа, біз сабаққа ба­ра­мыз. Бәріміз үйге қайтарда автобусқа мінеміз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз. Апаттан сақ болу – өз қолыңызда! Сапарыңыз сәтті болғай!», деп жазыпты оқушының бірі.

Полицияның дерегіне жүгін­сек, былтыр жол апатынан бір отбасының 6 адамы мерт болған еді. Оның төртеуі – он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә сәби. Ал тағы бір көлікте 7 адам бақилық болды. Естіген адамның жанын түршіктіретін мұндай деректер сол мезетте әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тарап жатыр. «Ел құлағы – елу» дегендей, жол апаты туралы деректі естіп, тіпті бейнежазбасын смартфоннан көрсе де, күре жолда желік қуғандай еліретін жүргізушілер азаяр емес.

Кейде полиция қызметкерлерін оқ атуға мәжбүр ететін жүргізуші­лер бар. Мәселен, өткен жылғы қара­шада «Dalmlerchr Sler» жүк көлігінің шопыры инспектордың аяғын басып кетті. Полиция қыз­меткерлері оны тоқтату үшін аспанға, кейін көлік дөңгелегіне екі реттен оқ атты. Өйткені кө­лік жүргізушісі жергілікті уақыт­пен сағат 11:45 шамасында «Аты­рау-Орал» тасжолының 183-ша­қырымы тұсында жылдамдықты шама­дан тыс асыр­ған. Алайда көлік жүр­гізушісі патрульдік по­лиция инспек­торла­рының заң­ды талабына бағын­бай, қаша жөнелген. Тәртіп сақ­шы­лары Индербор кентінде қыз­­меттік кө­ліктермен алдын бөгеп, тоқ­тат­қан еді. Жүк көлігі тоқта­тыл­ғанымен, жүргізуші кабинадан түспес­тен қашып құтылуға тырысты. Сол кезде патрульдік полиция инс­пекторының оң аяғын басып кетіп, жол бойындағы бірне­ше ав­токөлікке апатты жағдай тудырды.

Әрине, заңды талапқа бағын­баған, тіпті полицияның аяғын басқан жүргізуші құтылған жоқ. Оның көлігі тоқтатылды, өзі ұстал­ды. Бірақ таңданыс тудыратын екі жайт бар. Біріншісі – оның мас еместігі. Екіншісі – көліктің өзінікі еместігін айтып, бас тартуы.

Жол-көлік оқиғалары биыл да қайталанып жатыр. Мәселен, жыл басталғалы бері 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, 14 адам дене жарақатын алған.

Полицейлердің пікірінше, жол апатының бірнеше себебі бар. Біріншіден, алдағы көлікті басып озу талабы бұзылады. Екіншіден, жылдамдықты шамадан тыс арттырумен байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, жолда жүру ережесі сақталмайды. Мұның бәріне алдымен руль­дегі жүргізуші кінәлі екені даусыз. Өйткені көлік жүргізген­дер жауап­­кершілікті сезінбей, же­лік қуғандай асығады. Сөйтіп, «Асық­­­қан – шайтанның ісі» деген тәмсілді естен шығарады.

«Патрульдік полиция қызмет­керлері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын тәулік бойы қадағалайды. Қауіпсіздікті сақтау үшін 15 бақылау-өткізу бекетінде көлік жүргізушілеріне ықтимал апаттар туралы ескертеді. Жақында полицейлерге «Cyber Sheriff» мобильді аппараты бар 28 көлік, 4 әуе дроны, 8 «Ора­кул-Инсайт» мобильді-тасыма­лау және «Трафик-Сканер» стацио­нарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы берілді. Қазір тас­­жол­дарда жылдамдықты өлшей­тін құрылғыларды орнату жұмыс­тары жүргізіліп жатыр», дейді Н.Әлекесов.

 

Атырау облысы