Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әр жыл сайын мектеп тәмамдайтын жас түлек жан қалауымен қатар, жақсы табыс әкелетін кәсіп, мамандық таңдап, соған орай білім беретін оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Құлағы түрік, санасы сәулелі талапкерге мемлекеттік грант көп бөлінетін бірақ табысы ырғын бір кәсіпті көрсеткіміз келеді. Ол – балық бизнесі.
Жапондарға ұқсап саламатты ұзақ ғұмыр сүргіңіз келе ме? Онда теңіз өнімдерін, әсіресе балықты азық ретінде көбірек тұтын! Бұған өркениетті ел тұрғындарының көзі жеткелі қашан. Қазір саламатты өмір салтын ұстанған бауырларымыз да біртіндеп болса да соған келе жатыр. Демек таяу болашақта балық бизнесінің өрісі кеңейе түседі. Ендеше балық шаруашылығына мойын бұрып, неге табысын салмақтап көрмеске?
Былтыр жыл аяғына таман Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті «Ветеринария және мал шаруашылығы» факультетінің корпусында орналасқан «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығында бір топ БАҚ өкілдерімен барған едік. Онда ондаған жылдан бері балықтың ондаған түрін зерттеп, зерделеп, ел-жұрттың кәдесіне асыруға жұмыстанып жүрген ғалымдар журналистерге кларии жайын балығы мен шаянды жасанды көбейтудің биотехнологиялық тәсілін көрсетіп, шығыны жоқтың қасы, бірақ табысы мол кәсіптің ұңғыл-шұңғылын тереңдеп түсіндірді.
Аталған ғылыми зерттеу орталығының директоры сала бойынша ғылым кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов балықты жасанды өсіру мен көл-көсір пайдасы туралы ұзақ әңгімеледі. «Біздің кафедра 2001 жылы ашылды. Алғашқы ғылыми жұмыстарға 2004 жылдан бастап кірістік. Қазақстан бойынша көлдерде балық шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Төрт жылдан кейін кафедра мен ғылыми орталық балықтардың жаңа тұқымдарын тың әдіспен өсіріп, көбейту тәсілдерін жолға қойды.
Бекіре, оның ішінде шабақтарының физиологиялық өсу факторларын зерттеп, зерделедік. Әрі қарай үлкен жұмыстарды бастадық. Кларии жайыны, тилапия және бахтах сияқты өндірістік балықтармен ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қазір аустралиялық көкшаян да орталықтың зерттеу нысанына айналған. Олар – өте жылдам өсетін балықтар мен жәндіктер. Бар-жоғы 6 айда жарамды салмағына келеді. Яғни пайдалануға немесе сатуға шығарылатын балықтар салмағын жарты жылда толықтырып үлгереді. Мысалы, жайындар ұсақ шабақтан бастап 2 килолық салмаққа жетеді.
Оған қоса, бізде өте тартымды әрі бәрімізді қызықтырған жұмыс – аквапоника. Аквапоника 2 мәселені қатар шешеді. Бірінші, сатылымға шығарылатын балықтар болса, екінші жағынан, оған қосымша өсімдіктер мен көкөністер өсіруге мүмкіндік бар. Осындай жұмыстарды қатарынан бірге жүргіздік. Өйткені бұл әдістің пайдалы тұсы көп. Балықтарды өсіріп жатқан судың тұнбасын алып, ондағы көптеген органикалық биоагенттік затты өсімдіктердің тамырына жіберіп, тыңайтқыш ретінде пайдаланамыз. Өсімдіктер тұнбалы тыңайтқышты бойына азық етіп өсіп-өнеді. Сөйте тұрып тамыры арқылы суды тыңайтқыштан тазартып береді. Тазарған су балыққа қайта құйылады. Мұндай әдісті көптеген мемлекет әуелден қолданып жүр. Біз де балық пен көкөністі қатар өсіру циклін мұқият зерттеп шықтық. Нәтижесі өте жақсы болды», деді Қ.Сыздықов.
Аталған факультет орналасқан ғимараттың 70-80 шаршы метр болатын жертөлесінде 8 арнайы бассейнге бөліп бағып жатқан африкалық жайын балық шабақтары жарты жылда 2 килоға дейін үлкейіп, бәрін қосқанда 5 тонна балық болады екен. Жайын балықтың килолап сатқандағы бағасы жылқы етінен екі есе қымбат. Оны Шарын базарынан көзіміз шалды. Ал 5 тонна жайын балығын шығаруға бар-жоғы екеуінің ғана уылдырығы жеткілікті. Екі кило тартатын балықты сауда орындарына жөнелте беруге болады. Осыны ескеретін қазақ баласы балық пен жылыжай бизнесіне шындап мойын бұрып, мемлекеттік гранты мол оқуын оқып, Тәңірі нәсіп еткен табыстың оңай жолына түсер, бәлкім.
Енді ат үстіндегі ағайыннан сұрайтынымыз, аязды күн мен боранды түнде, ақ қар, көк мұзда тебінді жылқының соңында жүрудің қиындығы мен жылы жертөледегі балық бағудың парқын қалай айырасыз? Айтқандай жылы демекші, африкалық жайын балыққа жылы су керек. Сондықтан жертөленің еденіне жылыту түтіктерін тартқан абзал. Ал жайын балыққа кислород жіберетін арнайы құрылғы қажет емес, ол судан басын шығарып, ауаны ауызымен қармайды.
«Негізінде балық шаруашылығын таңдаған жастарға табиғатты және қоршаған ортаны қорғау, биоресурстарды көбейтуші, бизнес-кәсіпкер мамандарын даярлап жатырмыз деп айтамыз. Қай аймақта да болмашы аумақта балық өсіруге мүмкіндік болады. Мына кішкентай ғана 70 шаршы метрлік лабораторияда көріп отырсыздар, жайындар өсіп жатыр. Шақа шабақты суға жіберіп, жарты жылда 5 тоннаға дейін балық өнімін аласыз.
Елдің орталық және солтүстік өңірлерінде көл көп. Олар анау айтқан терең де емес. Осы жағдайды дұрыс бағамдап, көл шаруашылығын дамытуымыз керек. Көптеген көлде мөңке, табан, алабұға мен көксерке бар. Олардан да пайда көруге болады. Қазір талайлар көлді жалға алып, балық шаруашылығын дамытып жатыр. Десек те, дайын балығы бар. Ендеше, ол кәсіпкер көлдің күтімін жасауы керек. Яғни балықты әр уақыт өз мөлшерімен аулауға тиіс. Заңдық ереже бойынша балықты аулаған соң, қосымша шабақтар және жіберу керек. Сонда қажетті цикл орнайды», деді доцент.
Ғалым-оқытушының айтуына қарағанда, балық және су шаруашылығы бойынша білім алған түлектер жеке кәсіппен шұғылданғысы келмесе, саладағы мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істеуіне де болады. Өйткені біздің елде осы саланың мамандары тым тапшы көрінеді. Ал Ресей мен Қытайдан және Өзбекстаннан зәрулікпен қалап шақыртқан мамандар қызметін сәл кем алтынға бағалайтын көрінеді. Сондықтан да бұл саладағы білімге мемлекеттік гранттар көп бөлініп отыр. Өкініштісі, жыл сайын сол гранттар түгел дерлік игерілмей қалып жатады екен.
«Кларии жайынын көбейту, бір қарағанда, оңай шаруа емес. Оны өсіруге арналған қауыздың материалдары сапалы болуға тиіс. Өйткені жайын шабағының еркін өсуіне оның да әсері бар. Аталған жайынның шабағын шетелдерден әкелу – тым қымбат. Сондықтан оларды осы ғылыми зертханаға әкеліп, зерттейміз. Қандай жағдайда өсіріп, көбейтуге болатынын тәжірибеден өткіземіз. Ондағы мақсат – балықты өсіріп, пайдаға асыру құнын арзандату. Осылай жасағанда ғана тауарлық балық өндірісін өркендете аламыз», деді Қ.Сыздықов.