Пікір • 06 Ақпан, 2024

Несие ноқтасы

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басына бұлт үйіріліп, несие ноқтасын киген борышкерлердің үлесі басым тұрғанда қоғам әрі-сәрі күй кешеді. Бүгінде осы жағдай жұртшылықтың еңсесін басып тұр. Алмақтың салмағын көтере алмай күйреп кеткен пенде қаншама?

Расымен, қазіргі кезде қарызданған жұрт­тың қарасы барған сайын қалыңдап барады. Өткен жылдың соңына таман тараған дерекке сүйенсек, халықтың 84 пайызы, яғни 8,4 миллионнан аса адам – банк алдында борышкер. Кейінгі 1,5 жылда бұл келеңсіз көрсеткіш зорайып, 27 пайызға өсіпті. Осылайша, қарызға белшесінен батқан жұрттың бұл батпақтан шығатын түрі байқалмайды. Сондықтан күйіп тұрған әлеуметтік мәселенің күрмеуін мейлінше тиімді әрі тезірек тарқатудың маңызы зор. Бас ауруға айналған бұл жайтқа Мемлекет басшысы біздің басылымға берген сұхбатында қатты алаңдаушылық білдіретінін және мәселенің ушығып кетпеуін барынша бақылауында ұстайтынын атап айтты. Яғни тұйыққа тірелген, басындағы таудай мәселесін өзі шеше алмайтын азаматтардың тығырықтан шығуына мемлекеттің өзі жол көрсетуге тура келіп тұр.

Иә, несие тұзағына тұтылып, одан құтылу­дың амалын білмей пұшайман күй кешкен жанның жанынан ақыл қосатын санасы сау, жағдайды пайымдай алатын парасаты кең адамның табылуы керек екенін психологтер ұдайы айтады. Бірақ айналамыздан мұндай шетін мәселенің байыбына бара алатын, істің жөнін білетін кісілердің кездесе қоюы неғайбіл. Өйткені несиесі жоқ адам некен-саяқ, бәрі өз басымен әуре. Құдды, «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегеннің кері. Сондықтан жарылуға шақ тұрған үлкен әлеуметтік «ісікті» жоюдың жайын мемлекет барынша қарастырып бақпақ.

«Әлін білмеген – әлек» дегендей, жұрт­тың көбі шамасына қарамай шектен тыс қарызданып, оны қайтара алмай қай­ғысына қайғы жамап жатады. Әрбір­ден соң бұл мәселе борышқорлардың денсаулығына, оның ішінде ең алдымен психикалық саулығына орасан нұқсан келтіреді. Осы жайтқа кеңінен зерттеу жүргізген Стэнфорд университетінің психологі Келли Макгонигал қарыз жалпы адамның көңіл күйін бұзып қана қоймай, денсаулығына да үлкен соққы жасайтынын мәлімдейді. Жағдайды оң жағына қарай өзгерте алмаудан туындайтын үміт­сіз­діктің соңы дағдарыс пен күйзеліске ұла­сады. Зерттеулерде денсаулығы сыр беріп, дәрігерге жүгінушілердің қатарында қарыз­да­нушылардың көп екені анықталған.

Қаржысын үйлестіре алмай, үйдей бәлеге душар болудың соңы дерт табумен ғана бітпей, сорақысы өмірмен қоштасумен де аяқталып жатыр. Барар жер, басар тауы қалмаған адамның соңғы қадамы осы болып тұр. Яғни дәм-тұзы таусылған ағайынның болашақтың үлесін уақытынан бұрын жұм­сап қойғанын аңғартады. Ертеңгі күннің несібесін артығымен бүгін жаратып тас­тасақ, алдағы күніміздің қараң болатыны түсінікті-ақ. Сөзіміз дәлелді болу үшін былтыр елімізде 12 азамат өз-өзіне қол салғанын айтуға болады. Сондай-ақ сорлап қалған жандар басқа да бәлелерге ұрынып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр 40 азамат несиесін жабатын ақша табу үшін түрлі қылмысқа барған. Қарақшылық шабуыл, тонау, ұрлық жасаған ондайлардың барлығы жазасыз қалмайды, заң алдында жауап береді.

Біле білгенге, несие болашақты жақын­да­татын, арманға жылдам қол жеткізе­тін жол сияқты көрінгенімен, бұл – жай ғана бостандықтың иллюзиясы. Әлеуметтік зерттеулер адамдардың несиені өзін еркін әрі мықты сезінуі үшін алатынын көрсетеді. Қалтадағы не картадағы ақша жұмсалған сайын еркіндікті сезіндіріп әуеге алып ұшқан «шардың» да желі ақырындап шыға бастайды. Сөйтіп шақшадай басымыз шарадай болып, желіміз шығып, жерге түсеміз. Қарызға алған тәуелсіздіктің салдары зор тәуелділікке соқтырады. Сондықтан несие алғанда мұның бәрі бар болғаны иллюзия екенін санаға шегелеп қойған абзал. Мұны ұғынған кісі несиені де шамасына қарап алады, соған сәйкес қарызға келген дүние де ұтымды жұмсалып, жоғалтары көп болмайды.

Өкініштісі, қазіргі қоғамда табысынан гөрі шығыны әлдеқайда асып кететін жайт үй­реншікті әдетке айналып кеткен. Бұл өмір­дің өзін қарызданып, сауғаланып сүріп жат­қа­нымызды байқатады. Ал мамандар тапқан табыстан асырып емес, кем жұмсағанда ғана байлық бітетінін алға тартады. Түйіндеп айтқанда, «тарта жесе – тай қалады, қоя жесе – қой қалады» дегендей, қанағатшыл құмырс­қаның өнегесін әрбір жан жадында ұстаған жөн. Әйтпесе ұқсатып жарата алмаған адам ұтыла береді, ұйыққа бата береді.