Аймақтар • 07 Ақпан, 2024

Заңсыз мигрант зардабы

506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысына жұмыс істеуге келетін шетелдік­тер­дің қатары азайған емес. Шетелден жұмыс күшін тартушыларға қойылатын талап бар. Бұл үшін арнайы квота бөлінеді.

Заңсыз мигрант зардабы

Фото: azh.kz

Облыстық жұмыспен қам­ту­ды үйлес­тіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар бас­­қармасының бас маманы Абай Сәр­сенға­лиевтің айтуынша, биыл мұнай­лы өңірге шетелдіктер АҚШ, Ұлы­бри­та­ния, Франция мен Түркиядан келе­тіні анық­талып отыр. Олардың басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіндегі кә­сіп­орын­дар­да жұмысқа тартылады.

«Биыл Атырау облысының мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмыс істеу үшін 4 765 шетелдік келеді. Оның ішінде 69 шетелдік басшылық қызметті атқа­рады. Ал 865-і бөлім басшысы, 3041-і маман, 90-ы қарапайым жұмысшы ре­тінде жұмыс істейді», дейді Абай Сәрсенғалиев.

Оның айтуына қараған­да, шетелден келетін маман­дар­дың жұмыс тәжірибесі мен дипломына, еңбек өтіліне баса назар аударылады. Мұның бәрі арнайы ко­миссияның отырысында қаралады. Ко­миссия құрамында көші-қон мен бі­лім саласының, мемлекеттік еңбек инс­пекциясының мамандары бар. Әр кә­сіпорын шетелдік маманды жұмысқа тар­туға рұқсат алу үшін салық төлейді. Салық мөлшері арнайы базада автоматты түрде есептеледі.

«Шетелден маусымдық жұ­­мысқа келе­тіндері бар. Мә­­се­лен, былтыр 660 ше­тел­­дік маусымдық жұмысқа тар­­тылған еді. Жергілікті шаруа қожалықтарының жетек­шілерінен шетелдіктерді маусым­дық жұмысқа тарту квотасын көбей­туге ұсыныс түсті. Соған сәйкес биыл мау­сымдық жұмысқа келетін ше­тел­дік­тердің саны 700-ге жет­кізілді. Маусым­дық қыз­мет­­керлер екі мақсатпен жұ­­мысқа тар­тылады. Бірін­шісі – егін алқабында, екін­ші өзгелері жылыжайда жұ­мыс істеу үшін келеді», деп түсін­дір­ді Абай Сәрсенғалиев.

Бірақ шетелдіктерді тек квотаға сәй­кес жұмысқа тарту талабы ұдайы сақ­тал­майтыны анық. Полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметі ұсынған де­рекке жүгінсек, заңсыз жолмен келе­тін мигранттар саны аз емес. Былтыр Атырау облысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бөлі­гіндегі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзе­ге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауы, анықтаманы не рұқсаттарды алмастан Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыруы) талапты бұзған 1 316 шетелдік әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған. Оның ішінде 770 шетелдік Атырау қала­сын­да ұсталған.

Ал Махамбет аудандық со­тында өткен жылдың қыр­күйегінде Өзбекстанның 19 азаматына қа­тысты әкімшілік іс қаралды. Өйт­кені көрші елдің азаматтарына жоғарыдағы баппен әкімшілік айып тағылған. Соттың мә­лі­ме­тінше, көрші елдің азаматтары жер­гілікті атқарушы органнан еңбек қыз­ме­тін жүзеге асыруға рұқ­сат алмастан Махамбет ауда­нында құрылыс, шаруа қожа­лығын, көлік жөндеу орталығы мен асханаларда жұмыс істеген. Сот қау­лы­сы­мен шетелдіктердің әрқай­сысына 86 250 теңгеден әкім­ші­лік айыппұл салынды.

Мамандардың пікірінше, заңсыз миг­рант­тарының дені Өзбекстан азаматтары екені даусыз. Ар­найы рұқсаты болмаса да кез келген жұмысты атқаруға бейім шетелдіктерді жұмысқа тартудың бірнеше себебі болуы мүмкін. Бірін­шіден, олар арзан еңбек күші ретінде баға­ланады. Бұл құрылыс индус­триясы мен ауыл шар­уа­­шы­лығы са­ла­­сындағы кә­сіп­кер­лерді қызықтырып отыр. Екін­ші­ден, заңсыз мигрант­тар­мен еңбек шарты жасалмайды. Үшін­ші­ден, олардың кесірінен жергілікті тұр­ғындар жұмыс­қа орналаса ал­майды.

Алайда рұқсаты жоқ ше­тел­діктерді құ­ры­лыс, ауыл шаруашылығы мен қо­ғам­ды тамақтандыру саласына жұмыс­қа тартқан кәсіп­орын­дар, шаруа қожа­лық­тары мен кәсіпкерлердің жазаға тартылғаны туралы дерек жоқ. Тіпті ресми органдар бұл жөнінде ашып айтқы­сы келмейді. Қалай десек те, заңсыз мигранттарға тосқауыл қо­йылуға тиіс.

 

Атырау облысы