Медицина • 07 Ақпан, 2024

Нәрестеге күрделі операция жасады

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы Жамбыл облысында ауыр дерт арқалап дүниеге келген бірнеше нәрестеге сәтті операция жасалды. Білікті мамандар тәуекелге бас тігіп, бейкүнә сәбилерге қолұшын берген еді. Мейірбан дәрігерлер бойында қауіпті дерті бар тағы бір нәрестенің өмірін сақтап қалуға күш салды.

Нәрестеге күрделі операция жасады

Шу ауданының орталық ауруханасында Даун синдромы және басқа да ауыр патологиясы бар нәресте дүниеге келген. Ма­мандар кішкентай сәбидің туа біткен анальды атрезия (ішектің төменгі жағында тесік болмайтын туа біткен ақау) және асқазан-ішек жолдарында ақау бар екенін дер кезінде анықтап, шұғыл түрде оған операция жасау керек екенін айтып, Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына жолдаған.

Мамандар келтірген дерек­ке жүгінсек, ішек артезиясы деп ұрық ішектің дамымаған бөлігін айтады екен. Салдарынан ішек жол­дары жартылай немесе то­лық бітеліп қалатын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, бейкүнә сәби­­дің бойындағы дерт жеңіл емес. Нәрестені емдеу жұмыстары бір­не­ше кезеңді қамтиды.

Жаңа туған нәрестенің жағдайы мәз еместігін түсінген дәрі­герлер әбігерге түскен. Об­лыстың штаттан тыс бас неонатологі Тал­ғат Толықбаев пен неонаталдық хирург Нұртуған Әлқуатовтың қатысуымен өткен тексеру барысында мамандар тез арада операция жасау керек деген шешімге келген. Сарапшылар келтірген дерекке сенсек, уақытты өткізіп алу бала денсаулығы үшін айтарлықтай зор қауіп тудырған екен. Себебі ішектің белгілі бір құрамы сыртқа шықпай, тоқ немесе аш ішек қабырғалардың бұзылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ол уақытта науқас өмір­мен қош айтысуы да ықтимал. Сондықтан да тәуекелге бел буу­ға тура келген. Мамандардың ай­туын­ша, бұл патологияны емдеу, сәби бойындағы қауіпті азайту үшін бірнеше операция жасау қажеттілігі туындайтын көрінеді.

Дәрігерлердің мұқият тексе­руі­нен кейін хирургиялық опера­цияның алғашқы кезеңіне балалар хирургі Шавкат Құдайбергенов, анестезиолог Мұрат Рүстемов және мейірбике Гүлзира Қабылбекова жедел кірісіп кеткен. Хирургиялық ем­деудің алғашқы сатысында мамандар іш қуысын қайта қарау, с­томаны жою жұмысын жүзеге асыр­ған. Дерекке жүгінсек, операция жұлынның анальгезиясымен жасалған. Бұл операциядан кейін­гі асқынулардың қаупін едәуір төмен­дететін көрінеді.

Дәрігерлер бекер әбігер болмапты. Жасалған операция­дан кейін сәбидің жағдайы тұрақ­талған. Нәресте уақтылы тамақ­танады екен. Ал ілеспе аурулар бойынша мамандар қосымша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ш.Құдайбергеновтің айтуынша, нәресте 6 айға толғанда емдеудің келесі кезеңі, яғни проктопластика жасалады.

 

Жамбыл облысы