Спорт • 05 Ақпан, 2024

Ұландық төрт әскери қызметші күміс жүлдегер атанды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада күрес түрлерінен өткен  Қазақстан чемпионатында  әскери қызметшілер төрт күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп жазады  Egemen.kz  Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұландық төрт әскери қызметші күміс жүлдегер атанды

Фото: Ашық дереккөз

Елорда төрінде өткен чемпионатта еліміздің 20 өңірінен келген 600-ден астам спортшы бақ сынады. Чемпионаттың бірінші күні  55, 63, 72, 82 келіге дейінгі және олимпиадалық салмаққа жататын – 97 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде медальдар сарапқа салынды.

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Айбек Айтбеков пен 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Исуф Мациев күміс медаль жеңіп алды. 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Елдос Кемеловке қола медаль бұйырды.

Ал жарыстың екінші күні Ұлттық ұлан құрама командасының қоржыны грек-рим күресінен түскен екі күміс медальмен толықты. Бұл жолы 77 келі салмақта Ұлттық ұлан спорт құрамаларын даярлау орталығының дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы ефрейтор Тамерлан Шадукаев пен 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Өскемен қаласының 5518 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Диас Әскербай күміс жүлде иегерлері атанды.

«Ұлттық ұланның 27 әскери қызметшісі грек-рим және еркін күрестен сынға түсіп жатыр. Екі күн ішінде біздің жігіттер 5 медаль жеңіп алды. Олардың әрқайсысы бозкілемде шеберліктерін, жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын байқатты»,  деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы полковник Сатжан Әбішев.

Биылғы Қазақстан чемпионатында яғни  грек-рим және еркін күресте жеңіске жеткен балуандар  Париж-2024 Олимпиада ойындарына  жол ашатын   лицензиялық турнирлерге қатысуға мүмкіндік алады.