Мәселе • 07 Ақпан, 2024

Жүген ұстап қалмасақ жарар еді...

136 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қоян жылының соңы малсақ қауымға тым жайсыз тиді. Желтоқсанда жаз бойы жаумаған жаңбыр жауып, ойпаң жерлер былай тұрсын, қырат-қырдың өзі ылғалға мелдектеп қалды. Іле суық түсіп, сіресіп қатты. «Жылқы жұтқа ұшырады. Жергілікті маңызы бар төтенше жағдай жариялау керек», дейді қолына құрық ілген жылқышылар.

Жүген ұстап қалмасақ жарар еді...

Жаз бойы қуаңшылық болып, шөп бой салып өспей бұғып қалды. Қытымыр қыстың нақ ортасында нөсер жаңбыр жауды. Әншейінде жыл он екі бойы өз күнін өзі кө­реді деген жылқы жарықтық қыс түскелі тілін тістеп тұр. Жаз бойы қамап баққандықтан қо­ңыр күзге дейін жілігіне май бітпей, қысқа жүдеу түсті. Дәл биылғыдай қыс қаһары, табиғат тәлкегі төңірегінде ескі естелікті тірілткен көнекөз қариялардың өзі мұндай жайсыз маусымның соңғы рет қашан болғанын тап басып айта алмайды.

– Атам да, әкем де жылқы баққан, – дейді Үлгілі ауылының жылқышысы Амантай Дүкенов.

– Құтты құрықтарын маған ұстатып кетіп еді. Мен баламның баласына «көрмегендерің жылқы болсын, жылқының жанына жо­ламаңдар» деп тапсырып ке­темін. Отыз үш жыл жылқы баққанда биылғыдай сұрапыл жағдайды көрмеппін. Бес жасымда атқа міндім, жабағы үй­ретіп, түнде жылқы іңірлеттім. Әкемнің үзеңгісіне жармасып, түнгі күзетке шықтым. Көзімді ашқаннан көргенім көкалалы көп жылқы. Жылқымен бірге оттап, бірге жусадым. Ал биылғы қыс сұрапыл. Көктемге дейін табаны күректей екі ай бар, жүген ұстап қалмасақ жарар еді деп уайымдап жүрміз.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана Үлгілі ауылында екі табын, ұзын-ырғасы мыңға жуық жылқы бар. Қыс ортасына дейін мал азығы бар ауыл тұрғындары бір­ді-екілі жүдеген жабағыларын ұстап алған. Қалғандары әуелі Аллаға, сосын жылқышыға сеніп, басқа амалымыз бар ма деп қа­рап отыр. Енді қайтсін, қораға қа­мап бағайын десе қол қысқа. Жаздың күні мал азығын қамдап-ақ алар еді, шабындық жоқ. Егін егетін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ауылдың іргесіне дейін жыртып тастаған.

– Егін екпесін демейміз, ексін. Жердің игілігін көру керек қой, – дейді ел ақсақалы Абзал Қасымбеков. – Бірақ бір тү­сініксізі, төрт түлік малымен күн көріп отырған ауыл тұр­ғын­да­рының жайын ешкім ой­ламай­тыны. Мәселен, егіс­тік жер бөлінгенде ауылдағы мал­дың санына байланысты жа­йылымдық, шабындық жер қал­дырылуы керек қой.

Жерді ретсіз бөлудің бір кө­рінісі Зеренді ауданындағы Са­довый елді мекенінде. Ауыл тұр­ғындарының жекеменшік малын бағу үшін елді мекеннің ма­ңында мүлде жайылым, ша­бын­дық жер қалдырылмаған. Он мың гектар жер ауылдан тө­тесінен түскенде елу-алпыс ша­қырым қашықтықтағы Ақады­р ауылының арғы бетінде. Орта жолда облыс орталығының саяжайлары, Шағалалы өзені, Көк­шетау – Атбасар бағытындағы тасжол, иін тірескен егістік. Мал бағады деп қалдырылған жерге қанатты құс болмаса, төрт аяқты мал жетуі мүмкін емес. Осыдан кейін жергілікті жердегі әкім-қа­ралардың қандай қисынға сүйе­ніп жерді бөлгенін түсініп көріңіз.

Біз тілдескен Үлгілі ауылында да дәл осындай көрініс. Ауылда мал баршылық, жоғарыда мың қаралы жылқы бар екенін айт­тық. Қара мал да екі табын. 800 бас шамасында. Оған қойды қоссаңыз, қыруар малға қаншама жер керек.

– Жазда қуаңшылық болып жылқы қорегі бетеге булығып шықпай қалды, – дейді Амантай Тәшенұлы. – Тісіне ілігер ештеңе болмаған соң жылқы тұрақтамай тұр. Кей күндері алпыс-жетпіс шақырым жерге дейін кетіп қа­лады. Таяуда ақтүтек боран бо­лып, Біржан сал ауданының алты-жеті мыңға жуық жылқысы қо­сылып кетті. Айырып көріңіз. Көк мұзда мініс аты да жүре ал­майды. Жіліншегі қиылып қалған. Жаяу жүріп жеті мың жыл­қыны ажырата аласың ба?!

Жылқышының айтуына қара­ғанда, желтоқсан айында жауған жауынның әсерінен шамамен бес сантиметрге жуық мұз қатыпты. Кейін отыз сантиметрге жуық қар түскен. Қаңтардағы соңғы жауыннан жер бетін кере қарыс мұз жапқан. Сіңіріне ілініп әзер тұрған тай-жабағы түгілі, құр ат, бесті бие, атан жілік айғыр да тебіндей алмайды.

– Қаншама жерді бауырына басып отырған егін егетін серіктестіктерге елдің өкпесі қа­ра қазандай, – дейді Амантай Тәшенұлы. – Олар жұрттың жайы­н ойлап, тым болмаса сабанын тас­тап кетсе ғой. Біз, жыл­қы­шылар бір-бірімізбен хабарласып, жағ­дайымызды біліп оты­рамыз. Іргедегі Солтүстік Қа­зақ­стан облысының егістік ал­қап­тарында сабан көпенелері сол қалпы тұр. Ендігі арада екі облыс бір-бірімен келісіп көмек қолын созса. Бәрібір көктем шыға ол сабан ешкімге керек бол­май қалады ғой. Ал қазір тым болмаса тай-жабағы садақа деп биелерімізді аман алып қалар едік. Далаға шықсаң, малдың өлексесінен көз тұнады. Аузын үріп, сирағын сыпырған малымыздың аштықтан іші кеуіп, теңкиіп жатқанын көр­генде жылағың келеді. Негі­зінде жылқы малы қайратты ғой, ақтық демі таусылғанша жығылмайды. Жығылды екен, тұрғызу мүмкін емес.

Оның арғы жағында сойылдай тағы бір мәселе бар. Қыраулы қыстың беті қайтып, көгеріп көктем келгенде, даладағы өлек­сені кім жинайды. Ит-құстың жегенінен қалғаны сасып, борсып, жұқпалы аурудың ошағына айналмас па екен. Ауданның Үлгілі ауылындағы жағдай осы болғанда, іргелес қоныстанған Құдықағаш ауылында да жағдай мәз емес. Қырық-елу түтіні бар ауыл­дың босағасына 400 бас жылқы біткен. Малсақ қауым жылқы қолға қараған соң қысқа қамдаған жем-шөбі таусылған соң саудагерлерге жаутаңдап отыр. 17-20 килолық шөп бумасының құны 1 800-2 000 теңге көлемінде екен. Осындай бағамен мал бағу мүмкін бе?!

– Шабындық және жайы­лымдық жер шаруа қожа­лық­тарында ғана бар. Егін шаруа­шы­лығымен айналысатын се­ріктестіктер табалдырыққа дейін тақап жыртып тастады. Өздері мал бақпағаннан кейін мал азығын дайындамайды. Біздің ауыл мал ұстауға мүл­дем қолайсыз болып барады. Ір­геміздегі «Көкшетау» мем­ле­кеттік ұлттық табиғи пар­кінің жеріне баруға болмайды. Ендігі бір амал, тозығы жеткен жайылымдарды жаңарту. Ол үшін осы жердің игілігін көріп отырған серіктестіктерді әлеуметтік жа­уапкершіліктерін адал атқа­руға шақырып, екпе шөп егіп берсе дейсің, – дейді Құдықағаш ауылының жылқышысы Балташ Ахметов. – Бәлкім, елдің ырысы ортаймасын деген оң ниет болатын болса, жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялау керек шығар. Даладағы жылқының аузына тиетіні күзде тамырына дейін қурап қалған өлі қау ғана. Қазір жылқы бозға тоқтамайды. Таяуда Жаңаталап, Кеңащы, Сәуле, Аңғал батыр, Мәдениет тәрізді ондаған ауылдың он бес мыңға таяу жылқысы Теңіздің түбіне дейін ығып барды. Мидай араласып кеткен соң тәмам жылқыны бөліп алу өте қиын болды.

Дәл осындай жағдай Жаңа­лық ауылында да орын алған. Жекеменшіктің жыл­қысын ба­ғатын Амангелді Сүлей­менов­тың айтуына қарағанда, екі табын жылқының ішіндегі ұсағы тегіс қолға қараған. Мал ішінде шығын өте көп. Екі жүз килолық бір бума шөптің құны 22 мың теңгеге жеткен. Былтырғымен салыстырғанда екі есе өсті. Оның өзінде де таба алсаң.

Тоқсан түтіні бар Кеңащы ауы­лында төрт табын жылқы бар. Ұзын-ырғасы мың жарым­ға жуық, қара мал үш жүздің шама­сында. Оған қойды қо­сыңыз. Жылқышы Абай Нұрмағамбетовтің айтуына қа­рағанда, мал бағуға бөлінген бес мың гектар шамасында жер бар. Бірақ қыруар мал қысы-жазы жайылым ауыстырылмай бағылғандықтан, тозығы жеткен. Оның үстіне жайылымдық жер болғанымен, шабындық жер жоқ. Мал азығын қамдай алмаған соң малсақ қауым жыл сайын шөпті сатып алуға мәжбүр. Ауылдағы ағайынның алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған мәселе осы.

– Кейінгі жылдары әділеттілік орнығады деген үміт те болды, – дейді Абай Нұрмағамбетов.

– Кейде игерілмей жатқан қыруар жер мемлекет меншігіне қай­тарылды деген хабарды естиміз. Біздің облыста да мыңдаған гектар жер кері қайтарылыпты. Сол жерлер кімге беріліп жатыр? Тағы да мық­тылардың меншігіне айналып кеткен жоқ па?

Біз тілдескен ауыл тұрғындары мен жылқышылар жағдайдың дәл осылай қалыптасуына жа­йылымдық және шабындық жер­лердің ел тілегін ескере отырып әділ бөлінбеуінде дейді. Ауыл тұр­­­ғындары жер болса бізге басқа ештеңенің қажеті жоқ, өз кү­німізді өзіміз көрер едік деп отыр.

Биылғы тығырықтан шығу­дың жалғыз жолы – ат тұяғы же­тетін көрші өңірлерден талға­жау етер сабан тасу. Өткен егін орағы кезінде ылғалдың көп­тігінен астық сапасыз болды. Дені ұнға жарамайды. Ұнға жа­рамаса да жемге жарайды ғой. Астығын сата алмай отыр­ған шаруашылықтармен хабар­ласып, малсақ қауымға жәр­дем­дессе. Бәлкім, қоян жылы­ның қиын­ды­ғынан сонда аз шы­ғынмен шығып кетер ме едік.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы