Үкімет • 07 Ақпан, 2024

Үкіметке үлкен міндет жүктеледі

152 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Апта басында отставкаға кеткен Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау ісі Премьер-министр лауазымына кандидатураны бекітуден басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісі және «Amanat» партиясының төр­аға­сы Ерлан Қошанов осы пар­тия атынан Премьер-ми­ни­стр қызметіне Олжас Бек­тенов­тің кандидатурасын ұсынды.

Үкіметке үлкен міндет жүктеледі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мем­лекет басшысы Қазақстан Республи­касы Парламенті Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс екенін айтты.

Талқылауға «Amanat» партиясы фрак­циясының жетекшісі Елнұр Бей­сен­баев, Қазақстан Халық партия­сы фрак­циясының жетекшісі Магер­рам Магеррамов, «Ақ жол» партия­сы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясы­ның жетекшісі Айдарбек Қожаназаров қатысты.

Осыдан кейін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысқан Президент Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.

 

Батыл шаралар қабылдау қажет

«Баршаңызға мәлім, бүгінгі Қазақстан – халықаралық қоғамдастықта абырой, беделі бар мемлекет. Бұл еліміз үшін зор жетістік деп сеніммен айтуға болады. Шетел саясаткерлері және сарапшылары Қазақстан Орталық Азияда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және жалпы экономиканың көлемімен көш бастап тұрғанын мойындайды. Бірақ біз еліміздің әлеуетін одан әрі арттыруымыз керек. Бұл – алдымызда тұрған биік мақсат. Сондықтан босаңсуға болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мұның бәрі жеткіліксіз екені анық. Қазақстанды озық елге айналдыруымыз керек. Бұл – жай ұран емес. Бұл – біздің нақты жоспарымыз.

Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сон­дықтан түбегейлі саяси реформалар жүр­гізумен қатар, еліміздің қоғам­дық-эконо­микалық өмірінде терең өз­ге­рістер жасау үшін батыл шаралар қа­был­дауымыз қажет. Ең бастысы, барлық іс-әрекетіміз әділетті Қазақ­стан құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жет­ті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сон­дай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңа сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық сая­сатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді.

«Осылайша, біз озық даму жолына түсіп, ұлттық экономиканы шын мәнін­де жаңа деңгейге шығарамыз. Қазір елі­міздің Салық және Бюджет кодекстері Мемле­кет­тік сатып алу және мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соның бәрі мен жариялаған жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру­дың мықты тірегі болуға тиіс. Сонымен қатар алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.

Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қар­қын­мен жұмыс істеу қажет. Ма­ңы­зд­ы шешім­дерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешу­ші қадам­дарды жасауы керек. Үкімет өз қыз­метінде кәсі­билік, жауапкершілік, жеделдік және бас­тамашылдық сияқты қасиеттерді ұштас­­тыруға тиіс. Үкімет экономи­каны халқы­мыздың игілі­гі үшін ынталандыруға және әртараптандыру­ға бағытталған батыл әрі табанды шешім­дер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие», деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа экономикалық жағ­дайды ескеріп, кез келген қауіп-қатер­­ге төтеп беру үшін Үкіметтің өзі де то­лық қай­та жандануға дайын болуға тиіс еке­нін атап өтті. Соның арқасында өзекті мәсе­ле­­лер­ге жаңа көзқараспен қарап, нағыз рефор­­­ма­торлық шешімдер қабылдауға тиіс.

«Жалпы, Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше Әли­хан Смайыловтың отставкасы туралы өтіні­шін қабылдадым. Әлихан Асханұлының басшы­лығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтама­сыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады.

Өткен жыл экономикалық даму тұрғы­сынан жақсы көрсеткіштермен аяқтал­ды. Қазір алдымызда өте ауқымды, биік мақ­сат тұр. Сондықтан дереу жұмысқа кірісу қажет. Егер біз бес жылдан кейін эко­но­микамызды екі есе ұлғайтамыз десек, жаңа экономикалық модель қажет. Әлеу­­меттік экономикалық дамуға жаңа көз­қарас­пен қарау керек. Соған байланысты Үкі­меттің қаржы-экономикалық блогі өзге­реді. Жаңа тұлғалар тағайындалады», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытынды­лай келе, «Amanat» партиясы ұсынған канди­­датты Мәжілістегі партиялар фрак­ция­лары­ның жетекшілерімен талқылаған­нан кейін ортақ шешімге келгенін ай­тып, Қазақстан Респуб­ликасы Консти­ту­циясының 44-бабының 3-тар­­мақ­шасына сәйкес Премьер-министр лауазы­мына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

«Олжас Бектенов – тәжірибелі мем­ле­­кетт­ік қызметші. Оның Қазақстан экономи­касы және басқа да салалар бойын­ша білімі мол, ұйымдастыру қабі­леті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын. Сіздер келісім берген жағдайда, Үкіметтің жаңарған құрамы табысымызды сақтай отырып, Қазақстанды сапалы даму жолына шығару үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Түйіні тарқамаған мәселелер жетерлік

Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», ЖСДП, «Ақ жол», ҚХП, «Respublica», «Ауыл» партиялары фрак­ция­ларының жетекшілері сөз сөйледі. «Amanat» партиясы фракциясының же­тек­шісі Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс де­пу­тат­тарын Үкімет басшысына ұсы­ныл­ған кандидатураны қолдауға шақырды.

«VIII шақырылымдағы Мәжілістің жұмысына да бір жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде «Amanat» фракциясы табандылық танытып, көптеген маңызды заңға бастамашылық етті. Үкіметпен бірлесіп елдегі ауқымды реформалар мен Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Былтыр «Amanat» партиясы сайлауда көпшіліктің басым дауысына ие болып, Мемлекет басшысының ұсынысымен бірінші рет Премьер-министр лауазымына кандидатура ұсынды. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп, партияның да халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Осы ретте Үкіметтің жұмысын фракция және барша Мәжіліс депутаттары жіті бақылап, нақты талап етіп отырды.

Жалпы, бұрынғы Үкіметтің жұмысын мінсіз деп айтуға келмес. Қоғам тарапынан да, біздің тарапымыздан да біршама негізді сындар айтылды. Сыртқы саясаттағы экономикалық санкциялардың күшеюіне, әлемдегі инфляцияның тұрақ­тамауына қарамастан, өткен жыл­дың қорытындысы бойынша ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделе білді.  Мысалы, экономиканың өсімі 5,1 па­йызды құрады. Елімізге 28 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Маңы­зы зор әрі саяси ашықтықты білді­ретін «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жер қойнауын әділ пайдалану сияқты жаңа заңдарды Смайылов бастаған Үкіметпен бірлесіп қабылдадық», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат өз сөзінде жаңа Үкіметке Мем­ле­кет басшысы Қ.Тоқаевтың былтыр­ғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған маңызды міндеттер жүктелетінін жеткізді.

«Біз өз тарапымыздан Парламенттегі көпшілік фракция ретінде жан-жақты қолдау көрсетеміз. Президент 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге арттырып, 450 миллиард долларға жеткізетін экономиканың тұрақты өсімін кем дегенде 6-7 пайыз деңгейінде ұстап тұру жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан экономикалық өсім сапалы және қарапайым азаматтардың нақты табысының артуына әсер етуге тиіс. Жаңа Үкіметтің алдында үнемді бюджет саясатын ұйымдастыру және ынталандырушы жаңа Салық кодексін қабылдау міндеті тұр», деді Е.Бейсенбаев.

Фракция жетекшісінің сөзіне сү­йенсек, мемлекеттік қарыз және оған қыз­мет көрсету көлемі артып келеді. Сон­дай-ақ Үкіметтің бюджет тапшылығын және басқа да шығындарды жабуда Ұлттық қордың қаражатын пайдалануын тоқтатуға шақырды. Осыған байланысты жаңа Үкіметтен жақын арада нақты іс-шаралар жоспарын күтетінін жеткізді.

«Бұл ретте заңсыз тәркіленген актив­тер­ді қайтару және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жан-жақты күресті күшейту жұ­мысын үйлестіру қажет. Фракция аты­нан біз ұсынып отырған кандидат осы күр­делі мемлекеттік тапсырманы орын­дай алатынына сенеміз», деді Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ елімізде ондаған жыл бойы қордаланған бірқатар өзекті мәсе­ле бар екеніне назар аударды. Атап айт­қанда, азық-түлік бағасының өсуі, ха­лық­тың несиеге белшеден батуы, бас­пана кезегінің көптігі, су тапшылығы, жы­лу мәселесі, медициналық сақтандыру жүйе­сіндегі кемшілік секілді проблемалар жетерлік.

«Жасақталатын жаңа Үкімет осы секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты тез арада ширатуы қажет деп есептейміз. Алдағы уақытта Үкіметтің жұмысы фракция тарапынан бақылауда болып, оның әрбір шешімі депутаттар тарапынан нақты сұралады. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай, қолды болған активтерді қайтару бойынша маңызды заңды қабылдадық. Енді жаңа Үкіметтің алдында елден шығарылған миллиардтаған қаржыны қайтарып, ел игілігіне пайдалану міндеті тұр.

Әріптестер, көріп отырғандарыңыздай жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр. Елдің артқан аманатын, Президенттің қойған мін­деттерін, депутаттардың білдірген сені­мін ақтау жауапкершілігі тұр. Сондықтан Премьер-министрдің кандидатурасына біздің фракцияның атынан Олжас Абай­ұлы Бектеновті ұсынамыз. Мәжіліс депу­таттарын ұсынылып отырған кандидат­ты қолдауға шақырамын. Осыған орай, барлық билік өкілдері бірігіп, Прези­дент­тің қойған міндеттерін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікпен атқаруымыз керек», деді Е.Бейсенбаев.

 

Түбегейлі экономикалық серпіліс жасайтын сәт

«Respublica» партиясы Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдады. Пікірталас кезінде сөз сөйлеген фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті.

«Экономикалық даму бағытындағы қол жеткізген көрсеткіштер оң болғаны­мен, қарқынды өзгерістер байқалмайды. Үкімет инерциялық даму қаупін еңсере алмады. Бұл ретте әлем елдері де бір орнында тұрған жоқ. Бәсекелестіктің қарқыны үдеп барады. Уақыт өте аз. Мұнай бағасының жоғары болуы, басқа да «мүмкіндіктер терезесі» тарылып барады. Мұндай жауапты да тарихи кезеңде ел экономикасы антикризистік қана емес, әлдеқайда қуатты, ұтымды, жедел іс-әрекеттерді қажет етеді.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­стан­­ның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтқан елі­міздің мықты өнеркәсіптік негізін қалып­­тастыру және экономикамыз өзіміз­ді то­лық қамтамасыз ете алатын жағ­дайға жету мә­селелеріне ерекше көңіл қоюы­мыз керек. Эко­номиканың дамуын қамта­масыз ететін іс-шараларға қаражат бюд­жетте жеткі­ліксіз. Бірақ «бюджет – мәсе­ленің түбірі емес, салдары ғана». Мәсе­ленің түп-төр­кіні, сол қазынаны толтыратын эконо­ми­каның әлеуетінде болып тұр», деді А.Қожаназаров.

Депутаттың айтуынша, дамыған шет елдер­де мемлекеттік бюджеттің кірісі ішкі жалпы өнімнің 35-50 пайызын құрай­ды. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазіргідей 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуы керек еді.

«Осындай табыспен елде ең төменгі жалақы 85 мың, ал ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді. Сондықтан экономикалық өсім мен бюджетті толықтырудың жаңа қайнар көздерін зерделеу қажет. Әйтпесе нашар немесе өте нашар шешімдер арасында таңдау жасалып отырады. Үкіметтің жаңа құрамы өткеннен сабақ алып, өз қызметін жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Қаңтар қасіретінен кейін Үкіметтің экономиканың барлық саласында құрылымдық өзгерістерге бағытталғанына қарамастан, Үкіметтің отс­тавкасы көптен күтілді. Өйткені Үкімет 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің екі есе өсуіне берік негіз жасады деп айтуға болмайды», деді А.Қожаназаров.

Осы орайда, Президент көрсеткен жаңа экономикалық модельдің аясында еліміздің артықшылықтарын пайдалана отырып, түбегейлі экономикалық серпіліс жасаудың маңызын алға тартты.

«Біз, «Respublica» партиясының фракциясы, ұсынылған Премьер-министрдің кан­ди­датурасын қолдай отырып, Қазақ­стан азаматтарының әл-ауқатының жақ­саруы мен ел экономикасының жандануы­на бірлесіп аянбай еңбек етуге дайынбыз. Біздіңше, жаңа Премьер-министрдің орталық және өңірлік деңгейде жұмыс істеу барысында жинаған мол тәжірибесі қа­сиетті атамекеніміздің бәсекеге қабі­леттілігін көтеріп, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айрық­ша ықпал етеді деп сенеміз», деді А.Қожаназаров.

«Ақ жол» партиясы фракциясының жетек­шісі Азат Перушаев та Олжас Бек­тенов­тің кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл  – парламентаризм институты негізгі шартының бірі.

«Олжас Абайұлы көп жыл эконо­ми­калық пен жемқорлыққа қарсы қызметі­мен айналысқаннан кейін, біз әрине, ол бұл жұмыстарды жаңа дәрежеге шығара­ды деп үміттенеміз. Әсіресе монополиясыздан­дыру, де-олигархизация, де-оффшоризация, Қазақстаннан заңсыз шығарылған капиталдарды елге қайтару бағыттарына жаңа серпін береді деген үмітіміз зор.

«Отандық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің партиясы ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін жаңа Үкіметтің Президент Қ.Тоқаевтың қыр­күйек­тегі Жолдауында айтқан эконо­ми­калық саясаттағы революцияны түпкілікті жүзеге асыруы аса маңызға ие. Яғни банктік-шикізат парадигмасынан қазіргі заманғы, өнімді және технологиялық экономикаға көшу», деді А.Перуашев.

Депутаттың айтуынша, Үкімет­тің алдында осындай міндет жүкте­ліп отыр. Сондай-ақ ол жаңадан тағайын­далған Премьер-министрдің жеке қасиет­тері атқарушылық тәртіпті қалыптас­тыратынына сенім білдірді.

«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев та Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдай­тынын жеткізді. Оның айтуынша, «Ауыл партиясы» Үкіметтің алдына бірінші кезекте ауыл тұрғындарын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін толғандыратын мәселелерді қойған.

«Біз партияның ұстанымы әрқашан Президент тапсырмаларымен сәйкес келгеніне ризамыз. Диқандарымыз былтыр қиын жағдайға тап болғанда, «Ауыл» партиясы егін жинауда қиналған шаруаларды қолдау мәселелерін көтерді. Шаруа қауымы кем дегенде 300 миллиард теңгеге жуық шығынға ұшырады. Сол кезде «Ауыл» партиясы Үкіметке сауал жасаса да, өкінішке қарай, ешкім құлақ аспады. Шаруаларға көп қиындық туғыз­ған мәселелер енді жаңа Үкімет қарауына өтеді. Жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп зор үміт артамыз», деді С.Егізбаев.

Осы орайда, депутат агроөнеркәсіп кешенінің проблемаларын атап өтті. Мәселен, сала қаржылық тұрақсыз және техникалық жабдықталуы төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу, тасымалдау және өткізу жүйесі дамымаған, тікелей импортқа тәуелді.

«Бірақ бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған маңызды мәселе – көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы өткізу. Бұл – ауылдың келешек әл-ауқатының іргетасы. Құр айқай емес, өмір шындығы. Дегенмен барлық деңгейдегі жауапты мемлекеттік органда тұқым қорының сапасы мен көлемі, техниканың дайындығы, минералды тыңайтқыштар мөлшері, шаруаларды қолдауға арналған қаржы ресурстары туралы сұрақтарға әлі нақты жауап жоқ. Ал елі­міздің оңтүстік өңірлерінде егін егу нау­қаны басталып, Үкімет белгіленген мер­зім­нен кешігіп қалды деп айта аламыз.

«Ауыл» партиясы әрқашан сындарлы, конструктивті позиция ұстанған, сондықтан да бүгін, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз ұсынып отырған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кандидатурасын бірауыз­дан үлкен сеніммен қолдай­ды. Біз жаңа Премьер-министр мен жаңа Үкімет мүше­лері Президенттің тапсырмаларын дереу орындайтын және Парламент депутаттарының, оның ішінде 8 мил­лионға жуық ауыл тұрғынының мүддесін қорғайтын «Ауыл» партиясы депутат­тары­ның ұсыныстарын ескеретін, құлақ асатын, қажет шешімдерді тез қабыл­дайтын, ықпалды Парламентке есеп беретін мықты Үкімет болатынына үміт артамыз», деді С.Егізбаев.

 

Екі партия қалыс қалды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов Үкімет басшылығына ұсынылған кандидатурасына дауыс беруден бас тартты. Оның сөзіне сүйенсек, Премьер-министрді тағайындау – аса маңызды шешім.

«ЖСДП фракциясы, бір жағынан, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен және шектен тыс бюрократизммен күресті күшейту бағытын түсінеді. Президент және Парламент сайлауы кезінде сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше екпін берген едік. Сондай-ақ жақында қабылданған заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңды ескере отырып, біз бұл тұрғыда Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдаймыз.

Дегенмен Қазақстанда көптеген проблемалық және резонанс тудыратын мәселе сақталып отыр. Мәселен, жылу-энергетика саласына назар аударсақ та жеткілікті. Ішкі жалпы өнім өсімінің оң көрсеткіштері мен инфляцияның төмендеуіне қарамастан, халықтың көпшілігі мұны байқамайды да, сезбейді де. Халықтың әлсіз топтарын баспанамен қамтамасыз ету, несиенің көптігі, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелері секілді түйткілдер шешімін таппай отыр», деді А.Рақымжанов.

Фракция жетекшісі осы тұрғыдан ал­ғанда аталған мәселелерді шешуге жаңа­ша көзқарас қажет екеніне назар аудар­ды. Бұрынғы Үкімет іргетасын қалама­ған жаңа экономикалық бағытты құру үшін серпінді бастама керек екенін жеткізді.

«Премьер-министрлікке ұсынылған кандидатқа қатысты күмәніміз бар. Әлбетте, бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ ЖСДП фракциясы дауыс беруден қалыс қалады», деді А.Рақымжанов.

Қазақстанның халық партиясы фракция­сының жетекшісі Магеррам Магер­рамов Олжас Бектеновтің кандидату­расына дауыс бермейтінін мәлім­деді. Оның айтуынша, бұрынғы Үкімет Жол­дауда айтылған реформаларды орын­даудың жаңа экономикалық тәсілін ұсынуға тиіс еді.

«Бірақ уақыт көрсеткендей, Үкімет экономикалық өзгерістерді ішінара жақсарту әрекеттерімен шектелді. Бұл тәсіл Сіз жариялаған экономикалық реформаның мәніне түбегейлі қайшы келеді. Жаңа Премьер-министрдің экономикалық реформаны жүргізуде шешуші рөл атқаратынына сенгіміз келеді. Бұл ретте Үкімет басшысы жаңа экономикалық модельді іске асыру тетіктері тек экономикалық саладағы қайта құрумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар белсенді әлеуметтік саясатты да көздейтінін түсінгенін қалаймын.

Экономикалық өсу қарқынын шын мәнінде арттыру үшін шағын және орта бизнесті басқарудың, ұйымдастырудың және ынталандырудың жаңа, тиімді тәсіл­дері қажет. Бұл, ең алдымен, са­лық жүйе­сіне әсер етуі керек. Нелік­тен бұл маңызды? Өйткені мемлекеттің экономикалық сая­сатының нәтижесі дәл әлеуметтік салада жүзеге асады», деді М.Магеррамов.

Осы орайда, депутат жаңа Үкімет басшысына инвестициялық саясатқа деген көзқарастарды қайта қарауды ұсынды. Санға емес, түпкі нәтиженің сапасы мен тиімділігіне назар аударуға шақырды.

«Баға – экономикалық саясаттың маңызды құралы. Біздің ойымызша, баға белгілеу мәселесінің шешілмеуі экономикалық реформаны жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатады. Өнімдер­дің, тауарлардың және қызметтердің бақылаусыз кетуі жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың жоғарылауын сезінуге мүмкіндік бермейді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан халықтық партиясының фракциясы Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасынан қалыс қалу туралы шешім қабылдады. Қазақстан Халық партиясы фракциясының шешімі – Үкіметке көзқарастарды өзгертетін, жаңа формаларды ескі мазмұнмен толтырмайтын уақыт жеткенінің белгісі. Жаңа Премьер-министр шешуші әрекетімен күмәнімізді сейілтпейінше, ұстанымымыз өзгермейді», деді М.Магеррамов.

Содан кейін депутаттар жаңа Үкімет басшысының кандидатурасын дауысқа салды, 69 депутат қолдап, жетеуі қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымы­на ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.

 

Жаңа Премьер-министрдің уәдесі

Жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

«Менің кандидатурамды қол­да­ғандарыңыз үшін шынайы риза­шылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. Атап айтқанда, мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Отандық өндірісімізді ынталан­дыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу шең­­­­берінде Қазақстанда жасалған тауар­­­­лардың үлесін арттырып, отандық өн­дірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқара­мыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру Үкімет жұмысын­дағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллек­тінің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту – аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», деді О.Бектенов.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан сөз алып, депутаттарға ұсынысын қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ еліміз өте маңызды, тіпті шешуші кезеңге жақындап қалғанын атап өтті.

«Таяу келешекте Қазақстан қандай мемлекет болады, оның аймақтық және әлемдік қоғамдастықта атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген аса маңызды сұрақтар тұр. Қазіргі бәсекеге толы, түрлі жанжалға ұшыраған тұрақсыз, бұлыңғыр әлемде Қазақстан күшті, болашағына сеніммен қарайтын ел болуы керек. Оның бәрін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз, парызымыз деп айтуға болады. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің атқаратын рөлі ерекше», деді Қ.Тоқаев.

Осы орайда Президент жаңа таға­йын­далған Премьер-министр Олжас Бектеновті жаңа лауазымымен құттық­тап, жұмысына табыс тіледі. «Мен Прези­дент ретінде депутаттардың жұмысын мұқият қадағалап отырмын. Мәжіліс шын мәнінде ауқымды, маңызды жұмысты, ең алдымен халық үшін қажетті жұмыс­ты абыроймен атқарып келеді. Сон­дықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.