Егемен Қазақстан • 08 Ақпан, 2024

«Хат қоржын»

93 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Тосын жағдайға әзірлік керек

«Қыс – қыр астында» деп тегін айтылмаған. Жұмсақ орынтақта отырған әкімқаралардың міндеті – халқын қыстан тоңдырмай, газ-суға тарықтырмай алып шығу, электр желілерінің тұрақты жұмыс істеуі, сол сияқты ауыларалық қатынас жолдарын, басқа да түйткілді мәселелерді назарда ұстауы.

Етіміздің үйреніп кеткендігі ме, «өткізіп жүрген қысымыз ғой, биыл да солай амалдармыз» деп жауапкершілікті сезінбей, арқаны кеңге салып жүргенде, қыстың алғашқы күнінен бастап бір жерде су құбыры қатып қалып жарылса, екінші жерде күшті желдің салдарынан электр желілері үзіліп жатады. Көшелер қардан уақтылы тазаламағаннан жүріп-тұру қиындайтын тұстар да жиі кездеседі. Міне, осындай жағдайларды ауыл тұрғындары биыл да бастарынан өткізіп жатыр.

Ауданымызда биылғы қаңтар айында екі күн қатарынан қар жауып, боран соқты. Артынша қар еріп, көше көлкіген көлге айналды. Тіпті кейбір үйлердің шарбақтарына да су кірді. Тиісті мекеме басшыларынан көмек сұралғанымен, көмек кеш келді. Тек тұрғындар өз күштерімен қарын күреп, су жүретін жүлгелерін реттеді. Соның нәтижесінде, үйлерге су кірмей, аман қалды.

«Қыс қамын жаз ойла, жаз қамын қыс ойла» дейді атам қазақ. «Қыстың да аяқталуына ай жарымдай уақыт қалды» деп аяқты кеңге салуға әлі ерте. Наурыз айында да ат құлағы көрінбейтін қарлы боран жолды бітеп, үйден шыға алмай, ал жолға шығып кеткендер баратын жеріне жете алмай адам өліміне әкелген жағдайлар да болған.

«Бұл қыс та өтер. Бұрыннан көріп жүрген құқайымыз ғой» деп отыру мүлдем қате. Сондықтан қыс, жаз демей әр уақытта тосын жағдайға сай отыру қажет. Ертең-ақ қар ериді. Осы үдеріске де бүгіннен дайындалмаса, ақыры үлкен шығынға алып келуі әбден мүмкін. Мұны біз бұрынғы кемшіліктер қайталанбаса екен деп айтып жатырмыз. Өйткені әр маусымның өз қиыншылығы, қаупі бар. Осы себепті ауыл тұр­ғындарының жағдайларын ерте ойлап, арыз-шағымға уақытында шара қолданылса, қандай күрделі жағдайлардың да алдын алуға болатыны сөзсіз.

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер, ауылдық қоғамдық ұйымының мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауылы

 

 

Жасқанбай жаңалыққа бет бұрайық

Тәуелсіздікке қолымыз жеткелі отыз жылдан асса да кеңестік ескі сүрлеуден шыға алмай келеміз. Жер-су атауларының көпшілігі баяғы ке­ңес­тік идеологияның пәрменімен өзгертілген қалпында мызғымастан тұр. Өзі­нің әуелгі, ежелгі тарихи атауларын қайтаратын уақыт жеткені анық.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласының атын Қызылжар деп өзгерту жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ өзгеріс жоқ. Қызылжар – жер атауы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Қызыл­жар атауы Петропавл қаласы орнамай тұрғанда қазақтың талай жыр-дастандарында аталады. Қаланың қазіргі Петропавл атын өзгертуге не бөгет? Кімге қарайлап, жалтақтап отырмыз?

Облыс жұртшылығы қаланың Қызылжар деп аталуын қолдайды. Қаладағы өзге этнос өкілдерінің де көзі мен құлағы Қызылжар атауына үйренген. Қаланың қақ ортасында «Қызылжар» қонақүйі менмұндалайды. «Қызылжар» футбол командасы республикаға белгілі. Қала­ның іргесіндегі шаруашылығы өркендеген ірі, іргелі ауданға Қызылжар атауы берілген. «Қызылжар нұры» газеті – Қызылжар ауданы оқырмандарының игілігіне қызмет етіп жатқан облыстағы қазақша басылымдардың бірі.

Ендігі бір айтайын дегенім, жер, су атауларын қазақыландыруда тілдік қорымызда бар сөздерді кеңінен қолдануға бет бұрудың кезеңі жетті. «Облыс» сөзін қазақтың байырғы «аймақ» сөзімен алмастырсақ. Мысалы, Қызылжар аймағы, Қызылорда аймағы, Ақмола аймағы, Алматы аймағы, Жетісу аймағы, Ұлытау аймағы деген сияқты.

Сондай-ақ қосарланып айтылатын, жазылатын атаулар хақында бірауыз сөз. Мәселен, көше аттары: Жамбыл көшесі – улица Жамбыла, М.Әуезов көшесі – ул.М.Ауэзова, С.Мұқанов көшесі – ул.С.Муканова, Абай даңғылы – пр.Абая, т.б. деп, дүкен атаулары: нан дүкені – хлебный магазин, азық-түлік дүкені – продовольственный магазин, т.б. деп, жекелеген атау сөздер: нан – хлеб, көше – улица, дүкен – магазин, сүт – молоко, су – вода, сусындар – напитки, т.б. деп жазылып жүр. Осы атауларды қоса-қабаттамай-ақ қазақшасын ғана жазса да түсінікті емес пе әрі өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне бет бұруына аз да болса септігі тиер еді.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері

 

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Ұлттық тәрбие – отбасынан

Кезінде (2013 жылы) Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Орысша оқушылар» атты мақаласында: «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек», деп жазған екен. Тіл – жекелеген адамдардың емес, тұтас ұлттың игілігі, баға жетпес қазынасы, демек оны қорғау – баршаға ортақ үлкен жұмыс. Қазақ тілі мәселесінің оң шешімін табуы үшін ұлт болып ұйысып, белсенді атсалысуымыз қажет. Бұл тұрғыда, әсіресе ата-аналардың рөлі маңызды болмақ. Неге десеңіздер, бала тілінің ана тілінде шығуына, оның ұлттық тәлім-тәрбие алуына алдымен ата-ана жауапты. Отбасы тәрбиесі – әлеуеті мол, ықпалды күш.

Осыған орай тағы бір мәлімет келтірудің реті келіп тұр. Қазақстанда салыстырмалы педагогиканың негізін салушы, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов – талай елдің білім сапасын, ұлттық тәрбиенің тұлға қалыптастырудағы маңызын зерделеп, құнды еңбектер жариялаған танымал педагог-ғалым. Конференциялардың бірінде Асқарбек Қабыкенұлымен кездесудің, сөйлесудің сәті түсті. Маған сыйға тартқан кітаптары да сақтаулы. Оның газетте жарияланған бір материалынан қазақ отбасыларына үлгі боларлық мына бір оқиғаны келтіргім келеді.

Бұл – ғалымның Германияда іссапарда жүрген кезінде аңғарған көрінісі екен. Тамақтанбақшы болып, көшеге шығады. Жанынан арқаларына сөмке асынған, немісше сөйлеп келе жатқан үш оқушы өтіп бара жатады. Бір кезде неміс бала үйіне қарай бұрылып, бөліне берген сәтте қалған екеуі түрікше сөйлей жөнеледі. Екеуі де ғалым беттеген кафеге кіреді. Сөйтсе, бұлар дәмхана иесінің ұлдары екен. Оларға риза болған А.Құсайынов ұлдардың әкесін әңгімеге тартып, шет жерде тұрса да, ана тілін құнттаудың құпиясын сұрайды. Түріктер сырт жерде тұрып жатса да, бір-бірімен тек ана тілінде ғана сөйлеседі екен. Балаларының теледидардан қарайтыны да тек түрік тіліндегі бағдарламалар көрінеді. Міне, отбасылық ұлттық тәрбие деп осыны айт!

Өкінішке қарай, бізде жағдай өзгеше болып тұр. Ата-аналар балаларымен көбінесе өзге тілде сөйлеседі. Әуелі осы кемшілікті жөнге салмай, іс алға баспайды.

Биалаш СҮЙІНКИНА,

тіл жанашыры

 

ҚОСТАНАЙ