Облыстық мәслихатының депутаты Бақыт Қаметовтің айтуынша, киіктің ұшалары Махамбет ауданындағы Таңдай ауылдық округіне қарайтын Қалмақты елді мекенінің тұсында жатқаны анықталған. Далада жатқан киіктің кейбірі бауыздалған. Кейбірінің қарны жарылған. Мәслихат депутаты 26 қаңтарда киіктің үйіліп жатқан ұшасы түсірілген видеоны әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.
«Бейнежазба 26 қаңтар сағат 19:30-да түсірілген. Тандай селолық округіне қарасты Қалмақты елді мекенінде 38 киіктің өлексесі табылды. Барлығының мүйізін кесіп алған. Ішкі құрылысы жоқ. Шаруагерлердің айтуынша, 25 қаңтарда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мемлекеттік қызметкерлері және аңшылары атып кеткен. Полиция қылмысты тіркеп, заңды шара қолданады», деп хабарлады Бақыт Қаметов. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, аталған дерек Махамбет аудандық ішкі істер бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Іс материалдары Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлігімен тіркелген.
«Киік санын реттеу «Охотзоопром» инспекторларының тікелей қатысуымен жүзеге асады. Бекітілген алгоритмге сәйкес реттеу нәтижесінде алынған киік ұшалары міндетті түрде асқазан-ішек жолын алып тастап, ішкі мүшелері, басы және терісімен ветеринарлық бақылау үшін ет комбинатына жіберіледі. Мал дәрігерлері ұшаларды қарап байқаған соң ветеринариялық анықтама береді. Киік мүйіздері белгіленген талаптарды сақтай отырып, «Охотзоопром» дериваттарға есеп жүргізетін жауапты қызметкерінің, аумақтық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекциясы мемлекеттік инспекторларының бақылауымен бөлінеді. Кейіннен «Охотзоопром» сақтауға жіберу үшін міндетті түрде таңбалауға жатады», деп хабарлады комитеттен.
Атырау облысы