Қоғам • 08 Ақпан, 2024

Ұлттық бірегейліктің басты белгісі

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордалық зерттеушілер Мемлекет басшысы­ Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатын тал­қы­лау­ға арналған дөң­ге­лек­ үс­тел өткізді. «Жал­пы­­аза­­маттық біре­гей­­лік­тің факторлары мен ком­­поненттері» тақы­ры­­бындағы жиын­ды ұйым­дас­тыруға Мәде­ниет және ақпарат минис­тр­лігіне қарас­ты Қол­дан­ба­лы этносаяси зерттеу­лер инс­титуты ұйытқы болды.

Ұлттық бірегейліктің басты белгісі

­Іс-шараға «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, «Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Элина Масагутова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер инс­титуты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, ҚЭЗИ Этносаралық ахуал мониторингі орталығының директоры Гүлдана Оқасова, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мүшелері, сондай-ақ сараптамалық қоғамдастықтың басқа да өкілдері қатысты.

– Ұлттық бірегейлік – өте маңызды мәселе. Кей кез­дері оның маңыздылығын сезбей жатамыз. Алайда ол – күнделікті қоғамдағы бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі фактор. Ол ұлттық, діни, кәсібилік тұрғыдан болмасын. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, сұхбаттарында бірнеше рет айтты. Біз көп жағдайда салт-дәстүрлерімізді сақтау, мерекелерді тойлау, ұлттық мәдениет секілді мәселелердің шағын талқылауларда ғана қозғалатынын аңғармаймыз. Ұлттық бірегейлікпен қатар азаматтық бірегейліктің де өзектілігі тіпті әр минут са­йын көрінеді. Біз Қазақстан заңдарымен өмір сүреміз. Тауарлар мен қызметтер үшін ұлттық валютамен есеп айы­рысамыз, жеке басын куәландыратын құжаттармен өзімізді сәйкестендіреміз. Осылайша, жалпыазаматтық бірегейлік біздің күнделікті өмірімізді анықтайды. Жалпы, азаматтық бірегейлік өмірімізді анықтайды. Осы бағыттағы диалог біздің құндылық шкаласын қалыптастыруға өз үлесін қосады, – дейді Талғат Қалиев.

Басқосуда Гүлдана Оқа­сова азаматтық бірегейлік мәсе­лелері бойынша бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесімен бөлісті. Оның сөзінше, әртүрлі этникалық топтың, аймақтың, діни конфес­сиялардың өкілдері үшін азаматтық бірегейлік өмірінің маңызды құрамдас бөлігі әрі отандастарымызды біріктіруші бастама. Осы орайда жастарға да арнайы талдау жасалған.

– Зерттеу нәтижелері көр­сеткендей, жастарымыздың көбі қоғамдық-саяси өмірге қатыса бастаған. Осылайша, азаматтық белсенділіктің артқанын байқап отырмыз. Егер 2023 жылы жастардың 25,4%-дан астамы қоғамдық ұйымдарға қатысу тәжірибесіне ие болса, бір жыл бұрын, 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 14,9% болды. Сонымен қатар жастардың еріктілікке деген қызығушылығы артып келеді. 2022 жылы жастардың тек 3,9%-ы­­ еріктілікпен айналыс­қан, ал 2023 жылы бұл 15,2%-ды­ көрсетті. Байқағанымыз, шетелдік контент жастардың дүниетанымына қатты әсер етеді. Фильмдерді, телехикаяларды көру мәдениетті қалыптастырудың кең таралған түрі ретінде есептелінеді. «Netfliх» шығарған кино­өнімдерді жастардың 37,8%-ы, ал Қазақстанда өндірілгендерді тек 12,3%-ы көреді. Жастардың 16,8%-ы ғана театр­лар мен мұражайларға үнемі барады. Басым көпшілігі, яғни 74,3%-ы әлеуметтік желілерді парақтағанды құп көреді. Алайда олардың төрттен бір бөлігі өз қалауын жаман әдет ретінде қабылдайды, – дейді Айсұлу Ерниязова.

Жиын соңында спикерлер азаматтардың әлеуметтік-саяси үдерістерге қатысу дәрежесін арттыру негізінде және қоғамдық бастамаларды кешенді қолдауда ғылыми-тәжірибелік тәсілдің қажеттілігін айтып, аталған жұмыста ғылыми-сараптамалық қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын еске салды.