Экспорт • 06 Ақпан, 2024

Әлемдік нарықтағы Қазақстан күріші

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қай мемлекеттің болсын эконо­микасындағы маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Қазақ­станда бидай мен күріш, сондай-ақ өзге дәнді дақылдарды өсіруде шаруалардың еңбегі орасан.

Әлемдік нарықтағы Қазақстан күріші

Ауыл шаруашылығы министрлігі бер­ген мәліметке сүйенсек, республика бо­йын­­­ша былт­ыр қаңтар мен қараша айы ара­лы­ғын­­да агро­өнеркәсіптік кешен өнімдері­нің экс­­пор­ты 5 пайызға ұлғайып, 4,9 млрд дол­­лар­­­ды құ­рапты. Негізгі өнімдерден ба­лық, бақ­­­ша да­қыл­дары, қамыс, көкөністен бөлек, 6,7 млн тонна бидай, 21,9 мың тонна сиыр мен қой еті экс­портталған. Ал сырт мем­­­ле­­кет­­тер­ге жө­нел­тілген дақылдар ішін­де күріш­тің үлесі 110 мың тоннаны құрап отыр.

Әлемде күріш егуден алдыңғы орында Қы­тай мем­­лекетінің тұрғаны айтылады. Одан ке­йін­гі Үндістан да бұл дақылды көп­теп егеді. Ал жапондардың күрішке деген құр­меті ерекше. Дақылға мемлекеттік рәміз деп қа­рап, тіл мен ұлт намысы ретінде ерекше құр­­­мет­­­тейді. Тіпті жапон тілінің көп сөзі кү­­ріш кә­сі­бінің айналасында деген дерек те бар. 

вап

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Күрішті 80-нен астам мемлекет өсірсе, Қазақстан осы сапта тұр. Оның ішінде республика бойынша күріштің негізгі отаны – Сыр бойы екені рас. Бұдан бөлек, Түр­кістан, Жетісу, Алматы облыс­тарын­дағы шаруалар да айналысады. Бір жақсысы, осы өніммен өзімізді қамтып қана қоймай, өзге де мемлекеттерге шығарып жүрміз. Әрине, құрғақшылық қысса да ыстық күндері егін алқаптарында жүрген диқандар еңбегінің нәтижесі  – бұл.

Экспорт демекші, біз өзге мемлекеттерге сатылатын ақталған кү­ріштің бағасын білмек болғанбыз. Бірақ онымен айналысатын жекеленген компания өкілдері бұның «коммерциялық құпия» екенін айтты. Сапасына һәм сұрпына байланысты бағасы да әртүрлі. Осыған байланысты күріш өндірушілер өзара ішкі келісім арқылы өні­мін экспортқа түрлі бағамен шы­ғарады екен. Бір белгілісі, ол ішкі нарықтағы бағадан 10-15 па­йыз жоғары болып отыр.

Ал ішкі нарыққа келсек, Қа­зақстанда ақталған күріштің бір килосы – 487 теңге. Орташа баға осы. Демек әр облыс орталығы мен қалаларда өнімді сату бағасы әр­түрлі деген сөз.

Жоғарыда айтқан экспортқа оралсақ. Жалпы, өзге мемлекеттерге сатылатын күріштің негізгі үлесі қызылордалық кәсіпорындарға тиесілі. Күріш өнімін шетелдерге 30-дан астам кәсіпорын шығарып келеді. Статистикаға сәйкес, былтыр жыл басынан желтоқсан айына дейін дәл осы өңірден құны 27,8 млн долларды құрайтын, 52,2 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі экспортталыпты. Олардың қатарында күріш, балық, қамыс, қауын-қар­быз, қызанақ, көкөніс және күріш қал­дығы бар. Бұл өнімдер 21 мемле­кетке жіберілген. Бұның ішінде бар­лық экспортталған өнімнің 86 пайызын күріш құрап отыр. 45 мың тоннаға жуық күріш 18,2 млн дол­ларға сатылған. Күрішті сатып алушылар қатарында көршілес Ре­сей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тү­рік­менстан, Тәжікстаннан бөлек, Украина, Грузия, Литва, Әзербай­жан, Беларусь, Ирак және Моңғолия елдері де бар.

Суармалы егістік саналатын күріш дақылының бейнеті айтпаса да түсінікті шығар. Табанында үнемі су жатпаса, өнім бермей­­тін егін алқаптарында диқан қауым­­ның қиындықты белуардан кеше­тіні белгілі. Ал жыл сайын су тап­шылығына байланысты күріш егістігінің көлемі қысқартылып ке­леді.

Енді бір қызық жайт, елімізде жеке тұлғалардан қаржы алып, күріш өсіретін шаруашылықтар бар. Бұл жерде бағаны ақша беріп отырған инвестор қоюы әбден мүмкін. Бір ғана мысал, былтыр ақталмаған бір кило күріш бағасы 110-120 теңге болған. Ал биыл 130-140 теңге шамасында сатылады деп болжанып отыр. Осылайша бірнеше мың тонна күріштің ақшасын алдын ала алып, тіршілік етіп отырған шаруашылық күзгі науқан кезінде бар өнімін қарызының өтеуі есебінде қаржыландырушы инвестордың жеке қамбасына құйып жүр.

Қорыта айтқанда, күрделі жағ­дайға қарамастан қиындыққа төзіп, мол өнім алуды мақсат тұтқан егінші еңбегі мың мәрте құрметке лайық.