Тұлға • 08 Ақпан, 2024

Құрыш қазақ

376 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін тағдыр сынына мойымаған кә­сіпкер, облыстық мәслихаттың төрт дүркін депутаты Нұрмұрат Ерма­нов жайында әңгіме өрбіткелі тұрмыз.

Құрыш қазақ

Бала Нұрмұрат ауыл мектебін үздік бітірді. Әдебиетті, өнерді жанындай сүйді. Атасы Ерман қарт балам ақын-жазушы болар деп үміттенді. Ал анасы Әбила «Беларусты» жүргізетін шебер-механик болса дейтін. Әкесі Наят ата оң қолынан өнері тамған ағаш ұстасы еді. Бәлкім, Нұрмұраты тақтайдан ою-өрнек жасайтын ұста болар деп ойлаған. Жоқ, бала Нұрмұрат орта мектепті бітірген бойда Алматыдағы сол кездегі атағы дүркіреп тұрған СХИ-ға аттанды. Қас-қағым сәтте бес жыл өте шықты. Қар­мақ­шыдағы кіндік қаны тамған Жаңа­жол ауылына оралды. Өз ісін мұқият атқаратын жас жі­гіт төрт-бес жылдай инженер тізгінін ұс­тап, атақ-абыройға бөленді. Отау құрды. Ақылына сымбаты сай  жары Қалимаштан Алмат, Қайыржан, Тор­ғын, Гүлжанат сынды ұл-қыз сүйді.

Бірде жаңадан құрылып жатқан Қы­зыл­орда ағаш өңдеу зауытына бас инже­нерлікке конкурс жарияланды. 20 шақ­ты үміткер бақ сынап, конкурсқа түсті. Топ жарған Нұрмұраттың бағы жа­нып, ағаш өңдеу зауытына инженер болып шыға келді, зауыттың тасын өрге домалатты. Жер-жерден жаңа құрал-жабдықтар, станоктар алдырып, техникалық базасын нығайтты.

Бірде Нұрмұрат сүйікті қарындасы Зина екеуі ауылға тартты. Астында бас инженерге берілген су жаңа «Зил 130» көлігі бар. Жаңа көлік жер апшысын қуы­рып, жүйткіп келеді. Зина екеуінің әңгі­месі таусылар емес. Осылайша, әңгі­ме-дүкен қызып, Жалағаш тұсындағы бұры­лысқа келіп қалғанын білмей қалды. Рульді шұғыл бұрды. Көлік аударылып, үш домалады. Дала жым-жырт. Нұрмұрат көлік астында оң қолын шығара алмай, шарқ ұрып жатты. Ал сүйікті қарындасы ауыр соққыдан фәни дүниеге аттанып кеткенінен бейхабар. Үлкен жолдың бойы­мен әншейінде ерсілі-қарсылы ағылған көлік толастамаушы еді. Бүгін біреуі жоқ. Сегіз сағат бойы Нұрмұрат көлік астында жатты. Кенет көлік гүрілі естілді. Балық аулауға шыққан үш орыс жігіті екен. Дереу аударылған көлікті орнынан қозғап, ес-түссіз жатқан Нұрмұратты Жалағаш ауданының орталығындағы ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер суыт қимылға шықты. Облыс орталығынан дәрігерлер шақыртты. «Операцияны осы жерде жасамай болмайды. Азаматты облыс орталығына жеткізу көп уақыт алады, қалайда осы жерде аман сақтап қалудың қамына кірісу керек», деп дәрігерлер бір шешімге келді.

Не істеу керек? Әбден жаншылған оң қолды иықтан кесу керек. Сонымен, отыздың қырқасына шыққалы тұрған азаматтың оң қолы иықтан кесілді. Алпамсадай арыстай азамат лезде домаланды да қалды. Міне, тағдыр... Ауруха­нада ұзақ жатты. Көп ұзамай облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Барлық ем қолданылды. Білікті дәрігерлер түн ұйқысын төрт бөліп, азаматтың сауығуына күш салды.

Бәрі есінде. Содан Нұрмұрат алты ай­дай емделді. Отбасына оралды. Бойын тіктей бастады. Сүйікті жары Қа­ли­маш­тың осы бір қиын сәттегі демеу құшағы бәрінен бөлек болды. Нұрмұ­рат бір­тіндеп көшеге шығады, аула алдын­дағы орындыққа отырады, сәл-пәл серуен­дейді. Көзі түскендер аяған кейіп бай­қа­тады, мұны сезген сәтте жасып қалған­дай болады, сәлден соң қайрат шақырады, қуат жинайды.

Жата-жастанып кітап оқиды. Қай­сы­күні жары Қалимаш ақын Ілияс­тің жырлаған «Құлагері» мен Н.Остров­скийдің «Құрыш қалай шынықты» романын кітапханадан әкеліп бергені бар. Бас алмай оқыды. «Менің жерлесім, Социалистік Еңбек Ері Қасымтай Ізті­леуовтің екі аяғы жуан саннан жоқ, бірақ ол темір тұлпарды Ақжарда жүйткітіп жүр. Ал аяқ-қолы семіп қалған, көз жанарына әйнек орнатқан жазушы З.Шүкіровті журналист Ұ.Бағаев «Құрыш қазақ» деп тамсана жазды ғой. Механизатор Ж.Таспамбетова ше, бір аяғы комбайн штурвалына оралып, кесіп кеткенде рульге отырып, қазақ қызына тән батылдық танытты. Ал мен осыларды көріп неге мүжілуге тиістімін. Жо-жоқ, мен жұртты замандастарымды еңбекке шақыруға тиістімін», деп ой түйді Нұрмұрат.

Азаматтың өткен күндері бәрі көз алдында сайрап тұр. Бірер жыл көшеге шығып балмұздақ, папирос, шемішке сатты, арсынбады, тиыннан пұл құрап, отбасын асырады, біртіндеп қор жинады. Дүниеге жекешелендіру дүрбелеңі келді. Баяғы өзі еңбек еткен Қызылорда ағаш өңдеу зауыты тығырыққа тіреліп, жекелердің қолына өтті. Жұрт жаппай жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Нұрмұрат әрі ойланып, бері ойланып «Бабас» атты жауапкершілігі шектеулі серіктес құрды. Ағайын-туғандардың басын қосып, өзіне орынбасарлыққа інісі Жанат Ермановты тағайындап, өзі директор тұтқасын иеленді. Сонымен, «Бабас» серіктестігі әуелінде ағаш өнімдерінен есік-терезе, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорынға айналды. Үш жыл ішінде айналымда 4-5 млн қаржысы бар үлкен ұжым атанып, өнімге сұраныс молая түсті.

Бәрі аңыз сияқты. Сол баяғы «Бабас» қазір қаладағы Мұратбаев көшесіндегі бес қабатты ғимаратқа қоныс тепкен. Кәсіпкер Нұрмұрат Ерманов бір кездері құлауға айналған бес қабатты жатақхананы сатып алып, қазір танымастай жөндетіп, ғима­рат­қа бірнеше кәсіпкердің басын қосып отыр.

«Бабас» серіктестігінің абыройы жыл­дан-жылға артып келеді. Серіктестік Қармақ­шының Жаңажол ауылында жүз­деген гектар күріш егіп, тонналаған Сыр маржанын жер-жерге жөнелтуге мүм­кіндік алды. «Бабастың» қала ор­талығында құрылыс материалдарын сататын базары да бар. Қала сыртында 200-ге жуық түйе, жылқы өсіретін, оның өнімдерін қала дүкендеріне сататын шаруа қожалығының ісіне сүйсінбей болмайды.

Азамат, кәсіпкер, депутат Нұрмұрат Ермановтың еңбегі бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Қазір облыстық тәртіптік кеңестің кеңес­шісі, мүгедектер мұң-мұқтажын қор­ғай­тын білікті заңгер.

Туған жері Жаңажол ауылындағы мектепке, балабақшаға әркез көмектеседі. Қызылорда қаласындағы бірнеше көше асфальтталып, су жүйелерін тартуға қаржы бөл­генін тұрғындар жиі ауызға алады. Қала іргесіндегі Махамбетов ауы­лына амбула­тория ашуға мұрындық болды. Жоқ-жұқа жандарға, студенттерге қаржылай көмек­тесуді парыз санайды. Өзі отырған ғимарат жанынан «Заң консультациясы» кеңсесін ашып алған. Тұрғындар кеңес алатын нағыз орталыққа айналды. Жұмыссыз жүргендерді еңбекке орналастыруды ойдан шығармады.

Біз білетін Нұрмұрат – қазір нағыз кемел шағында. Бейне бір құрыш қазақ десең, жарасады.

Тағы бір жаңалық хабар естідік. Таяуда кәсіпкер Н.Ермановтың үлкен суретін Бейбарыс сұлтан даңғылына ілу туралы қала әкімінің шешімі әзірленіп жатқанынан хабардар болдық. Бұл құрмет – кәсіпкер еңбегінің жемісі.

 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

журналист

 

Қызылорда облысы