Қазақстан • 07 Ақпан, 2024

Бибігүл Жексенбай: Бюджеттің әр тиыны қатаң бақылауды қажет етеді

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Facebook-тегі парақшасында Үкімет алдында тұрған мақсаттар туралы өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибігүл Жексенбай: Бюджеттің әр тиыны қатаң бақылауды қажет етеді

Фото: sky-dynamics.ru

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындалды. Олжас Бектенов – мемлекет саясатын жүзеге асыруда тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Олжас Абайұлы заң саласында да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында да нәтижелі қызмет етті. Оның білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, салмақты, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан да жаңа қызметі мен міндетін қалтқысыз орындайды деген сенім жоғары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтен алдағы уақытта батыл шешімдер мен елдің дамуы үшін тың серпін керектігін қадап айтты.

Ел Президентінің бастамалары халық күткендей уақтылы жүзеге асуы - Үкімет пен жергілікті билікке тікелей байланысты екені рас. Өтірік сандарды ойнатып, құрғақ үәделер үйіп-төгіп жүрудің уақыты өтті. Әр күн, әр ай санаулы. Сайлаушылармен кездесулерде бізден сұрайтын да нақты нәтиже. Біздің Үкіметке депутаттық сауал жолдап, мәселелерді көтерудің де түп негізі сол. Бюджеттің әр тиыны үнемді пайдаланылуы мен жемқорлыққа жол берілмеуі қатал да, қатаң бақылау мен ширақ қимылды қажет етеді. Кәсіби, іскерлігі мен еңбек өнімділігі аса жоғары, бастысы бағдарлама, жоспар үшін емес, халық үшін нақты қимыл жасайтын Үкіметке ел зәру.

Осынау жауапты кезеңде Қазақстан Үкіметін басқару 26-шы Премьер-министр ретінде қырықтың қырқасынан асқан генерал-лейтенант Олжас Бектеновке бұйырды. Қазақта «қырықта қамал алар» деп ең жауапты жұмысқа осы жаста бағыттау ежелден бар. Олжас Абайұлы орталық және облыстық билік органдарында да тәжірибе жинап үлгерді. Әр саладағы қызметі барысында Мемлекет басшысына адал, қатал да принципшіл басшы екенін көрсетті .

Сыбайлас жемқорлықпен күресу, заңсыз алынған активтерді қайтару, Президент тапсырмаларының орындалуын қадағалау бойынша жақсы нәтижелер байқатты.

Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымында да басқару жүйесі жұмысын оңтайландырып, оны нақты нәтижелерге бағыттай алатын күшті және шешуші ұйымдастырушылығымен көпшілік көзіне түсті. Жаңа Үкімет басшысы депутаттар алдында сөйлеген сөзінде бірнеше мәселерді қозғауы назар аудартады:

Бізге жаңа экономикалық серпін керек, шын мәнінде жедел әрі шешуші шаралар қабылдау керек;

Өнеркәсіпке, мұнайға және басқа да маңызды салаларға баса назар аударылады;

Біз отандық өндірісті ынталандыру шараларын қабылдаймыз. Қазақстанда өндірілетін өнім үлесін ұлғайтып, офтейк келісімшарттар жүйесін толықтай іске қосу қажет;

Біздің басты міндетіміз – отандық бизнесті қолдау;

Ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды;

Біз жасанды интеллект пен жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз;

Заң үстемдігін қамтамасыз ету шаралары және халықты толғандыратын басқа да мәселелер үкіметтің үнемі назарында болады.

Жаңа Премьер-министрдің «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатын болады деген үміттеміз.

Осы орайда, біз парламентарийлер де Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда, алдымызда тұрған жүкті Үкіметпен жұмыла көтеріп, бір мақсат, бір мүддеге жұмыс істеуге дайынбыз», делінген жазбада.