Байқау • 08 Ақпан, 2024

Абайдың Ашғабадтағы мүсінін кім жасайды?

118 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі мүсіншілер арасында хакім Абайдың Ашғабад қаласындағы ескерткішінің үздік жобасына республикалық байқау жариялаған еді. Конкурстың шарттарына сәйкес, қатысушы мүсінші, ең алдымен, Суретшілер одағының мүшесі болуы құпталады. Одан бөлек, әрине, ақынның бейнесін толық ашуы үшін Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қанық болуы қажет.

Абайдың Ашғабадтағы мүсінін кім жасайды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Аталған байқау Түрікменстанның Ашғабад қаласында орнатылатын Абай ескерткішінің үздік жұмыс жобасын айқындау мақсатын көздейді. Доданың шығармашылық талаптарына келсек, ескерткіштің жұмыс жобасы тұлғаны тұрған бойы кейпінде бейнелеп, көркемдік деңгейі, эстетикалық мәнерлілігі, идеялық мазмұны жоғары, көркемдік тұтастығы мен бітімі ерекше болуы керек. Мүсін алыстан көз тартып, орналасатын жердегі көріністің басым композициясы ретінде қабылдануы да шарт. Ескерткіш ақынның кемел жасын бейнелеп, оның портреттік ұқсастығын қамтамасыз етуге тиіс.

Графикалық орындау әдістері – макеттің түсі, техникасы, материалы және мүсіннің эскизі автордың өз қалауы бойынша орындалады. Ескерт­кіштің материалы – қола. Ескерт­кіштің өзінің биіктігі – 4,5-5 м, тұғырдың биіктігі – 2,0-2,5 м.

Айта кетейік, конкурс материалдарын Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия қарайды.

Авторлар конкурс материалдарын Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне 25 ақпанға дейін ұсынуы керек.

Мүсіншілер байқауы туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтынан оқуға болады.