Аймақтар • 04 Ақпан, 2024

Жуалыдағы жол апаты: 26 автокөлік соқтығысқан

553 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран Жуалы ауданында жиі болады. Содан болса керек, жұрт арасында «Жамбылдың қысын көргің келсе, Жуалыға бар» деген сөз жиі айтылады. Үш ай қыстың жартысында «күре жол жабылды» деген хабарлама толассыз келіп жатса да, жұрт жолға шығуын тоқтатар емес. Ескертуге құлақ аспаудың салдары көбіне-көп жол-көлік оқиғасына алып келеді.

Жуалыдағы жол апаты: 26 автокөлік соқтығысқан

Қаңтардың соңғы күні «Батыс Қытай – Батыс Еу­ропа» автожолының 567-ша­қырымында болған жол-көлік оқиғасы жұртты алаң­датып қойды. Мәліметке сен­сек, боранды күні 26 кө­лік соқтығысқан. Оның төр­теуі жолаушылар автобусы болса, қалғаны – жүк көлігі және жеңіл автокөлік­тер. Нұрлыкент ауылының маңын­­да болған апат салда­ры­нан 31 қаңтар күні 26 адам Жуалы аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың арасында нәресте де бар.

Мамандардың айтуынша, түрлі дәрежеде жарақат алғандардың ішінде төрт азаматтың жағдайы ауыр. Олар мамандардың жедел іске кірісуімен жансақтау бөліміне жатқызылған. Ал бір азамат санавиация ар­қылы облыс орталығына жеткізілген.

авп

«Баланың жағдайы орташа, ал төрт адам жансақтау бөліміне орналастырыл­­ды. Он бес азамат аяқ-қолы, кеу­десінен жарақат алған. Олардың да жағдайы орташа. Жол-көлік оқиғасы сал­дарынан жарақат ал­ған азаматтарға тиісті ме­ди­ци­на­лық көмек дер кезін­де көрсе­тілді», дейді облыс­тық Денсаулық сақтау бас­қар­масының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.

Бет қаратпайтын боран кезінде апатқа ұшыраған автобуста елуге жуық жолау­шы болған. Олар жергілікті атқарушы биліктің жауап­ты мамандарды шұғыл жұ­мылдыруының арқасында жақын маңдағы жылыту пунктіне орналастырылған.

Ал облыстық Төтенше жағ­дайлар департаменті бас­шысының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, ТЖД азаматтық қорғау қызметін жедел жұ­мылдырған. Ауа райының алдағы күндері мың құбылуы мүмкін екенін еске салған ол азаматтардың алыс жолға шықпағанын мақұл көріп отыр.

«Балаларымызбен келе жатқан едік. Мына жол апаты есімізді шығарды. Келініміз басын ұрып алды, қалғанымыз не болғанын түсінбей дағдарып қалдық. «Жол азабын жүрген білер» деген осы шығар. Бастысы, діттеген жерімізге дін аман жетсек болғаны. Бұл да бір бізге берілген сынақ шығар», дейді шымкенттік азаматша Айнұр Оспанова.

Облыстық полиция де­партаментінің қызмет­кер­лері жол қозғалысы ере­желерін сақтау, қолайсыз ауа райында жолға шықпау ту­ралы бірнеше мәрте ескерту жолдағандарына қарамас­тан, жүргізушілер ережені бұзу­ды тоқтатар емес. Жыл­дамдықты асырып, қашық­тықты сақтамайтын, жазғы доңғалақтармен жүретін автокөлік иелері әлі күнге дейін азаяр емес.

Нұрлыкент ауылындағы жол-көлік оқиғасына кім кінәлі? Бұл мәселені тиісті органдар зерделейтіні анық. Алдағы күндері қоры­тын­дысы белгілі болады. Жол-көлік оқиғасына айыпты бірнеше адам болуы да мүм­кін. Өйткені бір емес, 26 авто­көлік апатқа ұшырап отыр. Қалай болған күнде де мәселенің мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайды.

Қыстың көзі қырауда автокөлік жүргізушілері сауыс­қандай сақ болғаны жөн. Жұрт арасында «Бо­ранды бекет» атанып кеткен Жуалы ауданының аума­ғымен жүрмес бұрын авто­көлік иелері жолдың жағдайы мен ауа райы туралы мәліметті біліп отырса құба-құп. Ең дұрысы, қара­пайым хабарламаға құлақ асқан жөн.

  

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы