Шаруашылық • 05 Ақпан, 2024

Балық кәсібіне – ғылыми көзқарас

312 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел-жұрттың табысын еселеу қай кезде өзектілігін жойған емес. Қайткенде қарапайым тұрғындардың қалтасы қомпаяды? Шағын және орта бизнес мейлінше өркендеп, елдегі әр азаматқа жұмыс орны табылып, отандық өнімнің көлемі артқанда ғана әр шаңыраққа дәулет құтая бастайды. Ал біле білгенге, тұрақты табыс көзінің бір түрі, бұл – балық шаруашылығы.

Балық кәсібіне – ғылыми көзқарас

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әр жыл сайын мектеп тәмамдайтын жас түлек жан қалауымен қатар, жақсы табыс әкелетін кәсіп, мамандық таңдап, соған орай білім беретін оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Құлағы түрік, санасы сәулелі талапкерге мем­ле­кет­тік грант көп бөлінетін бірақ табысы ыр­ғын бір кәсіпті көрсеткіміз келеді. Ол – балық бизнесі.

Жапондарға ұқсап саламатты ұзақ ғұмыр сүргіңіз келе ме? Онда теңіз өнімдерін, әсіресе балықты азық ре­тін­де көбірек тұтын! Бұған өрке­ниет­ті ел тұрғындарының көзі жеткелі қашан. Қазір саламатты өмір салтын ұс­танған бауырларымыз да біртіндеп бол­са да соған келе жатыр. Демек таяу болашақта балық бизнесінің өрісі кеңе­йе түседі. Ендеше балық шаруа­шы­лығына мойын бұрып, неге табысын салмақтап көрмеске?

Былтыр жыл аяғына таман Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық зерттеу университеті «Ветери­на­рия және мал шаруашылығы» факуль­тетінің корпусында орналасқан «Ба­лық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орта­лығында бір топ БАҚ өкілдерімен барған едік. Онда ондаған жылдан бері балықтың ондаған түрін зерттеп, зерделеп, ел-жұрттың кәдесіне асыруға жұмыстанып жүрген ғалымдар жур­на­листерге кларии жайын балығы мен шаянды жасанды көбейтудің био­технологиялық тәсілін көрсетіп, шығыны жоқтың қасы, бірақ табысы мол кәсіптің ұңғыл-шұңғылын тереңдеп түсіндірді.

Аталған ғылыми зерттеу орталы­ғы­ның директоры сала бойынша ғылым кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов балықты жасанды өсіру мен көл-көсір пайдасы туралы ұзақ әңгімеледі. «Біздің кафедра 2001 жылы ашылды. Алғашқы ғылыми жұмыстарға 2004 жылдан бастап кірістік. Қазақстан бо­йынша көлдерде балық шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Төрт жылдан кейін кафедра мен ғылыми орталық балықтардың жаңа тұқымдарын тың әдіспен өсіріп, көбейту тәсілдерін жол­ға қойды.

Бекіре, оның ішінде шабақтарының физиологиялық өсу факторларын зерттеп,­ зерделедік. Әрі қарай үлкен жұ­мыс­тарды бастадық. Кларии жайыны, тилапия және бахтах сияқты өндірістік балықтармен ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қазір аустралиялық көкшаян да орталықтың зерттеу нысанына айналған. Олар – өте жылдам өсетін балықтар мен жәндіктер. Бар-жоғы 6 айда жарамды салмағына келеді. Яғни пайдалануға немесе сатуға шыға­ры­ла­тын балықтар салмағын жарты жылда толықтырып үлгереді. Мысалы, жайындар ұсақ шабақтан бас­тап 2 килолық салмаққа жетеді.

Оған қоса, бізде өте тартымды әрі бәрімізді қызықтырған жұмыс – аква­по­ника. Аквапоника 2 мәселені қатар шешеді. Бірінші, сатылымға шы­ға­рылатын балықтар болса, екінші жағынан, оған қосымша өсімдіктер мен көкөністер өсіруге мүмкіндік бар. Осындай жұмыстарды қатарынан бірге жүргіздік. Өйткені бұл әдістің пай­далы тұсы көп. Балықтарды өсі­ріп жатқан судың тұнбасын алып, ондағы көптеген органикалық био­агент­тік зат­ты өсімдіктердің та­мырына жіберіп, тыңайтқыш ретінде пайдала­намыз. Өсімдіктер тұнбалы тыңайтқышты бойына азық етіп өсіп-өнеді. Сөйте тұрып тамыры арқылы суды тыңайтқыштан тазартып береді. Тазарған су балыққа қайта құйылады. Мұндай әдісті көптеген мемлекет әуелден қолданып жүр. Біз де балық пен көкөністі қатар өсіру циклін мұқият зерттеп шықтық. Нәтижесі өте жақсы болды», деді Қ.Сыздықов.

Аталған факультет орналасқан ғимараттың 70-80 шаршы метр болатын жертөлесінде 8 арнайы бассейнге бөліп бағып жатқан африкалық жа­йын балық шабақтары жарты жылда 2 килоға дейін үлкейіп, бәрін қосқанда 5 тонна балық болады екен. Жайын балықтың килолап сатқандағы бағасы жылқы етінен екі есе қымбат. Оны Шарын ба­за­рынан көзіміз шалды. Ал 5 тонна жа­йын балығын шығаруға бар-жоғы екеуінің ғана уылдырығы жеткілікті. Екі кило тартатын балықты сауда орындарына жөнелте беруге болады. Осыны ескеретін қазақ баласы балық пен жылыжай бизнесіне шындап мойын бұрып, мемлекеттік гранты мол оқуын оқып, Тәңірі нәсіп еткен табыстың оңай жолына түсер, бәлкім.

Енді ат үстіндегі ағайыннан сұрай­ты­нымыз, аязды күн мен боранды түнде, ақ қар, көк мұзда тебінді жылқының соңында жүрудің қиындығы мен жылы жертөледегі балық бағудың парқын қалай айырасыз? Айтқандай жылы демекші, африкалық жайын балыққа жылы су керек. Сондықтан жертөленің еденіне жылыту түтіктерін тартқан абзал. Ал жайын балыққа кислород жіберетін арнайы құрылғы қажет емес, ол судан басын шығарып, ауаны ауызымен қармайды.

«Негізінде балық шаруашылығын таңдаған жастарға табиғатты және қоршаған ортаны қорғау, биоресурс­тарды көбейтуші, бизнес-кәсіпкер мамандарын даярлап жатырмыз деп айтамыз. Қай аймақта да болмашы аумақта балық өсіруге мүмкіндік болады. Мына кішкентай ғана 70 шаршы метрлік лабораторияда көріп отырсыздар, жа­йындар өсіп жатыр. Шақа шабақты суға жіберіп, жарты жылда 5 тоннаға дейін балық өнімін аласыз.

Елдің орталық және солтүстік өңір­ле­рінде көл көп. Олар анау айтқан терең де емес. Осы жағдайды дұрыс бағамдап, көл шаруашылығын дамытуы­мыз керек. Көптеген көлде мөңке, табан, алабұға мен көксерке бар. Олардан да пайда көруге болады. Қазір талайлар көлді жалға алып, балық шаруашылығын дамытып жатыр. Десек те, дайын балығы бар. Ендеше, ол кәсіпкер көлдің күтімін жасауы керек. Яғни балықты әр уақыт өз мөлшерімен аулауға тиіс. Заңдық ереже бойынша балықты аулаған соң, қосымша шабақтар және жіберу керек. Сонда қажетті цикл орнайды», деді доцент.

Ғалым-оқытушының айтуына қа­ра­ғанда, балық және су шаруа­шы­лы­ғы бойынша білім алған түлектер жеке кәсіппен шұғылданғысы келмесе, саладағы мекемелер мен кәсіп­орындарда жұмыс істеуіне де болады. Өйткені біздің елде осы саланың мамандары тым тапшы көрінеді. Ал Ресей мен Қытайдан және Өзбекстаннан зәрулікпен қалап шақыртқан мамандар қызметін сәл кем алтынға бағалайтын көрінеді. Сондықтан да бұл саладағы бі­лімге мемлекеттік гранттар көп бөлініп отыр. Өкініштісі, жыл сайын сол гранттар түгел дерлік игерілмей қа­лып жатады екен.

«Кларии жайынын көбейту, бір қара­ғанда, оңай шаруа емес. Оны өсі­ру­ге арналған қауыздың материал­да­ры сапалы болуға тиіс. Өйткені жайын шабағының еркін өсуіне оның да әсері бар. Аталған жайынның шабағын шетелдерден әкелу – тым қымбат. Сон­дық­тан оларды осы ғылыми зертханаға әкеліп, зерттейміз. Қандай жағдайда өсіріп, көбейтуге болатынын тәжірибеден өткіземіз. Ондағы мақсат – балықты өсіріп, пайдаға асыру құнын арзандату. Осылай жасағанда ғана тауарлық балық өндірісін өркендете аламыз», деді Қ.Сыздықов.