Технология • 07 Ақпан, 2024

Болашақта әр ел өзінің тәуелсіз «нейрочиптерін» жасауға күш салуы мүмкін - ІТ маман

266 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзінде нейрочип дәуірі дүркіреп тұр. «Нейрочип» дегенде миллиардер Илон Масктың есімі еске түскенмен, осы «технологиялық төңкеріс» бағытында өзге де жұмыс істеп жатқан компаниялар жетерлік. Мәселен, америкалық Blackrock Neurotech компаниясы 2004 жылы әлемде алғаш рет компьютерді оймен басқаратын құрылғыны миға имплантациялады. Сонымен бірге Neuralink-тің негізін қалаушылардың бірі басқа компания құрып сал ауруына шалдыққан адамдарға арнап Precision Neuroscience имлантын жасады. Масктың басты бәсекелесі Synchron компаниясы Stentrode құрылғысын 2016 жылы нарыққа ұсынып үлгерген. Илон Масктың қарсыластарын қапы қалдырып, ауызға жиі ілігуі «Нейрочип» өндірісіндегі жарнамасының өткірлігімен байланысты.

Болашақта әр ел өзінің тәуелсіз «нейрочиптерін» жасауға күш салуы мүмкін - ІТ маман

Иллюстрация: egemen.kz

SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы Илон Маск Neuralink жобасын 2016 жылы қолға алды. Ол 2020 жылдың тамыз айында нейрочипті шошқа миына сәтті қондырғанын хабарласа, 2021 жылдың ақпанында құрылғы маймылдың миында сыналып жатқанын жариялады. Осыдан 2 ай өткенде компания маймылдың видео-ойындарды еркін игеріп, ойы арқылы мониторды басқарып отырған сәтінен бейнеүзік жариялап жұртшылықты таңғалдырды. Илон Маск осы жылдың 30 қаңтарында Neuralink нейротехнологиялық компаниясы алғаш рет адам миына имплантты сәтті имплантациялағанын хабарлады. «Бірінші адамға Neuralink импланты салынды, операциядан кейін қалпына келу процесі жақсы жүріп жатыр», деп жазды ол Х парақшасында.

Жазба әлем халқының ойына қозғау салды. Бір топ жаңалықтан қауіп сезсе, келесі топ ақпаратты қуанышпен қабыл алды. Қуанары сол – нейрочип бірінші кезекте денсаулығында кінәраты бар, аяқ-қолы жоқ, сал адамдарға салынып, өмір сүру дағдысын жеңілдетсе, секем алар тұсы – адамзат табиғи ойлау моторы мимен жұмыс істеуден қағылып қалмай ма? Импантациялаудан кейінгі салдар қандай болмақ? Медициналық қарсы көрсеткіштер туындаса артық қыламыз деп, тыртыққа ұрынбаймыз ба? «Нейрочиптің» пайдасына нақты көз жетіп жатса «жаңалық» Қазақстанға қашан жетпек? Жаңа саладағы сауалдарға нақты жауаптар аз. Біз осы тұрғыда сұрақтарымызды ІТ маман Ғасыр Құралбайұлына қойдық.

аа

Фото: instagram_gassyr

− Ғасыр Құралбайұлы, Илон Маск 30 қаңтар күні көптен көздеп жүрген миссиясына жеткенін хабарлады. Әлемде алғаш рет адам миына нейрочип салынды. Масктің бұл технологиялық жетістігінің артында адамзат үшін қандай қуаныш пен қауіп бар?

− Бұл өзгеріс адамзат үшін үлкен қуаныш пен белгілі бір деңгейде қауіп тудырады.

Қуанышты жағына келетін болсақ, бұл технология мүгедектігі бар адамдарға, мысалы, қозғалыс қабілеттерін жоғалтқан немесе ауыр неврологиялық аурулары бар адамдарға үміт сыйлайды. Масктың айтуынша, Telepathy атты бұл өнім адамдарға телефон немесе компьютерді ой арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Бұл технологияның алғашқы пайдаланушылары өздерінің кейбір мүшесін  басқара алмайтын адамдар болатыны айтылды.

Алайда, бұл жетістіктердің артында қауіп те жатыр. Мысалы, импланттың миға ұзақ мерзімді әсері, оның миграциясы (орнынан қозғалып кетуі), мәліметтердің бұзылу қаупі және жеке деректердің қорғалуы сияқты техникалық және этикалық мәселелер бар. Сондай-ақ бұл технология адамның психикасына әсер етуі мүмкін. Мысалы, оның өзіндік басқару қабілетіне біршама кедергі жасауы ықтимал.

Бұл технологияның дамуы мен таралуы әлеуметтік әділдік пен қолжетімділік мәселесін тудырады.  Яғни бір адамның чипі қымбаттау, функциясы жетілген болса, бір адамдардың чипі әлсіздеу, технологиялық тұрғыдан уақыт өте ескірген болуы мүмкін.  Сонымен қатар  жоба бай және дамыған елдердегі адамдарға ғана емес, сонымен қатар дамушы елдердегі адамдарға да қолжетімді болуы керек. Технологияларды дамыту және пайдалану кезінде этикалық нормалар мен қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау қажет.

− Ғаламдағы үдерістер біздің елімізді де айналып өтпейтіні белгілі ғой. Сіздің пайымдауыңызша, адам миына нейрочип орнату Қазақстан азаматтарына қашан қолжетімді болады? (Болжамды бағасы қанша болуы мүмкін?)

− Нейро чиптердің адам миына орнатылуы – бұл әлемдегі ең заманауи технологиялардың бірі және оның Қазақстанға қашан жететіні әртүрлі факторларға байланысты. Бұл факторлар арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістіктері, технологиялық даму деңгейі, қолданыстағы заңнама, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы бар.

Қазіргі уақытта Илон Масктың Neuralink компаниясы сынама кезеңінде және олардың технологиясы әлі кең ауқымда қолданысқа енгізілген жоқ. Бұл процесс бірнеше кезеңдерден тұрады, оның ішінде, клиникалық сынақтар, регуляторлық мақұлдаулар және технологияның коммерциялық қолжетімділігі бар. Қазақстанда бұл технологияны енгізу үшін, ең алдымен, халықаралық стандарттарға және қауіпсіздікке сәйкес келетін заңнамалық және регуляторлық шеңбер дайын болуы қажет.

Нейрочиптердің болжамды бағасы туралы айтатын болсақ, бұл өнімнің нарыққа шығу уақытына және технологияның даму деңгейіне байланысты өзгеруі мүмкін. Бастапқы кезеңде, мұндай күрделі, жетілдірілген технологиялар жоғары бағалануы мүмкін, бірақ уақыт өте келе, өндіріс және орнату процестерінің жетілдірілуімен баға төмендей түседі. Қазақстандағы нақты бағаны болжау үшін, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері, технологиялық өзгерістер және халықаралық нарықтағы баға динамикасын ескеру қажет. Мысалы көрші Қытайда  Neural Electronic Opportunity (NEO) жобасы іске қосылды.  Бұл жобаға ғалымдар 10 жыл уақытын жұмсаған. Жұмыс процесі, миға чип орнатуы дәл Илон Масктігідей.  Бертін келе әр мемлекет өз елінің жеке, тәуелсіз чиптерін жасауға күш салуы мүмкін.

− Маск мәлімдемесінде нейрочиптің аяқ-қолынан айырылған, сал ауруына шалдыққан т.б. тұлғалар үшін пайдасын тізбектеген. Ал бұл технологиялық төңкеріс 12 мүшесі сау адамдар үшін қай тұрғыда пайдалы бола алады?

− Нейрочиптердің адам миына орнатылуы, Илон Масктың мәлімдемесінде айтылғандай, аяқ-қолдарынан айырылған, сал ауруына шалдыққан және басқа да физикалық шектеулері бар адамдар үшін айтарлықтай пайдалы болуы мүмкін. Бұл технология аталған тұлғаларға күнделікті өмірде тәуелсіздікті арттыруға, қоршаған ортамен өзара әрекеттесуді жақсартуға және жалпы өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Сау адамдар үшін нейрочиптердің пайдасы басқа аспектілерде көрінуі мүмкін:

Білім алу процесін жақсарту: Нейрочиптер адамның оқу және жаңа ақпаратты игеру қабілетін жақсартуға көмектесуі мүмкін, бұл олардың білім алу процесін тиімді ете түседі.

Жұмыс өнімділігін арттыру: Нейрочиптер кәсіби дағдыларды жетілдіру және жұмыстағы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Креатив индустрия пен инновацияларды ынталандыру:  Нейро технологиялар шығармашылық ойлауды және жаңа идеяларды қалыптастыру қабілетін жақсартуға көмектесуі мүмкін.

Коммуникация дағдыларын жақсарту:  Нейрочиптер арқылы адамдар арасындағы өзара әрекеттесуді жетілдіріп, түсіністікті арттыруға болады.

Денсаулықты бақылау: Сау адамдар да нейрочиптерді денсаулықтың жағдайын үздіксіз бақылау үшін пайдалана алады, бұл оларға қатерлі аурулардың алдын алуға және денсаулықтың жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

- Жауабыңызға рақмет!