Алматы • 04 Ақпан, 2024

Экологиялық журналистика

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаның үнемі нашарлауы мен экологиялық дағдарыстан шығу жолдары жаһан жұртшылығының ең өзекті проблемасына айналып отыр. Бұл бағытта қоғам көкейіне тұшымды дерек, тиімді ақпарат ұсынып, ортақ талқыға ұйытқы болатын журналистердің көтерер жүгі салмақты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен экологиялық журналистика курсы аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің еліміздегі экожүйені сақтау және қалпына келтіру үдерістеріне ықпалы туралы айтылды.

Экологиялық журналистика

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің бастамасымен ұйым­дастырылған іс-шараға БҰҰ Ақ­параттық орталығы, БҰҰ Жа­һан­дық коммуникациялар депар­таментінің өкілдігі қолдау біл­дірген. Ақпарат айдынында жол сілтейтін маз­мұнды курстардың сала ма­мандарының, журналисти­ка фа­культеті студенттері мен ма­гистранттарының экологиялық білімін арттыруына тигізер септігі мол. Курстардың бұл циклі 2020 жылдан бастап сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ұлттық университет арасын­дағы өзара түсіністік және ынты­мақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде өткізіліп келеді. Іс-шара университеттің 90 жыл­дығына орайластырылған.

«Қазақстандағы экожүйені сақтау және қалпына келтіру: масс-медиа мен әлеуметтік желілердің ықпалы» тақырыбындағы сабақ­тарды журналистика факультеті мен ЮНЕСКО-ның география және табиғатты пайдалану факуль­тетінің баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы жүргізді. Курс шеңберінде «Кли­маттың өзгеруімен күресудегі медиа құралдары», «Экологиялық проблемаларды шешудегі әлеу­меттік желілердің әсері», «Тұ­рақты даму мақсатындағы эко­логиялық серіктестік» тақы­рыбында модуль­дар қарас­тырылып, республи­камыздағы экологиялық және кли­маттық өзге­рістер туралы кітап­тар, бас­па­сөз және фотосуреттер көрме­сі ұсынылды.

Іс-шараны ашқан универси­теттің академиялық мәселелер жө­ніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева БАҚ арқылы жал­пы жұртшылық үшін экология, жаһандық климаттың өзге­руі мәселелерін жариялаудың маңыз­­ды­лығын атап өтті. «Елі­міз бір­неше халықаралық кон­венция­ны ратификациялады. Бұл ретте ақпаратқа, оның ішінде эколо­гия­лық мәліметке қол жеткізу маңыз­ды. Халық­тың экологиялық проблемалар туралы шынайы деректер­ге қолжетімділігін қамта­масыз етуде журналистердің үлесі зор», деді ол.

Сонымен қатар климаттық саясат департаменті төмен көміртекті даму басқармасы­ның сарапшысы Д.Мелдеқұл, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, ақпарат бюросының басшысы В.Самек, журналистика және табиғатты пайдалану географиясы факультеттерінің декандары Т.Көпбаев пен А.Ақтымбаева, басқа да ұйымдардың өкілдері тыңдаушыларға өз лебізін жет­кіз­ді. Спикерлердің дәрістері мен практикалық тапсырмала­ры әлеу­­меттік желілердің экология­лық проблемаларды шешуге, тұ­рақ­­ты даму мақсатында халық­ара­лық әріптестік нәтижелерін талдауға арналды. Ауғанстан, Эфио­пия және Бангладеш уни­вер­си­теттерінің оқушылары өз елін­дегі медиа мен эколо­гияның өзара әрекеттесу тәжі­рибесімен бөлісті.

 

Алматы