Қоғам • 05 Ақпан, 2024

Тиянақтының малы түгел

472 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күз бен қыс – мал ұрлығының өршіп кете­тін шағы. Аузын аққа тигізген малынан аяқасты айырылғандардың даусы ащы­рақ шығатын да осы кез. Бірақ түлігі қолды болғандар мұның басты себебі «Ай­дай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» деген қамсыздықтан екенін түсіне бермейді.

Тиянақтының малы түгел

Дегенмен өткен жыл Қызылорда облысында мал ұрлығы көрсеткіші біршама төмендепті. Ішкі істер министрлігі қабылдаған «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама» аясындағы шаралар нәтижесінде былтыр облыс көлемінде мал ұрлығы 42,6 пайызға (115-тен 66-ға) төмендеген. 2022 жылы осындай қылмыстың ашылуы 56,9 пайыз болса, былтыр 86,5 пайызға жеткен.

Полиция қызметкерлері берген мәліметте ұрлықты кәсіп қылған 7 қылмыстық топ ұсталып, 31 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылады. Оларға қатысты 39 қыл­мыстық іс сотқа жолданыпты. Оның 3 дерегі – өткен жылдар санатындағы мал ұрлықтары. Тұрғындармен кездесулерде полицейлер тара­пынан жиі айтылатын ұсыныс – малды қ­а­раусыз қалдырмау. Ұқыпсыздың малы ұры­ның жемі болатындықтан, ауылдағылар бақ­та­шы жалдап немесе кезекпен баққаны жөн. Бақташымен келісімшарт жасасып жатса құба-құп, бұл екі жаққа да жауапкершілікті сезіндіре түседі.

– Белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1181 әкімшілік шара көрілгені де ұрлықтың төмендеуіне сеп болды, – дейді Облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Альберт Жае­кешев. – Сонымен қатар ветеринария қызмет­керлерімен бірлесіп атқарған рейдтік іс-шара­ларда 234 әкімшілік құқық бұзушылық анық­талды, оның 111-і мал немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдау деректері болды.

Өткен жылы «Мал ұрысы» жедел-профилак­тикалық іс-шарасы 4 мәрте ұйымдастырылып, қала мен аудан орталықтарында орналасқан мал базарлары, күре жолдар, сондай-ақ ет са­ту орындарында рейдтер жүргізіліпті. Былтыр қыркүйек айында облыс әкімінің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында мал ұрлығын болдырмау мәселесі арнайы қаралып, осы бағыттағы жұмыс жандана түскен.

Негізі малды құжаттандырудың осындай қылмыстарды болдырмауға септігі тиеді. Ма­лын жоғалтқандар ұрылар із суытып үлгер­мей полицияға хабар бергені жөн. Ең дұрысы – қай түлікті де қараусыз қалдырмау. Өйткені ұры ең алдымен ұқыпсыздың малын жем қылады.

Қармақшы ауданында III Интернационал деген ауыл бар. Он бір ұлттың өкілі тұратын ауыл тіршілігінің тірегі – бірлік. Дін мен ұлтқа бөлінуді білмейтін бұл ауыл тура күре жол­дың бойына орналасқан. Қараусыз малды қағып кететіндер үшін қолайлысы да осы. Бірақ кейінгі 3-4 жылда елді мекендегілер мал ұрлығы дегенді мүлдем ұмытыпты.

– Ауылда мал басын бірдейлендіру, құжат­тандыру жүйелі түрде жүргізіліп, компьютерлік дерек қорына енгізіліп отырады. Ең бастысы – біз «Достық Жер» ЖШС арқылы малды пада­мен бағуды жолға қойдық. Бақташыны осы ша­руа­­шылық бөліп, айлығын төлеп, мініс атын жем-шөппен қамтамасыз етіп отыр. Осының арқа­сында 2020 жылдан бері елде мал ұрлығы тіркел­ген жоқ, – дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов.

Әлеуметтік желінің жан-жақты дамығаны да ұрлықтың алдын алуға көмегін тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, қала іргесіндегі Ақсуат ауылдық округі тұрғындары қосылған WhatsApp желісі чатында қараусыз жүрген мал жайлы хабарламалар жиі шығады. Олардың фотосын да түсіріп, жүрген көшесіне дейін тәптіштей түсіндіріп жүрген ауылдағы учаскелік полиция қызметкері Нұртай Жөнбаев екен.

– Әлеуметтік желі арқылы мал иелері жыл­дам табылады. Негізі қорасындағы малын кө­шеге қоя бергендерге 3 АЕК көлемінде айып­пұл салынады. Осыдан да қазір бұрын­ғыдай емес тұрғындар тиянақты бола түсті. Мен осы қыз­метке кіріскелі бері ауылда мал ұрлығы де­­ре­гі кездескен жоқ. Жергілікті әкім­дік­ке қа­рау­сыз малды уақытша қамайтын орын әзірлеу тура­лы ұсыныс та бергенбіз. Алдағы көктемде ашылып қалар, – дейді полиция капитаны Нұртай Жөнбаев.

Жалпы, мұндай орындар қазір облыстың кей аудандарында бар. Одан бөлек құжаттандыру жұмыстары қарқынды жүргендіктен, бөтеннің малын жетелеп кететіндердің қатары сиреді.

Полицейлер тарапынан түсіндірме жұмыс­тары, рейдттер жиі жүргізіледі. Осының ар­қа­сында үш-төрт жылдан бері Арал, Қаза­лы, Жаңақорған аудандарындағы кейбір ауыл­дардың малы қолды болып көрген емес.

 

Қызылорда