Дәстүрлі әнші ретінде ғана емес, опера арқылы да өнер кеңістігінен айшықты орын алған Ғарифолла мұрасы, таланттың жан жүрегінен туған көптеген музыкалық шығарма – халықтық мазмұнға бай, кең тынысты дүниелер. Әсем ән әуелеген тағзым кешіне арнайы келген Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Эльза Карабалина, Венера Қаржаубаева, Армат Исламғалиев, Күнқожа Қайрулла қатарлы дәстүрлі ән шеберлері Ғарифолла шығармаларынан концерт қойды. Сонымен бірге Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шәкірттері өз өнерлерін ортаға салды.
Мұхит мұрасын бүгінге жеткізіп, қазақтың дәстүрлі әндерін төрткүл дүниеге паш еткен тума таланттың «Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді», «Үш қыз» секілді авторлық әндері де – халық көңілінен орын алған туындылар. Десе де ғұлама жылдар көшінде қалған көне музыкалық мұраларымызды жаңа буынмен қауыштырған Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылық тынысы әлі де тереңнен зерттеп-зерделенуге тиіс. Бұл бағытта оның ұрпақтары толымды еңбек етіп жүр.
Рухани іс-шараға зиялы қауым өкілдерімен бірге Ғарифолла Құрманғалиевтің ұлы Нұрлан, келіні Ләйлә, немересі Меруерт қатысты. Ең ғажабы, әншінің ұрпақтары да өнер мен ғылымнан өріс тапқан. Мәселен, аты аңызға айналған өнер иесінің өмір белестері мен шығармашылық жолынан сыр шертетін мазмұнды еңбектің жарық көруіне немересі Меруерт Санатқызы мұрындық болған. Ал атасының қаншама әнін нотаға түсірген келіні Ләйлә Құрманғалиева екенін көпшілік біле бермейді.
«Батыс өңіріндегі Аманғали, Құмар, Сартай секілді халық композиторларының әндерін кейінгіге жеткізіп, Арқа аймағындағы ғажайып туындыларды батыс өңірінің орындаушылық стиліне бейімдеп айтқан бірден-бір адам – Ғ.Құрманғалиев. Бұл кісінің ғаламат әнші екенін күллі қазақ жақсы біледі. Ал оның айтылмай жүрген бір қыры – жыршылық қабілеті. Кешегі бала Ораз бен Жібектің айтысы секілді батыстағы эпостық жырларды құбылта жырлағанын, халық термелерін, жыршылық сарындарды жаңғыртқанын екшеп айтуымыз керек», дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Күнқожа Қайрулла.
Іс-шара барысында Мемлекеттік орталық музей қорындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің фотоматериалдары мен марапаттары, тіршілігінде тұтынған жеке заттары, басқа да жәдігерлерден құралған шағын көрме көпшілік назарына ұсынылды.
АЛМАТЫ