Жоба • 09 Ақпан, 2024

«Яндекс такси» көмекке келмек

109 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заман ілгері озған сайын кез келген шаруаны зыр еткізіп тез ыңғайлаудың мүм­кіндігі арта түсті. Бұл ретте іздегенде қасыңнан табыла кетіп, аяғыңды жер­­ге тигізбей ала жөнелетін таксилерді онлайн ұс­тау­­ды да айтуға болады. Кейін­гі жылдары такси ша­қыратын мұндай смарт­фон қосымшаларын қолдану­шылардың қатары тіптен көбейді. Енді осынау игі­лікке мүгедектігі бар жандар да қол жеткізіп отыр.

«Яндекс такси» көмекке келмек

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің бастамасымен былтыр ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пай­далануға мүмкіндік беретін қанат­қақ­ты жоба басталды. 2024 жыл­дың 1 ақпанындағы дерекке сүйенсек, Астана мен Алматы қала­­ларында аталған қызмет 9,9 мың рет көрсетілді. Ал өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілгенін айта кеткен жөн.

Инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында министрлік әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдаған еді. Өйткені бұған дейін азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет болатын. Бұл оларға өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватаксиді күтуге мәжбүр ете­тін. Сондай-ақ инватакси қыз­меттерін көрсететін көлік құрал­дарының жетіспеушілігі сияқты мәселелер де болды.

Осынау келеңсіздіктерді реттеудің бір жолы – инватакси қызметіне такси агрегаторларын тарту. Мұндағы басты шарт – сапарлардың ақысынан пайыз ұстамау. Әдетте мұндай пайыз агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Осы бастамаға қолдау білдірген «Яндекс» компаниясы жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді. Сонымен былтырдан бері мүгедектігі бар азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін қолданып келеді. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таң­дауға, онлайн режімде тапсырыс мәр­тебесін қадағалауға және са­пар­ларға мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Аталған қо­сымшада мүгедектігі бар адамдар жүргі­зушіге сапардағы ерекше қажет­тіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүр­гізушілер адамды көлікке отыр­ғызу және одан түсуде қалай кө­мек көрсетуге болатыны секілді арнайы нұсқаулар алады.

Қанатқақты жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қа­тысады. Жоба 2024 жылы да жалғасып жатыр. Болашақта жаңа форматта қызмет көрсетуді мүгедектігі бар адамдардың бас­қа топтарына кеңейту және елдің барлық өңірінде қолдану жоспарланып отыр.