Мәдениет • 08 Ақпан, 2024

Қазақстан корейлері Соллаль мерекесін атап өтті

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ай күнтізбесі бойынша келетін Шығыс Жаңа жылы –  биылғы Сольналь немесе Соллаль мерекесі 10 ақпанға тура келеді, дәл осы күні жасыл ағаш айдаһар жылы күшіне мінсе, бізде наурыз айында нағыз ұлу жылы басталады. Сондықтан да елімізде Жаңа жыл мерекесін үш рет қатарынан қарсы алатын ұлт болса, бұл – Қазақстан корейлері. Бірінші – Григориан күнтізбесі бойынша болса, екіншісі – Соллаль, үшінші – Наурыз мейрамы, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан корейлері Соллаль мерекесін атап өтті

 

Осылайша биыл да Алматыда Қазақстан корейлер қауымдастығы Шығыс Жаңа жылын айта-айта жүрерліктей атап өтіп, Республика сарайында өткен мейрамға екі мыңнан астам қонақ, бірнеше жүздеген өнер майталмандарын жинады. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген корей ұлттық әні  «Ариранның» 60 шақты нұсқасы, 3600-дей түрі болса, соның бір ғана вариациясын төрт бірдей хор – «Родина», Бидангиль, «Эдельвейс», «Радуга» ансамбльдері орындады. Ал «НамСон» халықтық би ансамблі, «НамСон» балалар хоры, «Хассак» этнофольклорлық ансамблі, «Саран»,  «Бидульги» ансамбльдері, «Namson family» корей өнері студиясы, «Инсам» шоу-тобы, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры  сахнаны нағыз мерекелік салтанатқа бөледі.

Айтқандай, Алматыдағы Корей музыкалық комедия театры Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең алғашқы этникалық және Корей түбегінен тыс жалғыз мемлекеттік әрі ерекше тағдырлы корей театры екенін айта кету керек.

Ал екі мың жылдық тарихы бар Соллаль мейрамына қайта оралатын болсақ, ол ең басты әрі қоғамдық маңызды мереке ретінде 1989 жылы ғана ресми тіркелгендіктен, Кореяның өзінде біздің тәуелсіздік бедеріндегі Наурыз мейрамы сияқты, соңғы 15-20 жылда ауқымды деңгейде тойлана бастаған. Дегенмен, корей халқының үлкендері Ай күнтізбесі бойынша келетін жаңа жылын ұмыттырмау үшін отбасында дәріптеп, дәстүрлерін жасап отырған деседі.

Соллаль мерекесі ықылым замандарда бірнеше апта қатарынан тойланса, оның алғашқы және соңғы күні аса маңызды болғандықтан, жастар биік қыраттарға, төбеге жүгіріп шығып, кім бірінші толған Айды көрсе сол адам жыл бойы бақытқа кенеледі деп сенген. Ал қазіргі заманауи Корея бұл мейрамды үш күн қатарынан тойлайды және отбасылық мереке болғандықтан, әрбір адам туған үйіне, әке-шешесіне асығады. Әдет-ғұрып бойынша алдымен чхаре – өткен-кеткен ата-баларды еске алу рәсіміне арналған дастархан жайылады. Екінші рәсім – себэ. Үлкендер мереке күні таңертең міндетті түрде кішкентай балаларға себэдон таратқан кезде ересектер бетін оңтүстікке, ханбоки (ұлттық киім) киген бала-шаға солтүстікке қарап тұрады. Балалар жасынан қарай, үлкенінен бастап иіліп сәлем беріп, ата-әжелері бата, ризашылық ретінде ақша таратады. Осыдан кейін ғана үй іші үшінші рәсімге оралып, өткен аруақтарға жайылған дастархан басына жиналып, өткен кісілерден денсаулық, отбасының амандығын сұрап, дәмнен ауыз тиеді. Соллаль мерекесін қысқаша осылай сипаттауға болады.

Алматыдағы мереке, алдымен Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, қолдарын жүректеріне басып, дүрк етіп көтерілген отандастарымызға Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы, белгілі кәсіпкер Юрий Шин жүрекжарды лебізін арнады.

Юрий Германович: «Жаңа жыл – өткенге есеп беріп, алдағы күндерге жоспар құратын уақыт қана емес, қоштасқан жылда бізге қолдау білдірген, көмектескен, баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстанның көркеюіне, Корейлер қауымдастығының дамуына үлкес қосқан әрбір адамға алғыс айтатын күн!»,  дей келе, корей тілі мен дәстүрін ұмыттырмай, жалғастырып келе жатқан қандастарына тағзым етті.

«Біздің әрқайсымыз қазақстандықпыз, өз бойында талантымен бірге кемшіліктері де бар қарапайым адамдармыз. Бір шаңырақтың астында туылған әрқайсымыздың Қазақстан азаматы болуға құқығымыз бар. Біз бәрін бірдей құрметтеп, әрбір отандасымызды бағалауымыз керек. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз және біз біртұтаспыз. Сіз бен біз үшін, балаларымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін Отанымызды сүйіп, еліміздің әр қаласына, әр ауылына сенейік! Ұлтаралық бірліктің күші арқылы еліміздің абыройын асқақтата берейік. Өйткені, біз ұлы жауынгерлердің ұрпағымыз! Ұлы Дала, Ұлы Ел, Ұлы Қазақстан, Соллаль мерекесі құтты болсын», деді Юрий Шин.

Құттықтаулар легін Оңтүстік Кореяның Алматыдағы бас консулдығының Бас консулы Нэчхон Пак жалғастырды. Салтанатты оқиға аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің пәрменімен «НамСон» корей би ансамбліне «Халықтық» (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы атағы беріліп, мәртебелі сыйлық ансамбль жетекшісі Марина Кимге тапсырылды.

рр

Құттықтаулар сахнаны ертегідей әлемге алмастырған, бүкіл музыкалық технологиялардың табысын тоғыстырған ғаламат концертке ұласты.

аа