Көліктің ішіне саз саулап, ән-әуенге елітіп келе жатқанда, кенет арасынан айшықты ұлттық ажары бар, ел үшін маңызы зор, әр адам білуге тиіс салмақты әңгіме айтатын ақылды әңгімеші кезіге кетсе, Құдайдың жарылқағаны дей бер. Жаттанды мәтін емес, қоғам күткен, замана талап еткен тірі сөзді тыпыр етпей тыңдап отырып, бетке алған нысанаға дейін жетектеп әкелетін бейтаныс тілшінің шеберлігі мен беделді мейман шешендігін радиожурналистикадағы кәсіби деңгей өлшеміне балап, жаһандану кезеңіндегі жаналғыштарға төтеп беріп, жанының сірілігін көрсетіп, тайталасып келе жатқаны үшін радио шіркіннің өміршеңдігіне риясыз кейіппен бір риза боласың сондайда.
Көп көлікте радио сайрап тұр. Жол үстінде жүйіткіген сауатты қазақтың дені Қазақ радиосын қосады. Түйме қуалап отырған саусақ «Шалқарды» да іле кетеді. Радиотолқындағы тілшілердің даусынан тәуліктің қайнап тұрған шағынан хабар таратып отырғандай ширақтық білініп, елең-алаңда тұрып жұмысына бара жатқан адамның ұйқысын шайдай ашады. Таңғы уақыт па, ақшам мезгілі ме, оларға бәрібір, радионың тіршілігі уақытпен санаспайтын күн мен түнді сабақтастырған мазасыз қарекет. Ал осы қайнаған ортаның жұмысын үйлестіріп, тыңдаушыға сапалы хабар мен мазмұнды бағдарлама ұсыну – басшы құзырындағы міндет. Еліміздің түкпір-түкпіріне тікелей эфирде қызмет ұсынып отырған «Шалқар» радиосы жарты ғасырдан астам тарихында алағай да бұлағай тағдыр кешсе де, таза ана тілімізде хабар тарататын ұлттық өр рухына қылау түсірмей келеді. Шекара тарс жабық тұрған кезде де қазақтың арман-аңсарын шетке жеткізген «Шалқар» радиосының ұлт үшін, рас, орны бөлек. Байтақ республика жұртының құлақ құрышын қандыратын Шалқардай шығармашылық ордасының болуы ұлтымыз үшін олжа. Міне, осы ұлттық мұратты бәрінен биік қойған кешегі тұлғалар ісіне адалдық танытып, солардың жүріп өткен ізін заманға сай айшықтай түскен Қазақ радиосы директорының орынбасары – «Шалқар» радиосының директоры, Президент сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің тыңдарман жүрегін рухани азықпен толтыру жауапкершілігін абыройлы жалғастырып келе жатқанына да бірталай жылдың жүзі болды.
Сонау Сарысу ауданы Жайылма ауылындағы орта мектептің оқушысы болып жүргенінде, күнделікті мерзімді басылымдарды үзбей оқитын Болатбек бір күні «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жарық көрген журналист Бауыржан Омарұлының жастар жетекшісі Ғани Мұратбаев туралы «Біздің Ғани» атты мақаласын қызыға оқиды. Мәссаған, өзі де дәл сол кезде үздік оқушылармен бірге Мәскеуге саяхаттап барғалы жатыр. Дереу мақалада келтірілген Ваганьков қорымындағы Ғани Мұратбаев бейітінің дерегін жазып алады. Сол сапарда жастар көшбасшысы зиратын тауып, тағзым етеді.
Болатбектің үлкен қасиеті – еңбекқорлығы. Қаламы қашанда қайраулы тұрады. Өзі құрдас-замандастарының қатарында тез оңатын әсіреқызылдың қызығын қуғаннан ада, сауық-сайраннан гөрі ой баққан орнықтылығын, жұмысты қолға алғанда тас-түйін дайындықпен кірісетінін, нені болса да, салмақты саралап, зерделейтін парасат-пайымының молдығын, мық шегедей мығым мінезін төңірегінде жүргендер тегіс мойындайды. Әңгімеге тартқан адамын жанының жылы шуағына орап, алғыр ойдың иесі екенін аңғартып тұрады. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын қасиетімен журналистикада бірталай биік белестерді бағындырып келеді.
Біздің студенттік өміріміз тәуелсіздікпен қатар қанат қағып, бірге самғап, бірге өрілгендіктен болар, тоқырауға ұшыраған алқашқы тауқыметке толы жылдар еті тірі студенттердің біразын журналистика ісіне ертерек араластырды. Түске дейін оқып, түстен кейін жұмыс істеп, кешке кезекшілік атқарып, шығармашылығы ерте шымырлаған сол шоғырдың бел ортасында Болатбек те жүрді. «Жас Алаш», «Өркен», «Журналист» газеттерінде теріс-бұрысты батыл жазып, оқырманына жастай танылды. Қай сала болса да, қат-қабат жұмысы жетіп-артылады, ал өзіне ғана тән ерекшелігі бар, көзге көрінбейтін машақаты көп радио саласына Болатбек газет редакциясында шыңдалып барып, қадам басты.
Әсіресе заманның тар құрсағында ұзағырақ тұншығып жатып, тәуелсіздікпен бірге толғағы жетіп, жарық дүниеге келген ұлттық идея, ақтаңдақ тақырыптарға қарай бет бұрды. Отарлықтың отына күйген рухтың шалажансар қанаты шындықпен ғана емделетінін түсінді. Шындық өлсе қазақ өледі, өмір өледі. Бұл – үлкен азаматтық һәм кәсіби жауапкершілік. Қазақ тарихының шежіресінде қасіретпен жазылған ашаршылық, іле-шала жаппай жүргізілген саяси қуғын-сүргін, жазалау науқаны, ең бергісі Желтоқсанға байланысты өз зерттеуін жүргізуді бастап, талай-талай дауылды қасқайып қарсы алып, қара емендей бойынан өткізсе де, жығылмаған тамыры терең тарихтың келер ұрпақ үшін тағылымын ескеріп, ендігі асыл мұраттың арқауын осы тараптан тапты. Қазақтың жүрегін қан жылатып кеткен Желтоқсан көтерілісінде жауыздықпен жанышталып, тапталған жастардың өмірін өртеңде өскен гүл тәрізді қайта бүр жарғызып, көктету үшін, тағылған айып, жағылған күйеден ақтау үшін көп жылдар архив ақтарды. Жалпы, Болатбек Төлепберген ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар мен демократия принциптері жайында өз авторлығымен және құрастыруымен 20-ға жуық кітапты жарыққа шығарды. «Көшкен күннің бояуы» публицистикалық кітабы, «Біз білмейтін Желтоқсан», «Желтоқсан – 86» онтомдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағы (құрастырушы автор), «1937 – 2007: Тауқымет пен тағзым» жинағы, «Мәңгі жас Алаш идеясы», «Ұлтым деп соққан жүректер», «Желтоқсан қарлығаштары», «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры», «Қасиеттім – Желтоқсан!», «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты кітаптарын ұсынды. Бұған қоса, қиыр жайлап, шет қонған қандас ағайындар туралы түсірген «Сүйікті менің Отаным» және «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмдердің авторы атанды.
Жазып, зерттеп жүрген дүниелері «құрғақ публицистика» болып қалмауы үшін ғылыми тұрғыдан дәйектеуге тырысып, 2010 жылы «Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері» атты тақырыпта Ұлттық ғылым академиясы Философия және саясаттану институтында кандидаттық диссертация қорғады.
Бүгінде Болатбек Төлепберген басқарып отырған «Шалқар» радиосы ұлттық арна атына сай қазақтың ұлттық музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, ретро музыкасын, өткеннен сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарды насихаттауға түбегейлі бет бұрды. Тіпті радио форматына сай жасалған имидждік роликтері, музыкалық әрлеу, сүйемелі тұтас ұлттық бағытта жаңаланғаны – үлкен еңбектің нәтижесі. Жаңарып, жаңғырып жатқан уақыт жылдамдығына ілесіп, еңбекті ел кәдесіне жаратып, рухани игілікке айналуына қол жеткізуден, қабілет-мүмкіндікті қапы жібермей, қайырлы еткеннен артық қандай нығмет болсын? Сын естісе – сынбай, мақтаса – мастанбай, еңбек үшін жаралған ер екеніне бүкіл елін иландырып, бір күн еңбек жасамаса, екі қолын қайда қоярын білмей аласұратын Болатбек әріптестің тынымсыз ізденіспен келген толысқан шағынан шығармашылығы жаңа сапаға ауысып, бұрқылдап қайнай түсетініне кәміл сенеміз.
АЛМАТЫ