Сұхбат • 08 Ақпан, 2024

Мәмбет Қойгелді: Ақиқат қызыл сөзге емес, дәлелге мұқтаж

1379 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында әрбір халық өз тарихын өзі қорыту қажет екендігін айтқан еді. Бүгінде өткен тарихымыз туралы зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдарымыз көбейіп келеді. Бұл қуантарлық әрі құптарлық дүние. Десе де тарих парақтарын таразыға салып, болашаққа бағдар жасау үшін қателіктен арылудың маңызы жоғары. Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдімен сұхбаттасып, өткен жылдарды тарихтың көзімен саралап көрген едік.

Мәмбет Қойгелді: Ақиқат қызыл сөзге емес, дәлелге мұқтаж

– Бір сөзіңізде «Тарихи шындықты білген халық – алғыр, мықты халық» деген екенсіз. Тарихты қалай қорыта алып жатырмыз, аға?

– Жыл басындағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президент бұл айтылғанға қосымша «ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз» деген тұжырымын айтты. Бұл – ғасырға жуық қоғамдық санасы илеуге түскен қазақ елі үшін маңызды пікір. Осы ретте біздің қандай қоғамнан шыққанымызды біршама білетін адам ретінде оқырманның назарын өзім байқаған мынандай бір жағдайға аударған болар едім. Советтік тарихтың соңғы кезеңінде дүниетаным құралы ретінде философия алға шықты. Мұндай құбылыстың астарында қандай сұраныс жатты? Бұл, әрине, советтік көзқарастың ұстанымын, табиғатын тура түсінуге деген қажеттілік еді. Философия кейінгі ғасырда адамзаттың үлкен бөлігінің санасын билеген, бұл ағымның қаншалықты оның түпкілікті мүддесіне сәйкес келетіндігін түсінуге мүмкіндік беретін таным құралы ретінде қарастырылды.

Ғасырдың соңына қарай кеңес­тік жүйенің ыдырауына байланысты бұл үдерісті түсіну және түсіндіру ісінде партиялық және тар таптық әдіс-құралдардан ада тарихи зерттеулердің рөлі ерекше мәнге ие бола бастады. Яғни бұл ғылым саласының зерттеулері советтік практиканы нақты фактілік негізде талдауға алып, тура түсінуге жол ашатын еді. Бұл жағдай қазақ қоғамына да тиесілі. Қазақ елі – советтік экспериментті толық түрде басынан өткізген бірден-бір қоғам. Соған байланысты тарихшы мамандардың өткен ғасырдағы ұлт тарихына жиі үңіліп, зерттеулері арқылы жасаған тұжырымдарымен қоғаммен бөлісу әрекетіне түсінушілікпен қарау тура болмақ. Иә, қоғамда «Алаш тарихы туралы тым көп айтылып кетті» деген күңкіл де сезіліп қалады. Мұндай алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ. Алаш қозғалысы – соған дейінгі ұлт өмірінің, рухани болмысының жеткен биігі, қорытынды нүктесі, өзін ел ретінде сақтауға деген ұмтылысы, «өмір не өлім!» деп арпалысқа түскен сәті. Бүгінгі қоғамдық мәселелеріміздің түп-тамырының бастау көзі, шешімін таппай үзіліп қалған сәті. Отандық ғылым бұл тәжірибені еркін қорыту мүмкіндігіне енді ғана қолы жетті. Сондықтан да тарихшы мамандар осы тақырып туралы қоғамға әлі де көп нәрсені байыптап жеткізуі керек. Бұл – біздің қасиетті борышымыз.

Жалпы, тура қорытылған тарих қана кәдеге асады. Ұлттың шыңдалып кемелденуі – оның сан ғасырлық ұзақ жолдан өтуіне емес, осы жолдағы ауыр сындардан алған сабағына тәуелді. Қазақ ұлт болып қалыптасып, басқа жұрттармен қарым-қатынасқа түсіп, өзін танытқалы бері ауыр сынақтардан аз өткен жоқ. Бұл жөнінде біраз айтылды да, сондықтан қайталаудың қажеті бола қоймас.

екн

Салыстырмалы тұрғыдан алған­да, қазақ халқы ХХ ғасырға жаман халде жеткен жоқ. 1917 жыл­ғы революциялық аласапыран қарсаңында оның саны 6 млн-ның үстінде болды. Яғни империядағы ірі этностардың қатарында еді. Көрші және туыс өзбек халқы 3,5 млн шамасында-тын. Ал бүгінгі жағдайда өзбек халқының саны 35 млн, оның 30 млн-нан астамы – жергілікті өзбек этно­сы. Біздің елдегі халық санымыз 20 млн, оның ішіндегі қазақтардың үлесі 14 млн үстінде. Бұл сандық көрсеткіштерге байланысты қазаққа ХХ ғасырдың, әсіресе оның алғашқы жартысының ауыр тигендігін бөліп айту артық емес. Мұндай жағдайдың себебі туралы не айтуға болады?

Осы ретте ұлт өміріндегі реформа тақырыбына тоқталуға тура келеді. Қазақ тарихы әуелде патшалық, сонан соң кеңестік билік тұсында өз арасынан шыққан бірде-бір реформатор тұлғаның аты-жөнін атай алмайды. Өз билігі өзінде болмаған қоғамнан ұлт өмірінің ішкі сұраныстарына лайық реформалық өзгерістер жасай алатын тұлғаның шықпауы түсінікті жағдай. Метрополия ондай көрініске жол бермейді. Отар ел метрополия қалағандай бағытта және мазмұнда ғана өмір сүре алады. Өйткені отар елдің империя көлеміндегі орны – метрополия экономикасының шикізат көзі міндетін атқару ғана.

Жалпы, кейінгі ІІ-ІІІ ғасырда қазақ қоғамында шешімін таппаған, сондықтан да өзектілігін әлі де жоғалт­паған іргелі мәселе – реформа мәселесі. Ал осы мезгілдегі үкіметтік басқарудың тиімділігі туралы сөз болғанда негізгі өлшем ретінде оның жүргізген реформалық шараларының жағымды немесе жағымсыз нәтижелері алынбақ. Осы өлшем патшалық және советтік биліктерге бірдей тиесілі. Патша өкіметінің жүргізген өзгерістері қазақ қоғамында қалыптасқан өзін өзі басқару жүйесін күйретуге, сондай-ақ қазақ халқын атамекен жеріне неліктен айыруды көздесе, совет үкіметі қазақ халқына берген уәдесін орындап ұлттық мемлекеттілігін жаңғыртуға жол бермеді, қазақ халқы өз жерінің асты-үсті байлығына иелік жасай алмады. Қазақ мәдениеті табиғи ерекшеліктерінен айырылып, көшірме мәдениетке айналды, ал ұлт орыстану жолына түсті.

Советтік реформалық өзге­рістер алдымен дәстүрлі қазақ шаруашылығын күйретті. Бар болғаны алты жыл­дың ішінде қазақ қожалықтарындағы 40 млн-ның үстіндегі малдан бар болғаны 4 млн бас қалды. Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамы­нан, яғни барлық қазақ халқының 49 па­йызынан айырылды. 1,5 млн-ға жуық халық босқын ретінде көрші елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды.

Кез келген теориялық ұста­нымның өміршеңдігінің өлшемі – практика. Кеңестік билік орнағаннан кейінгі өмір, әсіресе оның глобальды реформалық шаралары бұл өкімет түрінің қазақ қоғамына сырттан ультиматумдық тұрғыдан зорлық арқылы енгізілген, оның ең өзекті ішкі сұраныстарына сәйкес келмейтін, пайдасынан азабы басым өкімет түрі болғандығының көрінісі еді.

– Алаш басшылығы мен большевиктер партиясы арасындағы қарсылық неден басталды? Олардың арасындағы өзара сенбеушіліктің астарында қандай көзқарас, мүдделер жатты? Бұл тақырыпта біраз зерттеу жұмыстарын жаздыңыз. Қандай тарихи тоқтамға келдіңіз?

– Алаш басшылығы үшін ең іргелі ақиқат – атамекен жер мен ұлт. Осы екеуінің қалыпты өмірін ұлттық мемлекет қана баянды ете алады. Зиялылар буыны қазаққа атамекен болған жердің басқаның игілігіне өтіп, ал қазақтың ұлт ретінде бар қадір-қасиетінен айы­рылып, өзге нұсқаған арнаға түсіп кетуі әбден мүмкін шақта күрес жолына түсті. Басқаша айтқанда, кез келген халықтың алдынан ертелі-кеш шықпай қоймайтын жол таңдау сәті қазақтың да алдынан шықты. Бұл жауапты, тарихи тұрғыдан мәртебелі істі атқару Алаш буынының тағдыр-талайына жазылған міндет еді.

Ал осы мәселеде, яғни қазақ қоғамының сол тарихи кезеңдегі ішкі сұранысын тура түсініп, соған сәйкес жол таңдау ісінде В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерімен салыс­тырғанда шындыққа жақын тұрды ма? Түрлі себепке байланысты кейінге шегеріліп келген бұл сұрауға нақты жауап беретін уақыт жетті.

Большевиктер партиясы марк­систік дүниетанымға сүйеніп қоғамды таптық жіктелу және таптық күрес жолына салып, пролетариат диктатурасы аталатын билік жүйесін орнатып, сол арқылы әлеуметтік теңдікке жетуге алғышарт түзуді көздеп, барлық қоғамды күштеп болса да осы арнаға түсіруді тура санады. Бұл тарихи «миссияны» бастау­ды өз міндетіне алды.

Атамекен жерінен, салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен айырылып қалу қаупі қарсаңында тұрған қазақ халқына бұл жол қаншалықты тиімді еді? Әрине, тиімді емес-тін. Оның алдында таптық жіктелу жолына түсу емес, ұлттық тұтастық, ауызбірлік, сол арқылы ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту және жерінің тұтастығын сақтау міндеті тұрды. Ал таптық күрес жолын таңдап революциялық төңкеріс иіріміне тартылып, ұлт ішінде азаматтық қарсыласу өртін жағу – халықты берекесіздікке бас­тап, арандап қалу екендігін Ә.Бөкейхан үйлестірген азаттық қозғалысы бас­шылығы жақсы білді. Түсіне отырып халықты бұл жолдан іргесін алыс салуға үндеді. Қорыта айтқанда, Алаш басшылығы осы жолды таңдап, қазақ азаттық қозғалысының антифеодалдық және антиколонналдық мазмұн және бағыттағы қозғалыс екендігін алдымен большевиктер партиясына, сонан соң совет үкіметіне жолдаған түрлі құжаттық материалдарында білдірді де.

Бүгін мәселені осы өзінің табиғи арнасында қарастыру бізге Алаш басшылығының қандай теориялық биіктіктен көрінгендігін бағамдаумен қатар, ұлт өміріндегі большевизм идея­сы мен практикасын тура түсінуге мүмкіндік туғызбақ. Большевизм өзінің теориялық ұстанымдары мен
радикалды реформалық шараларын ультиматумдық тұрғыдан күшпен енгізе отырып, қазақ ұлт-азаттық қозғалысын табиғи арнасынан шығарып және оны сөндіріп, өзі танып-білмеген елді бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшыратты. Ал оның саяси бастаушы күшін репрессиялық шаралар арқылы жойып, кезекті рет қазақ хал­қын метрополиялық орталыққа тәуелді етті.

– Қазір қиын кезеңде ұлт мүддесіне қызмет еткен қай­раткерлерді бір-біріне қарсы қоятындар бар. Кәсіби тарихшы ретінде өткен тарихымыздан «кір іздеу» кімге керек деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, бұл да бар. Сізге осы тұста Тұрар Рысқұловтың белгілі хаты мен баяндамасы туралы айта кетейін.1924 жылы өмірге келген бұл құжаттық материалды кең арнада, яғни қазақ ұлт-азаттық тарихы арнасында ғана тура түсінуге болады. Өйткені ол құжаттарда берілген фактілік материалдар екі тұлғаның, яғни Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың ара қатынасымен шектелмейді. Бұл жалпы советтік империя көлемінде ұлт-азаттық қозғалыстардың жеңіліс тауып, терең дағдарыстық жағдайда тұрған кезеңі-тін. Соған сәйкес ұлттық саяси басшылықтың да жағдайы қыл үстінде тұрған сәті еді. С.Қожанов бұл кезеңді ұлт қызметкерлері үстінен «айбалта төніп тұрған» кезең деп сипаттады және бұл дәл берілген сипаттама болды. Мұстафа Шоқай (1921), Зәки Уәлиди (1922) секілді тұлғалар шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болып, Мірсаид Сұлтанғалиев 1923 жылы абақтыға жабылды. Үлкенді-кішілі ұлт қызметкерлері үстінен ОГПУ-лік бақылау орнатылды. М.Сұлтанғалиевтен соң, келесі кезек Т.Рысқұловтікі болуы әбден мүмкін екендігін И.Сталин ұлт істері бойынша IV кеңесте анық байқатты да.

1924 жылы қаңтарда болған Түркістан республикасы кеңестерінің XII съзінде Т.Рысқұлов Түркістан үкіметі төрағасы қызметіне қайта сайланбай қалды. Мұндай күтпеген жағдайды Тұрардың өзі де, оның жалынды да жемісті қызметіне қол соққан Түркістан жұрты да түсінбей қалды. Мемлекет үшін аса пайдалы еңбегін енді ғана бастаған ол неге қызметінен кетірілуі керек еді? Мұндай шешімнің Мәскеудегі Орталық комитеттің қоштауынсыз қабылданбайтындығын Т.Рысқұлов жақсы білді. Саяси қызметте мұндай құлдыраудың астарынан қаймыққан ол өзінің де М.Сұлтанғалиевтің қайғылы тағдырына жақындай түскенін іштей сезінбеуі мүмкін емес-тін. Орталық комитет пен И.Сталиннің атына жолдаған хаты мен баяндамасы, міне, осындай жағдайда жазылған еді. Хатта ол азамат соғысы жылдары Түркістанда совет өкіметінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда «социа­лизм идеясына шынайы беріліп сенген менің күш-қуатым қажет болып, енді, міне, советтік құрылыс басталған шақта керегім болмай, Түркістанға кеше ғана келіп, оның өмірін білмейтін «межлауктер» біздің тағдырымызға жүрдім-бардым қарап, бізді оңды-солды лақтырып, арамызда жікшілдік отын жағуды бастап кетті. Сонда біздің кім болғанымыз? Ау, қазіргі күрделі кезеңде Түркістан мен Қазақстан көзі ашық қызметкерлерге мұқтаж емес пе еді? Мұндай берекесіздік не үшін жасалып отыр? Ол кімнің пайдасын көздейді?» деген түйінді ойын айтып, мұндай қисынсыз да ауыр жағдайға тап болғандығына өкінішін білдіреді.

Құжаттардағы Алаш тақы­рыбына келсек, Т.Рысқұловтың олардың тарихи қызметінің ұлт-азаттық мазмұнын түсінбеуі мүмкін емес. 1922 жылы қамауға алынған Әлихан Бөкейхан­ды босатуды талап етіп, И.Сталин­нің атына жөнелтілген жеделхатқа С.Қожановпен бірге Түркістан үкіметі­нің басшыларының бірі ретінде қол қоюы – соның жарқын көрінісі. Жалпы, Т.Рысқұловты тек партиялық ұстанымдағы жадағай тұлға ретінде көрсету – өнімсіз әрекет. Мағжан ақын тергеушіге берген жауабында Ташкентте С.Қожановтың үйінде өткен Аққағаз Досжанованың дәрігерлік дипломы құрметіне берілген банкетте Т.Рысқұловтың ашыла сөйлеп: «Социализм идеясы – біз үшін түпкі мақсат емес, қазақ елін бостандыққа жеткізудің құралы. Ешқандай да революция немесе сая­си партия бізге бостандықты бере алмайды, оған біз күрес арқылы ғана жете аламыз» дегенін дәйектейді. Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың өзара кикілжіңі азаттық қозғалыс үшін қаншалықты залалды екенін Алаш басшылығы жақсы түсінді. 1923 жылы Орынбордан арнайы Ташкентке шақырумен келген А.Байтұрсынұлы аса беделді бұл екі тұлғаны өзара жарастыруға талпынғанымен бұл әрекетінен нәтиже шықпағанына өкініш білдірген.

1926 жылы Т.Рысқұлов қыс­қа мерзім Қазақ өлкелік партия­ комитетінде қызметте жүріп Ф.Голощекиннің «Кіші октябрь» идеясы туралы пленумда жасаған баяндамасын сынға алған Смағұл Сәдуақасұлының сөзін тыңдап, жарыссөзге қатысады. Осы сөзінде ол: «Әрбір дәуірдің өз қаһарман тұлғалары болады... Сәдуақасов жолдас өз ұстанымында тұрақты. Кезінде ол партия конференциясында тап бүгінгі сияқты Вайнштейннің ұстанымын сынға алғаны есімізде» деп ашық айтты. Бұл – қайраткер Смағұлдың тұлғасына дәл берілген баға еді. С.Сәдуақасұлы бұған дейін А.Вайнштейннің қазақ қоғамында тапаралық күрес жария­лаған ұстанымын сынға алса, бұл жолы Ф.Голощекиннің қазақ қоғамын жадағай советтендіру бағдарламасына түбегейлі қарсы шықты. Араға екі-үш ай салып Т.Рысқұлов РСФСР үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне бекітіліп, Мәскеуге аттанады. Осы жылдың қарашасында ол РСФСР құрамындағы ұлттық республика және облыс басшыларының кеңесін өткізіп, онда орталық үкіметтің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саяси-экономикалық курсының отар­лаушылық сипатын жан-жақты сынға алынады. Бұл кеңес тарихқа ұлттық ұстанымдағылардың «Рысқұлов кеңесі» деген атпен енді. Т.Рысқұловтың қызметіне байланысты мұндай фактілер жетіп артылады. Олардың біразы оқырманға мәлім. Бұл арада ұлттың өткен жолынан сабақ алуға боларлық мына жағдайды есте сақтауымыз қажет. Т.Рысқұлов пен С.Қожанов сияқты қайталанбас ірі тұлғалардың ара-қатынасындағы кикілжің ұлт үшін пайдалы болды ма? Әрине, залалды еді. Бұл арада Алаш басшылығының репрессияға алынуын Т.Рысқұловтың баяндамасымен байланыстыру ешқандай да сын көтермейді. Оларды саяси қызметтен ығыстыру және репрессиялау, сырттарынан саяси бақылау орнату 1924 жылға дейін-ақ басталып кеткен. Алаш тұлғаларының қуғын-сүргінге алынуы олардың оппоненттерінің талабы бо­йын­ша емес, олардың советтік билікпен саяси ұстанымының үйлеспеуінен туын­дағаны анық.

Жалпы тарихымыздың күрделі кезең­дерін зерттегенде ақиқат қызыл сөзге емес, дәлелге мұқтаж.

(Жалғасы бар...)

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»