Елорданың жұмыссыз тұрғындарының қысқамерзімді курстардан өтуіне мүмкіндік мол. Жұмыс берушімен келісім арқылы тікелей сол жұмыс орнында оқып, жаңа мамандығына машықтана алады. Мұның жай-жапсарын Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар елорданың коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берген еді. Соның ішінде жастарды оқыту және өз ісін ашуды ойластырғандарға гранттар, несие беру бағдарламасына екпін қойды.
Еңбек мобильділігі орталығы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – кадр даярлау, қайта даярлау және жұмыссыздарды кәсіптік оқыту. Кәсіптік оқыту дегеннің өзі екі бағытта іске асады. Бірінші, жұмыссыз азамат оқу ұйымдарында жұмыс берушілердің сұранысымен оқудан өтуіне болады. Екінші, жұмыс берушілердің жұмыс орнында тәжірибе жинайды.
Бұл бағдарламаға қатысуды ойлаған қала тұрғындары алдымен мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Оқыту мерзімі алты айға дейін созылуы мүмкін. Бұл мезгілде жұмыс берушілердің сұрауы бойынша оқудан өтетіндер 32 681 теңге мөлшерінде шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ медициналық тексеруден өтуге 2 АЕК немесе 7 384 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі екен. Оқыту жұмыс берушінің жұмыс орнында өтсе, оған 73 840 теңге (20 АЕК) жалақы төленеді. Бағдарлама түлектері оқуды аяқтағаны туралы куәлік немесе сертификат алады. Ең бастысы, тұрақты жұмысқа орналасады.
«Мансап орталығы халықтың әлеуметтік осал тобына жеке бизнес ашуға гранттар береді. Бұл қатарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар болуы мүмкін. Өтініштер business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелу керек», деді О.Омар.
Осы мүмкіндіктен құр қалмауды ойлаған тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 3 жылдан кем болмауы керек. Гранттар 3 жылдан аспайтын мерзіммен бір рет беріледі. Үміткерден «Бастау Бизнес» оқыту туралы сертификат, құжаттарының business.enbek.kz порталында белгіленген талаптарға сәйкестігі талап етіледі. Әрі комиссияның оң шешімі болуы керек. Осылайша, тұлға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлеміндегі грантты өтеусіз және қайтарымсыз негізде алады. Биыл Астана қаласының тұрғындарына осы сома көлемінде 125 грант ұсыну жоспарланыпты.
Мансап орталығы жастарға шағын несие де береді. Бұл бағдарлама 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жұмыс істейтін жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, ісін дөңгелетсе әбден болады. Себебі олардың жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Қарыз мерзімі – 5 жылға дейін (мал шаруашылығын дамыту үшін – 7 жылға дейін). Ескеретін жайт, үміткер өтінім берген сәтте жеке кәсіпкер ретінде тіркеу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сондай-ақ кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт саналады.
Кепіл ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Мұндай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Сәті түсіп несие алып, іске кіріскендерге де өзіндік жеңілдіктер қарастырылған. Орайы келгенде жеңілдетілген несиеге өтінім қалдырарда сұралатын құжаттардың тізбегі туралы хабарлағанымыз дұрыс болар. Бұл үшін әуелі үміткердің жеке басын куәландыратын құжат, сосын жоба бойынша бизнес-жоспары қажет. Содан кейін шоттың болуы туралы қызмет көрсетуші банктен анықтама, қаржы ұйымдарынан кредиттік берешек, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы анықтамалар, үміткердің жалақысын және өзге де кірістерін растайтын құжат сұралады. Осы құжаттардың басын қосып, Аграрлық несие корпорациясына тапсырған соң, мамандар мұқият қарап, тиісті шешім шығарады.