Қоғам • 07 Ақпан, 2024

Әлімжеттік азайды

121 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ізгі қоғамның бір дәнегі отбасы – ошақ қасынан өніп шығады. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда сол дәнекті жабылып жан жы­луы­мен суарып, күтіп-баптап, шаңырақ шаттығына ұйытқы болудың ор­нына, қит етсе әйел, бала-шағасына жұдырық ала жүгіріп, отба­сының шырқын бұзып, берекесін қашырып жатқандар аз емес.

Әлімжеттік азайды

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысының   «Ege­men Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да осы мәселе төңі­­регінде сөз өрбіп, елімізде тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жат­қаны айтылды.

Мәселен, былтыр 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анық­талуын негізге алып, әкімшілік істі тіркеуге көшті. Яғни полиция қызметкері жанжал туған отба­сы­на келген соң, бұрынғыдай жә­бір­ленуші арыз жаза ма екен деп бас қатырып отырмай, істі бірден тіркейді. Отба­сын­дағы әлімжеттік қайталана бер­мес үшін тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты та­рап­тарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейді. Заңдағы өзгерістерден кейін өңірде тұр­мыс­тық зорлық-зом­былыққа қа­тысты қылмыс деңгейі едәуір азай­ған. Мысалы, облыстық полиция де­пар­таментінің мәліметінше, өткен жылы отбасы мен тұрмыста жасал­ған құқық бұзушылықтарды тіркеу 38 пайызға төмендеген.

Қостанай қалалық полиция бас­қармасының учаскелік инспек­торы, полиция аға лейтенанты Теміржан Сарқытбаев өткен жылдың 1 шіл­десіне дейін «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» деп атала­тын 73-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту жаралары тым жұмсақ болып келгенін айтады.

«Мысалы, «102» жедел пуль­тіне күйеуінен зорлық көрген қыз-келіншектерден келіп түскен хабарламалар бойынша мекенжайға келеміз. Күйеуі ішіп алған, мас. Әйеліне арыз жазыңыз десек, ойбай 3 баламыз бар, ағайын-туыс­тан ұят болады деп азар да безер болады. Заң бойынша біз ешқан­дай шара қолдана алмаймыз. Бар болғаны, неліктен полиция ша­қырт­қанын, үйде не жағдай бол­ғанын білу үшін түсініктеме ала­мыз. Көршілеріне барып, сұрай­мыз. Кейбір көршілер «күйеуі күнде ішеді, әйеліне қол жұм­сайды, үнемі айқайласып жатады» деген мазмұнда түсінік береді. Одан кейін жанжал шығарған аза­матты арнайы ұстау орнына апа­рып қамап, таңертең сотқа апа­рамыз. Ол жерде мән-жайдың бәрін өзіміз баяндаймыз. Сот ескер­ту береді. Ал ескертудің шегі болмайтын. Сотқа келеді, ескер­ту береді, сотқа келеді, ескерту береді, осылай қайталана беретін. Одан ешқандай нәтиже жоқ. Ескертуден кейін татуласады. Татуласу да шексіз болатын. Сотқа келеді де, татуласа береді. Кей әйел «сотқа да бармаймын, уақытым жоқ» деп арыз жазбай қоятын жағдайлар да болады», дейді учаскелік инспектор.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап 73-бапта қарастырылған жаза түрі өзгеріп, тәртіп сақшылары осы қиындықтың бәрінен арылған. Мысалы, учаскелік инспектор «күйеуім мас, қол жұмсады» деп қоңырау соққан келіншектің мекенжайына келді делік. Әйелі әдеттегідей арыз жазудан бас тартады. Тәртіп сақшысы соған қарамастан, фактіні тіркеп, қатаң шара қолдануға құқылы.

Мұның сыртында, бұрын жәбір көрсетуші мен жәбірленуші шексіз татуласа беретін. Қазір жылына бір-ақ рет татуласа алады. Одан кейін ескерту беріледі, болмаса, әкім­шілік қамауға алады. Ол көбіне тараптардан алынған түсі­нік­темелерге, адамның өзіне байланысты. Егер жанжал шығарған адам кінәсін өзі мойындап, шынайы өкініп, кешірім сұрап жатса, сот ескерту береді, бол­маса, 5 тәулікке қамайды. Одан кейін учаскелік инспектор 30 тәу­лікке қорғау нұсқамасын белгілей­ді. Осы мерзім ішінде айыпталу­шы жәбірленушіге қайта қол көте­ріп, жанжал шығарса, қорғау нұсқа­масы бұзылады. Заң бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ол адам сот арқылы бірден 10 тәу­лік­ке әкімшілік қамауға алынады.

Одан кейін учаскелік полицей іс материалын сотқа жіберген­де арнайы талап қояды. Соның негізінде сот айыпталушыға үш айға ішімдік ішуге, отбасында жанжал шығаруға тыйым салады. Ол азамат осы үш ай бойы учаскелік полиция пунктіне келіп тұрады. Тәртіп сақшысы оның хал-жайын, отбасының жағ­дайын сұрап, әңгімелеседі, тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізеді.

«Арасында үйіне өзіміз де барып, мас па, сау ма, немен айналы­сып жатқанын тексеріп, әйелімен сөйлесеміз. Кей адамдар сот та­ғайын­даған үш айлық тыйым­ды бұзады. Ішіп, тағы жанжал шыға­рады. Мұндай жағдайда заң бойынша бізге ешқандай арыз керек емес. Сол күні уақытша ұс­тау орнына қамаймыз да, келесі күні сотқа апарамыз. Әкімшілік кодекстің 669-бабының 3-бөлімі бойынша 20 тәулікке қамауға алынады. Содан кейін көбі тынышталды ғой. Бұрынғыдай емес, қазір тұрмыстық жанжал азайды. Біздің учаскеде бұрын бір ай ішінде 3–4 жанжал тіркелетін. Қазір айына біреу-ақ тіркеледі. Бұрын үнемі ішіп, отбасының шырқын бұзатындар қойды қазір. Есепте тұрған отбасыларға барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Бәрі жақсы деп шығарып салады. Негізі, заң өзгеріп дұрыс болды. Заңның ерекше талаптары түгел өзгерді. Бұрын қорғау нұсқамасында ескерту деген болатын, оны алып тастады. Ерекше талаптарда да ескерту деген болатын. Оны да алып тастады. Қазір көбіне қамайды. Содан бері профилактика да оң нәтиже бере бастады. Ең бастысы, адамдар жаман әдеттен арылып, өзгеріп жатыр. Ішетіндердің көбі арағын қойып кетті. Мысалы, Тәуелсіздік көшесінде тұратын бір отбасында күйеуі үнемі ішіп алып, жанжал шығаратын. Әйелі «102»-ге хабарласып, «ойбай алып кетіңдер, бірақ арыз жазбаймын, тек алып кетіңдер» дейді. Сосын үнемі алып кетеміз де, қамап тастаймыз. Таңертең үйіне кетеді. Он күннен кейін әлгі әйел тағы «102»-ге қоңырау шалады. Тағы алып кетеміз. Заң өзгергелі бір-екі рет хабарлама түскен соң, арызсыз сот арқылы апарып қамап тастадық. Содан кейін біржола тынышталды. Таяуда ғана барып, жағдайын сұрап қайттық. Әйелі «күйеуім арағын қойды, ішпейді, жұмыс істеп жүр» деп алғыс айтып жатыр», дейді учаскелік полиция инспекторы.

 

Қостанай облысы