Поэзия • 08 Ақпан, 2024

Жұмбақ ғаламшар

354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа ашылған кіші ғаламшардың біріне 1983 жылы Есенин есімі берілгені айқын. Ақын ғаламшары – жан құбылысының жарықшақтарына толы тылсым дүние. Онда елеусіз саналған көзге көрінбес, қолға ұсталмас киелі ұғымдар жұлдызды тонын жамылған. Алуан түстер айдыны түпкі мәнге жалғасып, түнеу бір күнгі тұмандай уызданып, қаймақтанып тұрады. Ендеше, Мұқағали атты жұмбақ ғаламшардың бірнеше шұңғыл бедеріне сапар шегелік.

Жұмбақ ғаламшар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Соңғы он жыл

Ақынның қаламдас інісі, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлына жолдаған хатында: «Бұл құрғыр поэзияға жалпы бәлен деп болмайтын сияқты. Әйтеуір, өз басым көкейге әуелде қандай ырғақпен өлең туса, солай жазам. Жазбаймын-ау, қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалам» деген тосын жолдар кезігеді. Шынында, толағай дарын тудырған әр алуан өлеңдерге үңілсек, өзінен-өзі құйылып түскендей табиғилықты аңғарасыз. Ақын сөзінің түбірі «ағын» сөзінен шыққанын ескерсек, жыр кеуде бұрқырап тұратын дүлей тасқындай, алапат селдей. Бір қызығы, Мұқағали өлеңдерінің хронологиясына зер салсаңыз, өлеңге біржола бас қойған тұсы – 35 жас. Күнделігінде бұл кезең хақында «Дүниеге жаңа келгендеймін. Ой-санам, жүріс-тұрыс мінезімде сұмдық өзгеріс бар. Сәл кештеу оянған жоқпын ба? Әлде дер шағы ма екен?» деп толғанады. Расында, әлем поэзиясын шолсақ, әйгілі Байрон 36 жасында телегей теңіз шығармалар қалдырса, Лермонтов бар-жоғы 27 жасында ұлтына адам сенгісіз мол мұра сыйлады. Ерке мінезді Есенин болса, 30 жасқа дейін-ақ 500-дей өлең, 10 шақты поэма жазып орыстың ұлы ақыны атанды. Ал алғашқы жыр жинағы 33 жасында шығып, 35 жасында дүниеге жаңа келгендей дүр сілкінген мұзбалақ ақынның «сәл кештеу оянған жоқпын ба?» деуінде негіз бар еді. Мұнан соң нөсердей төгіліп, өрттей жайпап, 35 пен көз жұмған 45 жас аралығында он жыл тынбастан еңбек етеді. 1966 жылы 89 өлең, 1971 жылы 40 өлең, 1974 жылы 120, онан соңғы жылдары 89, 73 өлеңнен тудырады. Бұл рекордтық көрсеткішке таңданбасқа шара жоқ. Мәселен, Пушкиннің ең өнімді жазған уақыты 1828–1829 жылдар. Бірінде 32 өлең жазса, бірінде 56 өлең тудырған. Муза пырағын мінген Мұқа­ға­ли ақынның бірінен соң бірі жаңа жина­қ­тар беріп, он жылда 1066 өлең мен поэмаларын дүниеге әкелуі, солайша алып­тармен иық тірестіруі мистикалық құбы­лысқа ұқсайды. Ақын бейнебір мұғ­жи­заға еніп, таңғажайып талант күшімен Шырынын іздеген Фархадтай тауды тесіп, тасты турағандай. Ертегіден келген қаһармандай ұлттың қасиеті мен қастері жалғасқан алтын көпірге нәзік жанын төсегендей. Әлем әдебиетінде мұндай құбылыстар сирек. Міне, бұл біз зерделеген жұмбақ ғаламшардың адам санасынан биік тұратын өзгеше қырының бірі.

 

Трагедия

«Ақын жыры өміріндегі трагедияға байланысты өрбиді» деген пікір бар. Шынында, таланттың күңірене қоздап, аруанадай боздап, арқалы жыр тудыратын тұсы жеке өмірінің трагедиялы кезеңдеріне тап келеді. Айталық, хакім Абайдың кеудесінен ең көп сыр ағылған шағы Әбдірахман өлімінен соң еді. Мағжанның зарлы жырларына бояу қосқан толғақ үстінде мерт болған әйелі мен баласының талайсыз тағдыры болатын. Дауылпаз Қасымның қазақ поэзия­сына жаңа тыныс әкелген «Ақын өлімі туралы аңызынан» қимас серігі Абдолла Жұмағалиевтің өліміне қан жұту, терең шерлену байқалады. Ал Мұқағалидың жан әлемінің астан-кестеңі шығып, қайта түлеуі – қызы Майгүлдің өлім уақытына сәйкес келеді. Анасы Нағиман пікірімізге куәлік еткендей, өз сөзінде: «Шаңырағымыз аяқ астынан шайқалды. Мұқағалидың Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды, қатты күйзелді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтіп жүріп, толассыз жаза берді, не жазғанын қай­дам...» деген-тін.

«Қызым менің, гүлім менің, аяулым,

Жатыр молаң жотасындай қоянның.

Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?

Қойман, ботам, керегі не көк тастың,

қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.

Өзің келген май айында ақ нөсер,

Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтас­сын...»

Әрине, жай адам үшін де перзент қазасы ауыр қасірет. Жаны қылдан нәзік ақын үшін бұл он есе, тіпті жүз есе батпандай салмақ болары хақ. Майгүл өлімі ақынның жалғыз трагедиясы емес. Жүрегін мүжіген жағдаяттардың тағы бірі – қызғаныштың қызыл иті болса, екіншісі – кітабының жарытып шықпағаны дер едік. Көзі тірісінде алып таланттың он кітабы жарық көргені рас-ақ, бірақ сол жинақтарды қолға ұстап, көз етіне тақап қаралықшы. Жетім ұлдың қолындағы нандай, алақан шұқырына сияр тамшыдай ғана. Біз көрген барлық кітабының қарлығаштың тіліндей ғана көлеммен, жұқалтаң ғана мұқабамен шығуы көңілге күмән ұялатарлық. Сол тұста шыққан өзге қатарлас қаламгерлердің кітабына қарасаңыз, ұзындығы мен ені үлкен, көлемі көз тоярдай. Ұсақ пенделікті, ұрымтал тұстан соққан салқынды ақын аңғарған, жүрегінен өткізген, опынған, ашынған, аласұрған. Пенделік пердесіне берілген жалғыз жауап – шырқыраған жансебіл жырлар.

 

Сәуегейлік

Ақындық пен сәуегейлік. Сәуегейлік пен ақын­дық. Кейде екеуі егіз ұғымдай. Пікі­рі­мізге мың сан дәлел жетіп артылады.

«Асқан,

алпыстан мынау жасымыз,

Қашқан,

шалдықтан ғарып басымыз,

Қаласың қай сайда?»

Шәкәрім қажының сөзі жаттанды ма, әлде ажалын болжады ма, нақты айту қиын. Шын мәнінде, ақын тағдыры талауға түсіп, жауыздық тырнағымен ізгілік мұнарасына қара май құйылды. Саятқорада жападан-жалғыз ладуни іліміне құлаш ұрған ол мылтық оғынан мерт болды. «Қаласың қай сайда?» деп толғанған әз басын көп шуылдақтан шыққан кесір қол терең құдықтың түбінде қалдырды.

Сәуегейлік жайлы сөз еткенде, орыстың ғажап ақыны Николай Рубцовты айналып өте алмаймыз. XX ғасырда атағы аспандаған тосын мінезді талант тағдырға үкім айтып, жыр төккен.

«Қатулы аяз қайықтай қалтылдаған,

қайың біткен шайқалып...

сол күн маған:

ажал оғы жетеді аласұрып,

сосын көктем келеді толқындаған!»

Шынында, Рубцов өзі айтқан қалтыл­да­ған «крещендік» аязда, 1971 жылдың 19 қаңтарында көз жұмады.

«Өзімнің есебімде,

Мен биыл қырықтың дәл бесеуінде.

Кім біледі...

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін

Неше күнге.

Ұмыт болып есебің, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде

Қырықтың бесеуінде».

Мұқағали сәуегейлігі расқа айналды. Ұлы ақын қырықтың бесеуінде ұйықтап кетті. Алып жүрек ақырғы демін алды. Иә, бұл жұмбақ ғаламшардың тағы бір сыртмінез ойпаңы, беймағлұм нүктесі. Өмірден өтер жылымен бірге, сәуегей ақын көз жұмар күнін де нақпа-нақ білген деседі. Өзін Қарасаздан алдырып, Алматыға қазық шалдырып, еңбекке араластырған Әбділда ұстазына ұсынған «Өмірдастан» кітабына «27 наурыз, 1976 жыл» деп қол қояды. Араға ай салып, 27 наурыз күні өмірден өткенде, қара өлеңнің көсемі Әбділда ақсақал таң-тамаша қалып, «Мұқағали – әулие ақын» депті таңдана.

Әулиелік – денеде емес, жанда болар. Құдай Тағала қарар қабылына қасиет біткен жұмбақ ғаламшар ұшы-қиырсыз шалқар кеңістікті айналып жүр. Біз оған үнемі қараған сайын, ол ажарлана түседі.