Қоғам • 06 Ақпан, 2024

Зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау

106 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы 99 пайызға жетеді. Зергерлер лигасы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Қайсар Жұмағалиев осылай деп дабыл қағып отыр. Заңсыздықты тыюдың бірден-бір жолы – цифрлық таңбалау.

Зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау

Фото: dknews.kz

Зергерлер лигасының мәліметінше, елімізде контра­фактілік цехтар жұмыс істейді. Онда арнайы жабдықтардың көмегімен тауар Түркия, Италия немесе Ресейде жаса­лынғанын мәлімдейтін жалған штамптар бар. Адал кәсіп­орындар көлеңкелі нарықпен бәсекеге түсе алмай, өндірісті тоқтатуға мәжбүр. Сондықтан осы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізге әкелінетін немесе ел аумағында өндірілген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды бөлшек және көтерме саудаға өткізу кезінде міндетті түрде таңбалау жүргізілетін болды. Ал бұрын таң­баланған өнімді айналымнан міндетті түрде алып тас­тау керек.

Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйе­сінің негізгі мақсаты – еліміздегі тауар айналымын ашық ету. Сондықтан ел аумағында бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалауды енгізу дәрілік заттарды таңбалау кезіндегідей кезең-кезеңмен емес, бір реттік болады.

– Зергерлік бұйымдар нарығы контрабанда мен контрафактілік тауарларға толы кезде цифрлық таңбалау бизнесіміздегі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналады. Цифрлық таңбалау тауардың бүкіл жеткізу тізбегі бойынша өнімнің қадағалануын жақсартып қана қоймай, тұтынушыларға олар сатып алатын өнімдердің түпнұсқалығына сенімділік береді, сонымен қатар тұтынушылардың алаяқтығына жол бермеу арқылы саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл тұтастай алғанда, салаға тұтынушылардың сені­мін арттыруға көмектеседі. Мемлекетпен бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана біз нарықтың тазалығы мен ашықтығын қамтамасыз етіп, бизнесті дамытуға және тұтынушылар сеніміне қолайлы жағдай жасай аламыз. Бұл жауапкершілікті, тіпті жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті бір мезгілде күшейткенде ғана мүмкін. Бұл екі шарт тұтынушыларды алдаудан сақтайды, – дейді Зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев.

Индустрия және құрылыс министрлігі өкілдерінің айтуынша, бүгінде таңбаланбаған зергерлік бұйымдардың қалдықтарын сатуға рұқсат етілген және оларды сатуға әзірге айыппұл салынбаған. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын еске сала кетейік. Түзетулер шағын, орта және ірі бизнеске қатысты болады. Осы жылы Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың өкілдері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша оқыту семинарларын өткізеді.

Еске сала кетейік, елімізде міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау үш өнім тобына қолданылады: 2020 жылдан бастап темекі өнімдеріне, 2021 жылдың қарашасынан аяқ­киім өнімдеріне және 2022 жылдың қарашасынан бастап 90 дәрілік затқа. Ал 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттардың 100 пайызына қолданылады.